Кітап қатесі қашан түзеледі?
Биылғы жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданысқа енгеннен кейін ұстаз мерейі үстем болатыны сөзсіз. Бұған қатысты министрлік нақты қадам жасады. Ал бұдан бөлек білім саласында шешілмей келе жатқан мәселелер аз емес. Оның ішінде кітап қатесіне қатысты қоғамда жиі дау-дамай туындайды. Сорақысы сол, бұл мәселе әр жыл сайын ушығып бара жатқанымен оқулықтағы олқылықтар әлі де болса оңалмай тұр.
«Тарыдай болып кіріп, таудай етіп шығаратын» мектеп – білімнің ошағы. Ондағы басты тұлға – ұстаз болса, ал білім бұлағы – кітап екені даусыз. Жан-жағын енді ғана танып, мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушы табиғаттың тылсымын, қоршаған ортаның қыр-сырын сол кітаптан ұғып таниды, білімі дамиды. Ал білімге енді бас қойған оқушыны ішінде қатесі толып жатқан кітаппен оқытқанымыз оның болашағына айтарлықтай кері әсер ететіні анық. Сондықтан бұл мәселеде жүрдім-бардым қарау – ұрпаққа жасаған қиянат болады.
Жалпы оқулық дайындау бірнеше сатыдан тұрады. Оқулықтың әдістемелік жағын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаса, баспалар оқулық жазатын авторларды ұйымдастырып, министрлікке ұсынады. Министрлік авторларға келісім берсе, авторлар оқулық жазуға кіріседі. Жазылған оқулықты баспаның сарапшылары, қоғамдық сарапшылар қарап шығып, қателерді теріп ескертпе жасайды. Одан кейінгі саты – «Оқулық» орталығы. Министрлікке бағынышты бұл орталық оқулықтарды әр пән бойынша сараптайды. Орталықтан өткен оқулық министрліктің жанындағы республикалық комиссияға беріледі. Комиссия мұқият тағы да қарайды. Осыншама тексерістен өткеннен кейін кітаптың қатесі болмауы тиіс секілді. Алайда әр сыныпқа арналған кітаптан кейде әріптен қате кетіп жатса, тіпті кейде қазаққа белгілі тұлғаларға қатысты қателер жетіп артылады. Одан бөлек әр сыныптың өз қабілетінен артық берілетін тапсырмаларға қатысты да қоғамның айтар базынасы көп.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, оқулық мәселесімен бүгінде 13-ші министр айналысып келеді. Өткен жылғы тамыз конференциясында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов: «Әдейілеп оқулықтарды қарап шығып, қателіктер таптым. Біреулер мұны жаңылыс басылған немесе техникалық қате деп түсіндіреді. Қалай болғанда да, қатенің аты – қате. Қарапайым қателер. Мәселен, жауабы шешіміне сәйкес келмейтін тапсырмалар бар. Аудармада қателіктер өріп жүр. Мұндайға мүлдем жол беруге болмайды. Бұл жыл сайын қайталанып келеді. Қашанға дейін бұлай жалғаспақ?» деп ашынып айтқан болатын. Яғни осыған еліміздегі бас ұстаздан бастап әрбір адам жанашырлық танытып, жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені оқулық қатесі түзелмей, сапалы білім берудің өзі екіталай нәрсе.
Кітап мәселесі жөнінде азаматтық қоғам пікірін Мәжілісте айтып, жанашырлық танытып жүрген депутат Б.Тілеухан оқулық дайындау жүйесін, жалпы беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек екенін алға тартады. «Кеңес кезінде 10 жыл оқыдық. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Ленин 7 жыл гимназияда, Абай 4 жыл Ахмет Риза медресесінде оқыды. Ломоносов 11 жасында мектепке барды. Бұлардың ешқайсысы ешкімнен кем болған жоқ. Тоғыз жарым жасында мектепке барған Ақселеу Сейдімбектен асқан қазақта ғалым бар ма, жоқ па, біле бермеймін. Бүгінгі білім жүйесі құрдымға беттеп бара жатыр. Бұл – үлкен мәселе. Құрдымға қарай кетіп бара жатырмыз. Қай жағынан келсек те сын көтермейді. Жалпы жүйені, оқулық шығару жүйесін, мұғалім даярлау жүйесін, бәрін түбегейлі қайта қарау керек. Мына түрімізбен шегіне берсек, ұрпақ миақы болады. Біз ұрпақты азаптап, езгілеп жатырмыз. Бала азапқа ұшырап жатыр. Есепті баланың өзі емес, әке-шешесі шығара алмай отыратын білім жүйесі – барып тұрған қаскөй жүйе. Сорақылыққа жауап беретін ешкім болған жоқ. Министрлік мұны баспаға айтады, баспа мемлекеттік стандарттан көреді. Мемлекеттік стандарт оқулық орталығына сілтейді. Оқулық орталығы авторлық топқа жабады. Қысқасы, қайсының құйрығын ұстарыңды білмейсің. Ақыр соңында шоңқиясыз да қаласыз» – деп ашына сөйлеген. Расында осы төңіректе бас қосыла қалса немесе пікірталас туындаса, әркім әр жаққа сілтейді. Бірі «орталықтан кеткен қате» десе, енді бірі баспаны кінәлап шыға келеді. Осылай айтысып, тартысып жүргенде, оқушылар бәз баяғы қатесі бар кітаппен білім алуда. Ал жаңа тақырыпта қате болып, оны оқулықтан біліп, ойына тоқып алған оқушыға «Мұның қате, негізінде дұрысы мынау» деп жөндеп көр. Бірден «Кітапта осылай жазылған» деп шұқшитып көрсететіні анық. «Кітапта қате жазылған» деп айтып көріңіз... Екі ортада баланы «дүбара» етеміз.
Оқулықты дұрыстау жөнінде министр ең алдымен сараптама жүргізу процесін жақсарту керектігін айтады. Бұл ретте сарапшылар тұрақты түрде оқулықпен жұмыс істей алатын арнайы платформа ашуды ұсынды. Осы орайда сарапшылар мен пәндік комиссия құрамына енетін сарапшыларды мәліметтер базасынан жасырын әдіспен таңдап алу керектігін атап өтті. Сондай-ақ мықты мұғалімнің бәрі бірдей жақсы сарапшы бола алмайтынын айтқан ведомоство басшысы комиссия құрамына іріктелген педагогтарды және оқулықтардың авторларын арнайы курстан өткізу қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек баспаларға қатысты жұмыстарға нақты қадамдар жасау керектігін де қозғады. «Электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесі бақыланып, әр ескертуге нақты жауап берілуі тиіс. Оқулықтарда қате жіберілген жағдайда баспа өз қаражатына оқулықтарды алмастырады. Ал қателерді жөндемеген жағдайда баспаға белгілі бір санкциялар қолданылады», – деді министр. Бұл оқулық қатесін жөндеуге қатысты жасалып жатқан жұмыстар. Осындай қолға алынған істен соң өзгеріс болады ма, әлде «Баяғы жартас, сол жартас» болады ма, оны алдағы уақытта көретін боламыз.
Асылында әр баланың өз жасына сай білім үйретіп, оқулық олқылығы оңалғанда бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіп шығады. Ал қате түзелмесе, халық қалаулысы айтқандай, ұрпақ миақы болады. Әсте, оған жол бермеу керек.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ