Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі
Жаңа жыл білім саласының мамандары үшін ерекше қуанышпен басталды. Олай дейтініміз, 2020 жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданысқа енгізілді. енді мұғалім мәртебесі артып, талап та күшейетін болады.
Бұл заңның мақұлдануына қоғамдағы ұстаздарға деген құрметтің төмендеуі әсер етті. Содан болса керек заң жобасында мұғалімнің құқықтарына қатысты бірнеше норма қарастырылған. Жалпы 19 баптан тұратын заң негізгі төрт бағытты қамтиды. Бірінші бағыт ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайтуға қатысты.
– Заң жобасындағы бірінші бағытта педагогтердің құқықтары бойынша 10 жаңа позиция қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің функциясына кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексерулерге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар да көзделген. Бұл – шынында да бүгінгі таңдағы өте өзекті проблема. Жуырдағы халықаралық TALIS зерттеулерінің көрсеткіштерін көріп отырмыз. Сол зерттеулерге байланысты жалпы ТМД, ЕҚЫҰ мүше мемлекеттермен салыстырғанда біздің әріптестеріміздің жүктемесі өте көп. Мысалы, ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерде 38 сағат болса, бізде – 48,8 сағат. Сондықтан бұл норма өте маңызды, – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Екінші бағытта мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілген. Құжатқа сәйкес, мұғалім ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылуда. Педагогикалық қызметке жіберілмейтін себептер де кеңейтіліп отыр. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілмек.
Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері көзделген. Атап айтқанда, мұғалімдердің балаларына балабақшаларда бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылған. Одан бөлек педагогикалық қызметтегі үздік еңбегі үшін педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты беріледі. Әскери қызметті кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге үстеме жалақы, денсаулық сақтау, үздік педагог, ЖОО-ның үздік оқытушысы сияқты барлық әлеуметтік кепілдіктер де осы заңда сақталған.
Ал төртінші бағыт – материалдық ынталандыру. Бұл бойынша барлық педагог қызметкерлер алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды.
– Мемлекет басшысының Тамыз конферен-циясындағы тапсырмасына сәйкес, алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Бұл биылдан бастап еңбекақы 25%-ке көбейетінін білдіреді. Әрине осы мәселе бойынша педагогтердің ішінде біраз күдік те бар. «Жалақыны көтергенде базалық лауазымдық жалақыны алып, соны ғана көтере салады екен» деген сияқты ойлар айтылуда. Сондықтан бұл мәселе Президенттің бізге берген тапсырмасының аясында жалпы мұғалімнің жалақысына қатысты болады деп айтқым келеді және қаңтар айынан бастап бұл жұмыс жүргізіледі, – деді министр.
Сондай-ақ құжатқа сәйкес сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін педагогтерге 2 есе мөлшерде қосымша ақы төлеу көзделген. Бұл норма еліміз бойынша 182 мың сынып жетекшісіне және дәптер тексергені үшін үстемақы алатын 165 мың ұстазға қатысты. Сонымен қатар тәлімгерлік үшін педагогтерге жыл бойы 17 мың теңге қосымша ақы беру де ұсынылған. Ал магистр атағы бар педагог мектепке келіп жұмыс істейтін болса, оларға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделіп отыр.
Жалпы заң жобасының аты айтып тұрғандай мұнда ұстаздың мәртебесін көтеруге нақты шаралар қабылданған. Енді мұғалімдер өздерінің міндет, құқықтарынан бөлек артық жұмыстарға тартылмайды. Сонымен қатар қағазбастылықтан арылып, бей-берекет тексерістерден де құтылмақ. Тиісінше, біліктілігін арттырып, оқушыларға сапалы білім беруде талап күшейеді. Бұл ретте өз біліктілігін дәлелдеген ұстаз құрметке ие болып, мерейлі марапатқа ұсынылады, еңбекақысы да көбейеді.
Ескерте кететін жәйт, аталған заңның 10-бабы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ердос Беркінбаев