Қоғалыкөлдік оқушылардың жетістігі
Аудандық мәслихат депутаты Сламбек Қаюпов басқаратын Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектеп ұлағатты ұстаздар мен озат оқушылардың құтханасы. Білім ордасынан елімізге белгілі көптеген түлектер түлеп ұшты. Олардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес.
Жақында облыстық білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңі өткізілді. Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебінің базасында ұйымдастырылған білім бәсекесіне қоғалыкөлдік оқушылар да қатысты. Ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін арқалап барған озат оқушылар республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлделі орындарға ие болды. Бұл ізденістің, қажырлы еңбектің жемісі екені анық.
Айта кету керек, республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша №44 орта мектебінің оқушысы Айдана Жалғас (жетекшісі Айнұр Талпақова) ІІІ орынды иемденді. Сонымен бірге биология пәні бойынша Арайлым Кенжебекқызы (жетекшісі Салтанат Ахметова) ІІІ орынға лайықты деп танылды. Оқушыларға диплом және медаль берілді.
– Мектебіміздің оқушылары аудандық, облыстық, республикалық білім байқауларында топ жарып келеді. Олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сабақтан тыс уақытта қосымша білімімді жетілдіремін деген оқушыларға ұстаздар үйретуден жалыққан емес. Шәкірттеріміздің алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенеміз, – дейді орта мектептің тәлімгері Самал Қоңырбаева.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ