Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық сайыстан жүлделі оралды

Облыстық сайыстан жүлделі оралды

Жылт еткен жаңалық болса, аудандық газет уақытылы ақпараттандыруды жақсы жолға қойғанын оқырман қауым біледі. Сондықтан жас та, жасамыс та қандай да бір игі жаңалықты естісе және оны өзгелер де білсін десе, аудандық басылымды хабардар етуге асығып тұрады. Бүгін де сол үрдіспен аудан оқушыларының жетістігі жөніндегі жаңалықты оқырман қауымға ұсынбақпыз.
Қызылорда қаласында мектеп оқушылары арасында «Бала би» облыстық шешендік өнер сайысы өтті. «Дана билер – дүлділім, сақтаған ел бірлігін» тақырыбында ұйымдастырылған сайысқа от ауызды, орақ тілді сырдариялық оқушылар да қатысты.
Талапты жастардың талантын шыңдап, ата-баба дәстүрін насихаттауды мақсат еткен сайыс бес кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде оқушылар өздерінің шыққан тегі мен өскен ортасын, білім алатын мектебін таныстырса, екінші кезеңде елге пана, жерге қорған болған атақты үш бидің даналық сөздерінен үзінді оқыды. Ал үшінші кезеңде қатысушылар нақыл сөздердің авторын тауып, шешендік өнер бойынша жинаған білімдерінің қай деңгейде екенін көрсетті. Төртінші кезеңде атақты үш бидің даулы мәселелерге байланысты оқиғаларынан үзінді оқылып, оқушылар қара қылды қақ жарып, турасын айтқан билердің шешімі негізінде оқиғаны жалғастырды. Сайыстың соңғы кезеңінде талапкерлер Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған өлеңдерін оқыды. Осылайша сайыс жоғары деңгейде өтіп, қазылар алқасының шешімімен жүлделі орын иеленген жеңімпаздар анықталды.
Бес кезеңде де білімділік танытқан сыр­дариялық оқушылардан құралған «Дарабоз» тобы облыстық сайыста 50 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінің және Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің оқушыларынан жасақ­тал­ған «Дарабоз» тобын сайысқа мектеп тәлімгер­лері Ақжарқын Есназарова мен Ләйлә Қалыбай дайындаған. Айта кету керек, ауданның білім беру саласында қажырлы еңбек етіп келе жат­қан аталған ұстаздар оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, тәрбие мен тәлім негіздерін үйретуде. Міне, сол еңбектің өтеуі қайтып, №137 орта мектебінің оқушылары Ермек Орынбасар мен Байжан Әбдіров және №126 орта мектеп оқушысы Жанәділ Хамитов облыстық сайыстан олжалы оралып отыр. Лайым болашағынан зор үміт күттіретін оқушылардың оқырман қауымнан сүйінші сұрарлық жетістігі көп болсын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

29 қазан 2019 ж. 1 156 0