Ұлттық ойын төңірегінде
– Рақмет!
– Ұлттық ойынға қалай келдіңіз? Алдымен әңгімені содан бастасақ?..
– Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім, үлкен ағаларым, әпкелерім спорттық ойындарға бейім болды, Мен де сол бауырларыма қарап спортқа жақын болып өстім. Мектепте оқып жүргенде спорттың барлық түрімен шұғылданып үлгердім. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресі бөлімшесінде Ақылбек Нұрахатов ағай да дзюдомен шұғылданып, көптеген облыстық, республикалық жарыстарда топ жардым. Дзюдодан ҚазССР спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болдым.
1984 жылы ол кезде 8 жылдық №210 мектепте оқып жүргенімде ең алғаш тоғызқұмалақ әліппесін үйреткен ұстазым, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахытжан Оспанұлы Әбілпаттаев еді. Біз мектеп қабырғасында жүргенде көктемгі демалыс кезінде Бахытжан ағай оқушылар арасында болатын республикалық жарысқа апаратын. Сол жарыстарда тоғызқұмалақ ойынының негізін қалаушылар Әбілда Ақшораев, Серікбай Тілеубаев сынды үлкен ағайлардан тәлім-тәрбие ала бастадым. 1987 жылы орта мектепті бітіріп, Ресейдің Пенза қаласында жоғарғы оқу орнына түстім, ол жақта да дзюдодан Ресейдегі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге кол жеткіздім. Бірақ отбасылық жағдаймен 1988 жылы ауылға қайта оралып, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне дзюдо күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа қабылдандым.
Спорт мектебіндегі барлық жаттықтырушылардың ұлттық ойынға ынтасы ерекше болатын. Күнделікті жұмыс аяғында жаттықтырушылар арасында жарыс өткізу үрдіске айналды. Соның нәтижесінде барлық жаттықтырушылар К.Иноятов, П.Абдулпаттаев, С.Қобландин, Б.Рысмаханов, Р.Кенжеғұлов, К.Қарашаев, Б.Ахметов ағайлармен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, Тереңөзек тоғызқұмалақшылары топ жаратынбыз. Осылайша ұлттық ойынға бірыңғай бет бұрдым.
– Айрықша есте қалған жеңісіңіз есіңізде ме?
– Әрине, оны ұмытуға болмайды. Шыдамдылық пен қыруар еңбек, ұлттық ойынға деген шексіз махаббат пен ынта-жігер арқасында 1990 жылы Орта Азия және Қазақстан фестивалінде топ жарып, спорт шебері атағы нормасын орындадым. Осы жеңісім айрықша есте қалды. Өйткені жеңіспен қоса «Қазақ ССР спорт шебері» атағына республика бойынша екінші, ал Қызылорда облысы бойынша бірінші болып қол жеткіздім. Осыдан кейін де әртүрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрдім, Қазақстанның 4 дүркін, Қырғызстаның 5 дүркін чемпионы атандым, көптеген халықаралық жарыстарды бағындырдым.
– Бұл жеңісіңіз сіздің биік белестерді бағындыруыңызға әсер еткен болар?
– Әлбетте. 1991 жылы оқуымды жалғастыру мақсатында Алматы қаласына ауысып, оқумен қоса тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып жұмыс істедім.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министірлігіне ұлттық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалдым. 1999 жылы елімізде әйелдер арасында тұңғыш болып тоғызқұмалақтан «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болдым.
2006 жылдан бастап тоғызқұмалақтан Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы болып жұмыс жасаймын. 2008 жылы «Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілді.
– Тоғызқұмалақ спортының елімізде даму қарқыны туралы айтсаңыз?
– Қазіргі таңда тоғызқұмалаққа ден қойғандардың басым бөлігі – жастар. Ресми деректер бойынша, 190 мыңнан астам мектеп жасындағы бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Егер осыдан 5-7 жыл бұрын тоғызқұмалақ көбіне тек оңтүстік өңірлерде жақсы дамыды десек, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірінде тоғызқұмалақ қанатын кеңінен жайып келеді. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары көш басында келе жатыр.
– Төл ойнымыздың халықаралық деңгейдегі дамуы, өзге елдердің тоғызқұмалаққа деген көзқарасын білсек деген көкейде сұрақ тұр.
– Соңғы кездері төл ойынымыздың тамыры тереңге тартып, елімізде ғана емес, өзге елдерде де дами бастады. 2006 жылы тоғызқұмалақ ойыны Лондондағы зияткерлік ойындар бағдарламасына, 2008 жылы Чехиядағы дүниежүзілік зияткерлік ойындар бағдарламасына енгізілді. 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, президент болып қоғам қайраткері Әлихан Байменов сайланды. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастыруымен 5 Әлем чемпионаты, 5 Азия чемпионаты, 4 Еуропа чемпионаттарында тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц түрлерінен жарыстар өткізіледі.
Тоғызқұмалақтың жеке тұлға бойындағы ойшылдық, есептегіштік қасиеттері мен қиял байлығын арттыруы, жеке өнер туындысы ретіндегі эстетикалық қырлары, өзіндік төлтума мәдениет ерекшеліктері шетел азаматтарын барынша қызықтырады. Көшпенділердің зияткерлік спортын үйренгісі келген көптеген тұлғалар Әлем, Азия, Еуропа чемпионаттарына қатысып, бай тәжірибе жинауда. Бұл чемпионаттарға қатысып олар да өзіндік болмысын биіктетсе, тоғызқұмалақтың да әлемде танымалдылығы арта түседі.
Бүгінгі таңда тоғызқұмалақтан Моңғолия, Қытай, Ресей, Чехия елдерінде мектеп оқушыларының қатысуымен ұлттық біріншіліктер өткізу қолға алына бастаған. Сол сияқты тоғызқұмалақтан Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Колумбия, Антигуа және Барбуда елдерінде зияткерлік ойындар фестивалінің бағдарламасында халықаралық жарыстар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Шетелдерден тоғызқұмалақтың ойын тақталары мен оқулықтарына сұраныстар көбейіп отыр. Қытай мемлекетінде тақта шығарылып, жергілікті сұранысты толық қамтып отыр, ал түрік бауырларымыз тоғызқұмалақ тақтасын өз елдерінде шығаруды ойластыру үстінде. Бұл да – тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі беделінің көтерілуі мен бұқаралық сипатының артуының көрсеткіші болса керек.
– Біздің ұлттық ойынымыз ғаламторда даму үстінде деп естиміз. Осының жай-жапсарына тоқталсаңыз.
– Канадалық Арти Сандлер, германиялық Ральф Геринг және қазақстандық Серік Ақтаевтың бастамасымен 2009 жылы әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ ойыны алғаш тіркеліп, оны www.iggamecenter.com сайтында онлайн жүйеде ойнайтын бағдарлама жасалынды. Қазір осы әлемдік ойын порталында тоғызқұмалақ танымал 145 ойынның арасында бірінші орында. Сонымен бірге тоғызқұмалақтан қазақ, чех, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде сайттар ашылды. Ал 2010 жылы бағдарламашы Ернар Шамбаев спорт шеберлері Серік Ақтаев, Диана Кенинамен бірігіп, тоғызқұмалақтың Қазақстандағы жетілген компьютерлік бағдарламасын дайындады. 2017 жылы Ернар Шамбаев ұялы телефондарға арналған бағдарламаны қолданысқа жасап шығарды.
Чехияның Пардубице қаласында өтетін жыл сайынғы зияткерлік ойындар олимпиадасындағы тоғызқұмалақтан компьютерлік бағдарламалардың халықаралық жарысы қазіргі кезде басқа ел спортшыларын да қызықтырып отыр. Осы бәсекеге Камерун, Чехия, Қырғызстан бағдарламашылары өз туындыларын әкеліп, қатыстырды.
– Тоғызқұлақтан Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғап жүрген шәкірттеріңіз жөнінде айтып өтсеңіз?
– Қазақстан құрама командасы сапында жоғары жетістіктерге жеткен көптеген шәкірттерім бар. Атап айтатын болсақ, команда үздіктері 9 дүркін әлем чемпионы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Әсел Далиева, 4 дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Ғалымжан Темірбаев, 3 дүркін әлем чемпионы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Хакімжан Елеусінов, 3 дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Серік Ақтаев, 2 дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Диана Кенина, 2 дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрбек Қабиев, 2 дүркін әлем чемпионы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Лина Каримова, әлем чемпиондары Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Салтанат Сапарбекова, Гүлжанат Алдабергенова, Қымбат Нөсерова сынды үздіктер бар. Әрине команда үздіктеріне қарап бой түзеп келе жатқан жас талантты спортшылар да бар. Атап айтсақ, Қазақстан чемпионы атанып жүрген, әлем чемпионаттарында күміс, қола жүлделерді бағындырған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Бексұлтан Бостандықов, Ақерке Кенжебекова, Саят Жандарбек, Аружан Абдыханова, Гульнара Базаралиева, Аманбек Өндірбаев, Азия чемпиондары Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Жанат Каймульдин, Жарасхан Сағымбаев, Медет Хусаинов, Роза Раимбекова сынды спортшыларға да болашақта үлкен үміт артып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбатты жүргізген
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі