ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТУРНИРІ
Аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, сондай-ақ №11 аудандық олимпиадалық резервтік мамандандырылған жасөспірімдер мектебінің ұйымдастыруымен 5 мамыр күні орталық жабық спорт кешенінде “Сырдария ауданның Құрметті азаматы”, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері Тұрғанбай Болғанбайұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасында облыстық жекелей біріншілік жалауын көтерді.
Ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан облыстық біріншіліктің салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, спорт ардагері М.Елеусінов, Тұрекеңнің жиені Болат Жұмабаев құттықтау тілектерін білдірді.
Біріншіліктің бас төрешісі, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Б.Елеусінов Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарынан келген 150-ден астам турнирге қатысушыларға ойын ережесін түсіндіріп, оны бастауға пәрмен берді. Турнирдің мақсаты – спорт жас талғамайды дегендей 70 жастан асқанда ҚР спорт шебері болған Тұрғанбай Болғанбайұлының энтузиазмын жас ұрпақ бойына сіңіру және алдағы республикалық жарысқа баратын облыс құрамасын осы біріншіліктің нәтижесімен анықтау болып табылады.
Сырдариялық жас ҚР спорт шеберлері Дамир Ахметов пен Нұрай Мектепхан осы облыстық біріншіліктен тыс республикалық жарысқа жолдама алды. Аталмыш турнир 10 мамырға дейін жалғасатын болады.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ