Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз бала бақытты болуға лайық­ты

Қыз бала бақытты болуға лайық­ты

Жақында облыстық «Ұрпақтан ұр­­пақ­қа» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен «Дабыл қаға­мыз... Қыз бала бақытты болуға лайық­ты! Жасөспірім қыздар ара­сын­­дағы әлімжеттікті түбегейлі жою жолдары» тақырыбында сем­и­нар-­тренинг өтті.
Семинарға Nur Otan партиясы аудандық фил­иал өкілдері, мұғалімдер мен мектеп инспекторлары, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Алдымен сөз алған бірлестік менеджері Г.Божанова семинар-тренингтің тақырыбына тоқталып, жасөспірім қыздар арасындағы әлімжеттік туралы хабарлама жасады.
– Қазақстан Республикасы Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарына Конституция кепілдік береді делінген. Адамды әлеуметтік жіктеуге, әлеуметтік тобына, ұлтына, жынысына, дініне қарап бөлуге және кемсітуге болмайды, – деді Г.Божанова. Содан соң қыздар арасындағы әлімжеттікті неден байқауға болады деген сауалға бірнеше жауаптың бар екендігін атады. – Олар: қабілеті бар оқушының «жұлдызға» айналуы, керісінше қабілеті төмен оқушыны төмендету, қыздардың бір сыныпта оқып, бірнеше топқа бөлінуі, яғни жақсы оқитындар, әдемі киінетіндер, момын қыздар және сол сияқты. Ал осы кемшіліктердің барлығының пайда болу себебін маман мұғалімдердің оқушыны даралағаннан, үйде ата-ананың баласын тым еркелетіп жібергеннен деп түсіндіреді. Ең қауіптісі – әлімжеттік баланың ынжыққа ай­нал­у­ына, өз-өзіне көңілі толмауға, өз болашағын дұрыс қалыптастырмауға әкеледі. Сондықтан бұл мәселемен күресу үшін халқымызға тән қасиет – сөзге тоқтау, түсіндіру, көзін жеткізу секілді әрекетке бару ұсынылады. Мектеп мұғалімдері әлжуаз, әлеуметтік шеттетілген оқушының жеке қабілетін ашуға көмекке асығуы тиіс, – дейді тәжірибелі педагог.
Семинар жұмысын ардагер-ұстаз А.Нұртаева өзінің «Қыз – қызғалдақ, ана – алтын діңгек» тақырыбындағы хабарламасымен жалғастырды. Отбасы құндылығы, ана мен қыз бала арасындағы қарым-қатынас әлімжеттіктің алдын алатын бірден-бір әрекет екенін айтты.
Сонымен қатар қыз бала тәрбиесі, суицид, әлімжеттік салдары, әлеуметтік жіктелуден туын­дайтын шиеліністер, қыздар арасында өзара сыйластықты қалыптастыру жолдары туралы білікті педагогтар өз пікірлерімен бөлісті.
Семинар қорытындысында аудан мектептерінде қыздар тәрбиесі мақсатында құрылған клуб жұмысын жандандыру, ата-аналар комитетінің рөлін күшейту, т.б. шараларды атқару қажеттілігі айтылды. Бұл өз ретінде қыздар арасындағы әлімжеттікті жоюға әкелетін қадамдар.

Бибісара ЖАНӘЛІ
24 желтоқсан 2019 ж. 801 0