ЖАС ШАХМАТШЫЛАР ЖЕҢІСІ
Шіркейлілік жасөспірім шахматшылар тақта үстіндегі текетіресте облыс, республика біріншіліктерінде аудан намысын қорғап олжа салуда. Үсен Маханбетов шәкірттері ойлы ойын өрнегімен спорт сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Жақында жаңа облыс орталығы болып жатқан шаhарда «Түркістан OPEN – 2018» халықаралық ашық біріншілік өткізілді. Бұл дүбірлі жарысқа Түркия, Ресей тәрізді шетелдермен қатар еліміздің көптеген қалаларынан барлығы 180 жасөспірім гроссмейстерлер қатысты. Ең кіші топ 5 жасар бүлдіршіндер арасында екі топтан (әр топта 16 баладан) суырылып шыққан Байдәулет Сайлаубек шахматтың классикалық түрінен жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп, ауданның, Шіркейлінің мерейін үстем етті. Сондай-ақ Қостанай қаласында өткізілген Қазақстан Республикасы кубогінің ІІ кезеңіне қатысқан облыстық құраманың мүшесі Айнель Жұмаділдәқызы үздік өнер көрсетті. Ол 10 жасар қыздар арасында жекелей сайыста үшінші орын алса, топтық ойында екінші жүлдеге ие болды. Шахматтан облыс құрамасының сапында өнер көрсететін Нұрислам Кеңесов республикалық, облыстық жарыстарда үздік нәтижеге жетіп жүр. Жасөспірім гроссмейстер облысқа белгілі шахматшы Аралбай Маханбетовты еске алуға арналған ҚР кубогінің бірінші кезеңінде үшінші орынды жеңіп алса, ҰОС ардагері Кенже Жүсіпов атындағы облыстық турнирде 10 жасар ұлдар арасында чемпион атанды. Осы жарыста шіркейлілік Қуандық Кеңесов 12 жасар ұлдар арасында екінші орынды Инабат Ахметқызы 10 жасар қыздар арасында үшінші орынды еншіледі.
– Жасөспірім шахматшылардың жеңісі ауданның 90 жылдығына арналады. Біз осылайша аудан намысын қорғап, оның атын асқақтатуды мақсат тұттық, – дейді бапкер Ү.Маханбетов.
Біз жас шахматшыларға толағай табыстар тілейміз.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
Пікір 2