Конференцияда қандай мәселе көтерілді?
Аудан әкімдігінде «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының кезектен тыс XХVIIІ конференциясы өтті. Оған аудан әкімі Р.Рүстемов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарова, «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Е.Меңлібаев, аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдарының төрағалары, «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Кезектен тыс конференцияны ашып, жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарова жиналыстың күн тәртібіне ұсынылған мәселелермен таныстырды. Сонымен бірге жаңғырудың жаңа жолына түскен жетекші партияның алдағы мақсат-міндеттері жөнінде хабарлама жасады.
– Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев біздің алдымызға еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер қойды. Қазіргі таңда айқындалған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында кешенді жоспарлар құрылып, бекітілді. Ендігі мақсат – еліміз үшін маңызды жұмыстарға партияның барлық мүшелерінің қатысуына жағдай жасау. Яғни, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіруіміз, жандандыруымыз керек. Партияға мүше болуға лайықты емес азаматтарды партия қатарынан шығарып, орнына креативті идеялары мол, жан-жақты, белсенді азаматтарды тартуымыз қажет, – деген А.Әлназарова ел дамуының барлық саласында партиялық жобалар уақытылы, сапалы жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ашықтық пен қолжетімділік қағидаты негізінде барлық жұмыстарды партиялық қадағалауға алудың маңыздылығына назар аударды.
Жиын барысында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша конференция делегаттарының дауыс беруі негізінде «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы сайланды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақовтың ұсынысымен және партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің келісімімен «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы лауазымына аудан әкімі Руслан Рүстемовтің кандидатурасы ұсынылып, сайланды.
Мұнан кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып, аудандық филиалдың, партиялық бақылау комиссияның және аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының есепті мерзімде атқарған жұмыстары тыңдалды. Бұл мәселелер бойынша аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, партиялық бақылау жұмысы жөніндегі аудандық комиссия жетекшісі М.Омаров, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ж.Ембергенов хабарлама жасады.
Депутаттық фракция жұмысының сапасы, фракция мүшелерінің сайлаушылармен бекітілген кесте негізінде уақытылы кездесуі, депутаттардың белсенді жұмыс жасауы жөнінде облыстық партия филиалының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің кеңесшісі М.Қасымова қосымша хабарлама жасады. Конференция қорытындысында партия пәрменін арттыру бағытында тиісті тапсырмалар берілді.
А.ИБРАГИМҰЛЫ