Бағбан

Қызылордаға әрі-бері қатынағанда №8 разъезд тұсында бағбанның бау-бақшасына еріксіз көзің түседі. Үйінің алдында кесе-көлденең жатқан бір қылау жоқ. Мұнтаздай тап-таза. Ар жағында бағы жайқалып тұр.
– Он төрт жасымнан бастап анамның қасиетті қара кетпенін ұстадым. Колхоз жұмысындағы анам сырқаттанып қалған соң сегізінші сыныптың бас кезінде мұқтаждықтан оқуды тастап, 1956 жылы жұмысқа шықтым. Әкем соғысқа аттанып, Ленинград майданында хабарсыз кетті. Ауылда ағам Пәрден екеуміз анама қолғабыс етіп, өзіміз туып-өскен Майлықұм колхозында күріш, бидай ектік. Бригадир Қайранбай Сманов, мұрап Жүсіпқожа Әлиев бізге өздерінің тәжірибесін үйретті, – дейді Қ.Әлібеков. Кейін Қалыбек қария ауданның құрылыс саласында жұмыс жасап, ағаш кесуші болған. Зайыбы Вафзия аудандық май зауытында 27 жыл лаборант, шебер қызметін атқарған. Ерлі-зайыптылар 4 ұл тәрбиелеп өсірді.
Қоғамдық формация өзгеріп, елімізге нарықтық қатынастар енген алғашқы қиын жылдарда Қалыбек Әлібеков жұмыстан қысқарып қалады. Сөйтіп қасиетті қара кетпенін қайта қолға алған. 4 ұлымен бірге өзінің туып-өскен жері бұрынғы Майлықұм, қазіргі №8 разъезд аумағынан 1 гектарға жуық жер алып, алғашында картоп, көкөніс ексе, кейін түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Қарықтары түп-түзу. Бүгінгі таңда бағбанның бағында 400 түп түрлі жеміс ағашы бар. Оларға қысы-жазы күтім жасайды.
– Өзім құрылысшы болған соң, балаларыммен бірігіп осында жаңа үй салып алдым. Үш жылдан бері жаңа қоныста тұрамын. Балалардың барлығы да үйлі-жайлы. Тереңөзекте тұрады. Мұнда кемпірім екеуміз ғана. Жаздай күнге күйіп, еңбек еткен соң ауру-сырқау жоламайды. Бұл біз үшін демалыс аймағы, – дейді Қ.Әлібеков.
Бағбан бау-бақшадан бөлек қорасында ешкі, қоян, құс ұстайды. Өзімен қатар ұлдарының отбасын да азық-түлікпен, қыстық көкөніс-өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Ала жаздай немерелері де қарттарға көмек береді. Кәсіптен нәсіп тауып отырған Әлібековтер әулеті азық-түлікті сатып алмайды. Бәрін өздері дайындайды.
«Әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы болады. Әңгіме сүйген істен сүйінші табуда ғой» деп мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев айтқандай, Қалыбек аға бағбандықтан сүйінші тауып жүрген жан.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ