Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуағымсың сен!

Шуағымсың сен!

Кез келген жанның тәрбиесі, бойындағы мінезі, жан дүниесінің сұлулығы ана сүтімен дарып, әлпештеп өсірген алақаны арқылы беріледі. Ана – қасиетті де қастерлі ұғым. Әрбір адам үшін өмірінде анасының алатын орны тым ерекше. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен, аса үлкен сый құрметке лайықты жан.
Перзенті үшін әр уақытта махаббатын аямаған, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріп келе жатқан ардақты аналарымыз. Ана – ол бауыр еті баласын тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында сақтап, шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап бауырына басатын, өмірінің соңына дейін қамқорлығын көрсететін, әрбір жеткен жетістігіне шын көңілімен қуанатын, кей уақытта жасаған қателіктерін кешіре білетін, аса мейірімді, жүрегі кең жан. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» демекші, ананы үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ана алдындағы борышыңды өтей алмайсың. Үйіміздің берекесі болып, жан-жағына мейірімділігін, шуағын шашатын ол да ана.
Бәріміздің анамыз өз баласын жан-тәнімен сүйіп жақсы көреді. Мені де анам өте қатты жақсы көреді. Анамның есімі – Гүлмира. Атына заты сай жайқалған гүлді әлем десем де болады. Менің анашым – өте мейірімді, қамқор, ақ көңіл, жанашыр жан. Адам баласына тән барлық жақсы қасиет менің анамның бойынан табылады. Мен аяулы анашымның арқасында түрлі дәмді тағамдар жасауды үйрендім. Бос уақытымда үнемі анамның қасынан табылып, анама үй шаруасына көмектесемін, анаммен бірге дәмді тағамдар әзірлейміз. Анам үйде болғанда үйіміз тек қуанышқа, шаттыққа толы болады. Ол бізге әр уақытта нұрын шашып жүреді. Менің жәннатым – анашым. Ол тек біреу ғана.
Сондықтан анамызды бағалап, махаббатына лайық үмітін ақтап, үлгілі азамат болайық. Ана мен бала бір-бірі үшін жаралған жандар. Сол себепті, анамыздың жанарынан еш уақытта жас төккізбей, мұң болса, қуанышқа айналдырып, жабырқаса жұбатып, әрдайым жанынан табыла білейік!

Балнұр ТӘЖІХАНОВА,
№35 Иса Тоқтыбаев
атындағы мектеп-лицейдің
6-сынып оқушысы
09 сәуір 2019 ж. 1 951 0