Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарты бар үй – қазына

Қарты бар үй – қазына

Үлкенді сыйлау – халықтың өнегелі қасиетінің бірі. «Аталы сөз – баталы сөз», «Халықтың қартын сыйлауы – елінің салтын сыйлауы» деп бекерге айтылмаған.
Ақиық ақын Асқар ауылында 80 және 70 жасқа толған қарттарға құр­мет көрсетілді. Ауыл әкімдігінің қолдауымен, шаруашылықтың демеу­­­­­ші­лігімен, ауылдық клуб үйінің ұйым­дастыруымен өткізілген «Жақсылыққа жаралған жүректер» атты игі шарада мәдениет ошағы адамға толы болды. Ауылдық клуб жанындағы «Айтұмар» би тобының «Қазақ» биін орындауымен сахна шымылдығы түрілді. Қазақтың қарттары аузы дуалы, сөзі берекелі, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне осындай теңеуге лайық ардагерлер Асқар ауылында да баршылық. Олардың әрқайсысы ауылдың өсіп өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен жандар.
Игі шараға арналған кешті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров, «А.Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС директоры М.Есжанов құттықтау сөз­бен ашып, әрбір мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мұ­нан соң марапаттау рәсіміне кезек берілді. Бірінші болып сахнаға биыл сексен жасқа толған ауылдың зиялы қариясы Қарашаш Есенова көтерілді. Өнегелі өмір иесі Ақтөбеден мәдени-ағарту училищесін біргеннен кейін аудандық, ауылдық кітапханада қырық жыл еңбек етті. «В.И.Лениннің 100 жылдығы» ме­рекелік медалімен, көпжылғы же­місті еңбегі үшін ССР Жоғарғы Совет Президиумының «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қазақтың көрнекті ақыны Асқар ауылынан талай білімді азаматтар шыққан. Олардың барлығы да осы Қарашаш Есенова еңбек еткен кітапханадан кітап алып оқып, болашағына негіз қалаған.
Биыл жетпіс жастың желкенін керіп отырған абыройлы азаматтың бірі – Серікбай Қошқаров. Ол саналы ғұмырын механизатор мамандығына арнады. 1973 жылы өз кәсібінің озаты болғандықтан «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Төрт мәрте Бүкілодақтық Халықшаруашылығы көр­месінің қола медаліне ие болды.
Келесі мерейтой иесі қырық жыл балалар жанының бағбаны болған Камал Бисариева апамыз. Ол 1969 жылы аудан орталығындағы №1 балабақшада еңбек жолын бастап, 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққан 2010 жылға дейін ауылдағы «Балауса» балабақшасында қызмет етті. Жоғары білімді Камал Айыпқызы ширек ғасыр ауылдық балабақ­шаның меңгерушісі болды. ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Қырық жылдың бедерінде ауыл балаларына орыс тілін үйретіп, дәріс берген Дана Омарова нағыз ұлағатты ұстаз. Білікті мұғалімнің тә­лім-тәрбиесін алған талай талапты шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде беделді қызмет атқарып жүр. Ұлағатты ұстаздың көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, ол ҚР Білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық «Ұстаздар әулеті» бай­қауынан екінші орын алды.
Мерейтой иесі Нұрғазы Жұмабаев механизаторлар әулетінің басшысы. Інілері мен балалары әке жолын қуды. Ұлы Бауыржан кезінде шаруашылық басқарса, бүгінде жеке шаруа қожалығының төрағасы.
Қырық жылдан астам уақыт ауыл мектебінде ұстаз болып, жас ұрпаққа үлгілі тәрбие берген абзал жандардың бірі – Болатбек Қайранбаев. Алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс бе­ріп, шәкіртерінің денсаулығы мықты, төзімді болып қалыптасуына еңбек сіңірді. Ол «Қазақстан Қарулы күш­терінің 10 жылдығы» мерекелік ме­далімен марапатталған.
Елге, халыққа қызмет етіп, ұр­пақ өсірген, соның жемісін көру – ар­манға жету бір бақыт. Қожабай Мұсаұлы, Төлепберген Нұрмағанбетов, Диқанбай Маханов, Шаймахан Асанов ағаларымыз техника тілін шебер меңгеріп, еңбектен бақытын тапқан жандар. Игі шара барысында сөз алған ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Злиха Сыздықова мерейтойлары ауыл көлемінде аталып өтілген абзал жандарға игі тілегін білдірді. Балдай тәтті немерелер ата-әжелеріне арнап әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі.
«Арманымыз да, міндетіміз де ардагерлерге құрмет жасау» деп шар­уашылық басшысы Меңдіғали Есжанов айтқандай, іс шарада ауыл халқы қарттарға құрмет көрсетті.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

26 қараша 2019 ж. 1 000 0