Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ымыраға келудің әділ жолы

Ымыраға келудің әділ жолы

Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы заң саласы­ның тәжірибесінде медиация дауларды реттейтін баламалы механизм ретінде үшінші бейтараптық позицияны ұстанып, дауласушылардың өзара еркін ымыраға келуі үшін барлық жағдайды жасайды және осының негізінде әділ шешім салтанат құрады. Медиация үдерісінде медиатордың өзін бейтарап ұстайтындығынан, сондай-ақ дауласушылардың еркінділік, құпиялылық пен өзара сыйластықтағы тең құқылы дәрежедегі ортақ бір келісімге келуінен медиация рөлінің маңызы артып отыр. Аталған талап шарттарының сақталуы нәтижесінде медиация дау-жанжалдарды шешуші ретіндегі құқықтық мәртебеге ие.
Медиация туралы келісім-шарт жасалған күннен бастап есептегенде оның мерзімі бір айдан аспайды. Мұнда шешім екі жақтың келісімі мен татуласуы бойынша алынғандықтан тез орындалатыны айтпаса да белгілі. Бұл жағдайда үшінші жақ деген ұғым болмайды. Мұның тағы бір артықшылығы – мұнда қағазбастылық пен төрешілдікке, уақыттың созылуына, оның босқа зая болуына жол берілмейді. Мұның мәнісі – дау­­ласушы жақтардың мәселесі мамыражай, бейбіт жолмен шешілуінде.
Азаматтық немесе болмашы әрі орта дәре­жедегі қылмыстық іс сотта қаралып жатса да, сонымен бір мезгілде келісім-шарт бойынша өзара бітімге келіп үлгерген екі жақтың ортақ ұйғарымы сотқа жолданған жағдайда аталған азаматтық немесе қылмыстық іс қысқартылады. Яғни соттар бұл мәселе бойынша үкім шығармайды. Медиаторлар кінәлі немесе кінәсіз жеке және заңды тұлғаларды іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды.
Сондай-ақ медиация жолымен жасалған келісім тараптар арасындағы іскерлік байланыс­тарды одан әрі сақтауға жәрдемдесе алады, әрі олардың алдағы күндерге деген өзара сенімін нығайтуға септігін тигізеді. Ең бастысы, тартысушы тараптар одан кейін де бір-біріне кінә, өкпе артпай оң, жылы шырайлы қарым-қатынаста қала береді.

Н.Әбдікәрім,
аудандық соттың бас маман –
сот отырысының хатшысы
19 қараша 2019 ж. 701 0