Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Медиация –билер сотынан бастау алатын институт»

«Медиация –билер сотынан бастау алатын институт»

Медиация - яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі, немесе мәмілегер, бітімгер деген мағынаны білдіреді. Заң күшіне енген соң туындаған дау-дамайды сотқа жеткізбей, делдал арқылы әділ шешу.
 Медиация туралы келісім-шарт жасалған күннен бастап есептегенде оның мерзімі бір айдан аспайды. Мұнда шешім екі жақтың келісімі мен татуласуы бойынша алынғандықтан тез орындалатыны айтпаса да белгілі. Медиация жағдайында үшінші жақ деген ұғым болмайды.
Республикада қабылданған жаңа заңның тағы бір артықшылығы - мұнда қағазбастылық пен төрешілдікке, уақыттың созылуына, оның босқа зая болуына жол қалмайды. Мұның мәнісі - дауласушы жақтардың мәселесі мамыражай, бейбіт жолмен шешілуінде.
Азаматтық немесе болмашы әрі орта дәрежедегі қылмыстық іс сотта қаралып жатса да, сонымен бір мезгілде келісім-шарт бойынша өзара бітімге келіп үлгерген екі жақтың ортақ ұйғарымы сотқа жолданған жағдайда аталған азаматтық немесе қылмыстық іс қысқартылады. Яғни, соттар бұл мәселе бойынша үкім шығармайды. Медиаторлар кінәлі немесе кінәсіз жеке және заңды тұлғаларды іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды. Сондай-ақ, медиация жолымен жасалған келісім тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі сақтауға жәрдемдесе алады әрі олардың алдағы күндерге деген өзара сенімін нығайтуға септігін тигізеді. Ең бастысы, тартысушы тараптар одан кейін де бір-біріне кінә, өкпе артпай оң, жылы шырайлы қарым-қа­тынаста қала береді. Міне, оның түптей келгенде әйтеуір бір жағы ұтылып қалатын сот пен арбитраж шешімдерінен өзгешелігі осында.
Бітімгершілік қазақтың табиғатына да жат нәрсе емес. Бұл бұрынғы ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихында болған жағдайлар. Әр жердегі ұры-қарылар ел ішіне беделді ақсақалдардың әділ шешімімен өз жазасын алып, екі жақ бейбіт келісімге келген. Менің ойымша, бұл заңның пайдалы жақтары әсіресе, аудандық, ауылдық жерлердегі жиі кездесіп жататын кішігірім дау-дамайларды шешуде өте ықпалды бола алады. Себебі, ондағылардың көбі істерді сотқа жеткізбеуге өздері мүдделі екендіктерін талай рет айтып та жүр.
Аталмыш заң медиация түсінігін ашады, оның негізгі қағидаларын, қолданыс аясын, медиация тәртіптемесінің кепілдігін, медиаторлардың құқықтық мәртебесін, оларға қойылатын талаптарды айқындайды.
Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етіп кетпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған ел. Бір кездергі жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішіндегі от ауызды, орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырған. Сол ұлы дәстүр бүгінде заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде.
Мәселенің ақ-қарасын анықтауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот туындаған дауды заң тұрғысынан қарайды. Ал, жаңа заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан ұтылады. Екі жақты дау-жанжалды сотқа жеткізбей нүкте қою адамдарды эмоциялық күйзелістен сақтайды.
Аталмыш заң өз кезегінде соттардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне және бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне сенімділігін әкелері сөзсіз.
    Ж.Сырғабаева,    
Сырдария аудандық сотының бас- маман аға сот жасаулы 
21 маусым 2019 ж. 736 0