Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектен шыққан зергер

Тереңөзектен шыққан зергер

Мектеп бітіргеннен кейін тереңөзектік Мұрат Дүйсенов Шымқаладағы арнаулы оқу орнына түсті. Оны тәмамдаған соң Чехословакияда азаматтық борышын өтеді. Әскерден соң Елбасы еңбек еткен теміртау қаласындағы жоғарғы техникалық оқу орнының құрылыс факультетінде білім алды. Сөйтіп бала күнгі досымның арманы орындалған еді. Біз Мұрат Сұлтанұлымен көрші тұрып, бірге оқыдық. Ұсталығын байқамаппын. «Өскенде құрылысшы боламын» деп айтатын. Ағалары Кеңес пен Марат ағаштан түйін түйетін. Бүгінде жерлесіміз елімізге танымал он саусағынан өнер тамған зергер. Өмірде сирек кездесетін мамандықты қалай игерді? Тереңөзектің шалғайда жүрген түлегімен осы мақсатта әңгіме өрбіткен едік.
– Мұрат Сұлтанұлы, сыныптас досым болғаннан кейін өмір жолыңнан хабардармын. Ал еліміз­ге белгілі зергер екенінді жақында білдім. Осы мамандыққа келу жо­лың туралы айтсаң.
– Өмірлік серігім Нажиямен бір факультетте, бір топта оқыдық. Жоғарғы курста отау құрдық. Алматыға қоныс аударғаннан кейін мен қаладағы жылжымалы мехколоннада прораб болып еңбек еттім. Зайыбым тұңғыш қызымыздың күтімімен үйде отырды. Сол кездегі ел астанасынан пәтер алу қиын еді. Қаладан тоғыз шақырым жердегі Шеберлер ауылында тұрдық. Бұл аумақтың тұрғындары сел қаупі жоғары болғандықтан үдере көшкен екен. Үйлердің көпшілігі бос қалған. Сол кезде елімізге белгілі қолөнерші, зергер Дәркембай Шоқпарұлы кенжелеп қалған ұлттық қол өнерді дамыту мақсатында Шеберлер ауылына келіп қоныстанды. Зайыбым кесте тігетін, ою оятын. Ол Дәркембай аға құрған кооперативке жұмысқа орналасты. Бір күні келіншегім қарапайым білезік жасауға тапсырма алыпты. Өзінің екінші балаға аяғы ауыр. Жұмысқа онша зауқы жоқ. Білезікті суретке қарап отырып, жасап бердім. Менің тұңғыш зергерлік өнімімді өздерінің мәдени кеңесінде мақтапты. Негізгі жұмысымнан қол үзгім жоқ. Қаладан пәтер аламын ба деген үміт қой баяғы. Ара-арасында әйеліме көмектесіп, бұйымдар жасаймын. Бір күні дәлірек айтқанда 1992 жылдың наурызында жылжымалы мехколонна жабылды. Жан бағу, нан табу керек. Өзіме көптен таныс өнерімді мақтап жүрген Дәркембай ағаға бардым. Ол кісі құшақ жая қарсы алды. Шеберлер ауылында еңбек еткен соң, білезік, сақина, қылыш соқтым. Қамшының түр-түрін өруді үйрендім. Қамшы ол кезде өтімді тауар еді. Оны өруді үйреткен Д.Шоқпарұлының қарамағында жұмыс жасаған ақтөбелік шебер Әбдікәрім Қошқаров. Мен ол кісілердей кәсіпқой емеспін. Ұлттық зергерлік өнер туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның, өнер жанашыры Иманғали Тасмағанбетовтың кітаптарын оқып, көп мағлұмат алдым.
– Зергерлікке келуің түсінікті болды. Бұл өзі сирек кездесетін мамандық қой. Әулетінде бұл кә­сіп­пен айналысқан адамдар болды ма?
– «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген мақал бар қазақта. Сол айтқандай анамның әкесі нағашы атам Байділдә Тереңөзекке белгілі мықты ағаш ұстасы болыпты. Ал оның туған інісі Мизам Қызылорда қаласында зергерлікпен айналысқан. Мен бұл асыл нағашыларымның көздерін көргем жоқ, анамның айтуымен ғана білемін. Анам Ұлтайдан «Беріде Мизам аға соққан зергерлік бұйымдар қайда» деп сұрадым. Сонда ол кісі: «сендер кішкентай кездерінде қызық көріп талай сырғамды құлағымнан жұлып алдыңдар. Сөйтіп жоғалды. Әрі ол кезде зергерлік бұйымдарға көңіл бөлінбейтін» деп жауап берді. Маған зергерлік нағашыларымнан дарыпты. Ке­ңес, марқұм Марат ағам ағаштан ою ойған шебер болған.
– Мұрат, кәсібіңнің маңызын түсіну үшін, ғаламторды қарадық. Онда «зергер – алуан түрлі сәндік бұйымдар мен әшекей заттарды (сақина, сырға, білезік) алтынмен аптап, күміспен күптеп, зерлеп, ажарын, сәнін кіргізіп, айшықтап жасаушы» деген анықтама бері­ліп­ті. Бұл үлкен шеберлік пен төзім­ділікті қажет ететін болуы керек?..
– Иә, бұл кәсіпті игеру үшін көп уақытымды жұмсадым. Араға жеті жыл салып, 1999 жылдан бастап таза зергерлікпен айналыстым. «Эскиз, композиция» деген ұғымдарды оқымағанмын ғой. Оларды меңгердім. Жиырма жыл­да едәу­ір жетістіктерге жеттім. Ұмыт­пасам 2009 жылы болуы керек. Астана қаласындағы Тұңғыш Президент музейінде «AMINA JEWELS Kazakhstan» фирмасы зергерлердің халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден соң фирма жетекшісі Әмина Шоқпарова зергер Василий Скиляев екеумізді өзіне шақырып, «Көрмелеріңіздің жанына бейнекамера қойдым, сіздер көп адам жинадыңыздар, туындыларыңыз да өтімді болды, бірге жұмыс жасайық» деген ұсыныс айтты. Содан бері осы фирмада брэндтік зергер болып еңбек етемін. Қазіргі көмекшім – ұлым Қуаныш. Оның да талабы таудай. 2010 жылдан бастап фирманың ұсынысымен көшпенділер өнерінің көрмесін Қазақс­тан делегациясының құрамында бірқа­тар әлем еліне таныстырдық. Сол жылы Біріккен Араб Әмірлігінде болдық. 2014 жылы Франция, 2016 жылы Жапония мемлекетін араладық. Бұл елдегі көрмелерден лауреат атандық. Мен соққан білезіктер көптеген танымал тұлғалардың коллекциясында сақтаулы. Испания королі Хуан Карлос біздің елімізге сапарлап келгенде корольдің әйелі екі сом білезігімді аттай қалап алып кетті. Сондай-ақ Франция жұлдызы Патриссия Каста бір білезігім жүрсе, Наполеон ұрпақтарында білезіктерімнің топтамасы бар. Өз елімізде өнер жанашыры Серік Үмбетовтың отбасы, әншілер Қарақат Әбілдина, Тамара Асар тұрақты менің қызметімді тұтынады.
Зергерлік істе таза туынды және көшірме деген болады. Соңғысы бір-бірінен айнымайды. Ал таза туындыда әрбір зергердің өзіндік қолтаңбасы айшықталып тұрады. Бұл жәдігерлер енеден келінге мұра болып, ғасырдан ғасырға жетеді.
– Жеке шеберханаң қай қалада орналасқан? Шәкірттерің де көп шығар?
– Шеберхана туралы жақсы қозғадың. Біз Шеберлер ауылында он шақ­ты жыл заңдастырылмаған пәтерде тұрдық. Содан кейін 1997 жы­лы Алматы қаласы әкімшілігінің басшы­сы өнер адамдарымен кездесу­ге келді. Сонда осы мәселе айтылды. Шеберлер ауылы Қарасай ауданына қарайтын. Қала әкімшілігі қамқорлық танытып, бір айдың ішінде үйлерімізді заңдастырып берді. Қазір өзім Алматыда тұрамын. Шеберханам сол Шеберлер ауылында. Отыздан астам шәкіртім бар. Көпшілігі Алматы көркемсурет учи­­­ли­­­щесінде оқығандар. Олар бізді емес, көрмеге апарған туындыларымызды төңіректейді. Қызығушылық білдір­геннен кейін шеберханаға шақырасың. Жәй уақыт өткізу үшін келетіндер, тіпті сенімге кіріп алып, шеберхананы үптеп кеткендер де кездесті. Ал өнерді шын сүйетіндері шәкіртке лайық болып қалды. Осы орайда талантты бір азамат туралы айтсам, артық болмас. 2003 жылы Атырау қаласында Маханбет Өтемісұлының 200 жылдығы тойланды. Мен де көрмемді алып бардым. Сонда атыраулық Нұржан Еспембетовпен таныстым. Зергерлікке талабы бар жігіт екен. «Алматыға барсам үйретесіз бе?» деді. Мен қарсы болмадым. Бір жаз үйде жатты. Мен үйреткеніме, үйде жатқызғаныма ақы сұрамаймын. Қазір ол мықты зергер болып қалыптасты. Бір фирмада еңбек етеміз. Он екі әріптесімнің ішіндегі бірі болса да бірегейі.
Біздің мақсат – жастарды ұлттық өнерге баулу. Көшпенділердің керемет өнерін әлемге таныстыру. Қазіргі рухани жаңғырудың талабы да осы емес пе?!

Сұхбаттасқан
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

16 қараша 2019 ж. 846 0