ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫМЕН ӨМІР КЕШКЕН
Жәкең туралы жазу көптен ойда жүретін. Оның сәті енді түскендей. Жәкең деп отырғаным Тереңөзек, Сырдария ауданына белгілі азамат Жеңіс (Жеңісбек) Ибрагимұлы Қобландин. Ол 1955 жылдың 23 ақпанында Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Ибрагим аға мен Құрма апаның тұңғышы. Отбасында бірінші перзентке қашанда жетекшілік рөл жүктеледі. Жеңіс жастайынан білімге құштар, қатарының алды, жан-жақты азамат болып жетілді. Кент орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті 1972 жылы бітіргеннен кейін облыс орталығындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетіне оқуға түсті.
Мектепте бір сыныпта оқыдық. Студенттік жылдарымыз да бірге өтті. Ол педагогикғалық институтта мен Қызылорда политехникумында оқыдым. Жеңіс сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Стол теннисін, волейболды жақсы ойнайтын. Жоғарғы оқу орны атынан осы спорт түрлерінен облыстық жарыстарға қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар факультет коркемөнерпаздарының белсенді мүшесі болды. Гитарамен французша ән салатын. Студенттік жылдарда өзімен бірге оқитын Бибімариям атты аруды кездестеріп, өмірлік жар етті. Ару қыз оқуда озат, білімді, тәрбиелі жан екен. Жеңіс оқитын топтың старостасы болды. Бір-біріне лайық жандар үлгілі отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешті,-дейді жан досы Қалмахан Әлшеров.
Ж.Қобландин жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін Кеңес армиясы қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышын өтеді. Аман-сау елге оралғаннан кейін Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжаттандыру бөлімшесінде еңбек жолын бастады. Жеңіс Ибрагимұлы өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, тумысынан сыпайы азамат тұрғындарға адал қызмет етіп, ел алғысына бөленді. Соның нәтижесінде бөлімше басшысы лауазымына көтерілді. Жұмысынан қол үзбей жүріп сырттай оқып қосымша заңгер мамандығын алды. Құқық қорғау саласында қызмет жасаса да өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Жергілікті шығармашылық өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Республикаға белгілі айтыскер ақын Замаддин Ибадулаевпен, белгілі композитор Рамазан Таймановпен достық, шығармашылық қарым-қатынас орнатты. Осы жолдардың авторының шығармашылығына қолдау білдірген жандардың бірі. Жәкең көркіне ақылы сай, инабатты, нағыз қазақ жігітінің төресі деуге келетін азамат еді. Жұмысына берілген, үнемі ізденіс үстінде жүретін жанды аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы да оң бағалап, бөлімдегі жауапты сала – қылмыстық іздестіру бөлімшесінің басшысы етіп тағайындады. Жәкең осы қызметтерінде әрдайым жыл сайын жоғарғы көрсеткіштерге жететін. Ол аудандық ішкі істер бөлімінде 14-15 жыл жемісті жұмыс жасағаннан кейін отбасылық жағдайына байланысты Жамбыл облысына қоныс аударды. Принципшіл азамат, білікті қызметкер Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінде бірнеше бөлімді басқарды.
- Жеңіс көңілі жаздай, бауырмал, жігіттің төресі еді. Мен аудандық партия комитетінде қызметте жүргенде, ол аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек етті. Қызмет барысында жиі болмаса да жолымыз түйісіп тұрды. Сонда Жеңістің үлкен, кішіге деген құрметіне, кімге болса да көмектесуге дайын тұратын елгезектігіне тәнті болғанмын. Жамбыл облысына қоныс аударғаннан кейін де Жәкеңнің жерлес ретінде бір азаматтығына куә болдым. Ұмытпасам 1997 жыл болуы керек. Елбасы республиканың бүкіл аудан, ауыл әкімдерін сол кездегі ел астанасы – Алматыға жинады. Мен Шаған ауылының әкімімін. Әріптестерімізбен поезда келе жатырмыз. Ол кез бір қоңторғайлау дейтін жүдеу-жадау мезгіл еді. Поезд Жамбыл стансасына келіп тоқтағанда алдымыздан күлімсіреп Жеңіс шықты. Табақ-табақ ет, қойдың басын алып дегендей. Біз хабарласқанымыз жоқ. Өзі есітіп, жерлестерім келе жатыр деп алдымыздан шыққан ғой. Қандай мәрттік. Ол заманда екі туып, бір қалғаныңа ондай құрмет жасай алмайсың. Осындай жалындаған азаматтың өмірден ерте кеткені өкінішті, - дейді мемлекеттік қызмет ардагері Өмірзақ Сәдуов ағамыз.
Жеңіс Ибрагимұлы 2000 жылы Жамбыл обылысынан туған жерге қызмет бабымен қайта оралып, Тасбөгет поселкелік ішкі істер бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Санаулы күннен кейін денсаулығы сыр беріп, есіл азамат 45 жасында дүниеден озды. Егер тірі болғанда Жәкең биыл пайғамбар жасы 63-ке толатын еді. Тағдырдың ісіне не шара. Дегенмен, абзал азаматтың айшықты жолын бүгінде інілері, қызы Жанна мен ұлы Қалижан, шәкірттері жалғастырып келе жатқаны көңілге демеу.
«Орнында бар оңалар» дегендей Жәкеңнің інілері де елге белгілі азаматтар. Қалыбек -мемлекеттік қызметте, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Сұлтанбек -Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ғалымжан – құқық қорғау саласында қызмет жасап, зейнеткерлікке шықты. Қазір оның жолын ұлы Ержан жалғастырып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығымен өмір кешкен Қобландиндер осындай өнегелі әулет.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.