Ауданда қанша басшы кітап оқиды?
«Компьютерде отырғаннан кітап оқыған озады». Бұл Елбасының қанатты сөзі. Расында озық отыздыққа енуіміз үшін кітап оқып, білім көкжиегімізді кеңейткеніміз абзал. Осы ретте «Қоғам мүшелеріне қай қырынан алса да үлгі-өнеге болуы тиіс бірінші басшылар кітап оқи ма?» деген сұрақ туындайды. Осы сұраққа жауап іздеп, зерттемекке аудандық кітапханаға бас сұқтық. Мақсатымыз – аудан көлеміндегі мекеме, бөлім басшыларының соңғы уақытта оқыған кітаптары жөнінде журналистік зерттеу жүргізу.
3959 ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАН БАР
Аудандық кітапхананың 3959 тұрақты оқырманы бар екен. Оның 105-і зейнет жасындағы қариялар болса, қалғаны экономикалық белсенді халық және арагідік жұмыссыздар кездеседі. Кітапханашы Майраш Әлиеваның айтуынша, қайта жаңғыртылған ғимаратқа көшкен аудандық кітапханада оқырман үшін барлық жағдай жасалған. Оқу залы, интернет, ашық ақпаратқа қолжетімділік барлығы қарастырылған.
– 2016 жылдан бастап ауданымызда «Өлке болып оқимыз» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттай отырып, кітапханаға оқырманды тарту болып табылады. Бүгінге дейін Асқар Тоқмағамбетовтің, Танаш Дәуренбековтің, Қуаныш Баймағанбетовтің және Әбділда Тәжібаевтің шығармашылығы кеңінен насихатталды. Бірақ кітапхананың іс-шараларына аудан көлеміндегі мекеме, бөлім басшылары қатыспайды. Керісінше, қоғамдық ұйымдармен, ардагерлер кеңесімен және жастар өкілдерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Жалпы барлық аудан тұрғындарына кітапханашылардың ұйымдастыруымен өтетін шараларға қатысамын десе, есігіміз ашық, – дейді кітапханашы.
Расында бұрынғы аудандық кітапхана мен қазіргі кітапхана жұмысын салыстыруға келмейді. Бұрын аудандық кітапхана жазда ыстық, қыста салқын ескі ғимаратта орналасқан еді. Сонымен бірге балалар кітапханасы бөлек мекенжайда болатын. Бұл мәселе тұрғындарды әбігерге салып, оқырман үшін қолайсыз-тұғын. 2015 жылы аудан орталығынан жаңа ғимарат беріліп, орталық кітапхана мен балалар кітапханасы бір ғимаратқа көшірілді. Оқырман үшін барлық жағдай жасалған ғимаратқа келушілердің ішінде бірінші басшылар бар ма? Енді осыны тарқатайық.
«ОҚЫРМАН ФОРМУЛЯРЫН АШЫП ҚОЯ САЛСАҢЫЗ»
Аудан әкімдігіне қарасты 14 дербес бөлім бар. 14 бөлім басшысының екеуі ғана аудандық кітапханадан кітап алып оқиды екен. Қалғандары оқырман формулярын ашпақ түгілі, аудандық кітапханаға келмейтінін кітапханашы Майраш Әлиева жасырмады.
– Шыны керек, кітапханаға бөлім басшылары келмейді. Кейде «менің атымнан оқырман формулярын ашып қоя салсаңыз» деп хабарласатын басшылар бар. Бірақ біз олай істемейміз. Себебі кітапхананың өзіндік ережесі бар және ол бәрімізге ортақ. Әрбір оқырман жеке куәлігін әкелу арқылы оқырман формулярын аштырып, кітап алуы керек және он күн ішінде кітапты қайта өткізуі тиіс. Біз оқырманға кітапты бүлдірмеу, таза ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда оқырман мәдениеті қалыптасты. Оқырмандардың басым көпшілігі әдеби шығармалар оқиды, – дейді кітапханашы.
ЕКІ-АҚ БАСШЫ КІТАП ОҚИДЫ
Дербес бөлім басшыларының ішінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлимаш Мырзахметова ағымдағы жылдың наурыз айының 16-ы күні оқырман формулиярын ашыпты. Бөлім басшысы сол күні «Путь Абая» кітабын алып, 26 наурыз күні қайта өткізіпті. Кейін Ілияс Есенберлиннің «Кочевники» кітабын оқыған. Қазіргі таңда Әбіш Кекілбаевтың «Всполохи» кітабын оқып жатыр екен. Байқағандарыңыздай, Әлимаш Залқызы тек орыс тіліндегі кітаптарды оқығанды жөн көретін секілді.
Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев оқырман формулярын 2018 жылғы 21 мамырда ашыпты. Бөлім басшысы алғашында Қабдір Арыстанғалиевтің «Шекарасы берік ел – болашағына сенімді ел» және Абай Тасболатовтың «Жоғарғы бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» кітабын алып оқыған. Сондай-ақ Мұхтар Мағауиннің шығармаларын және Нағи Ілиясовтың өмірбаяны туралы жазылған кітаптарды алып оқыпты. Бұл аталған бөлім басшыларының кітапханаға баратынын білдіреді. Қалған бөлім басшылары ше? Тағы да кітапханашыны әңгімеге тарттық.
– Біз ешкімге міндеттеп кітап оқыта алмаймыз. Десе де басшылардың кітап оқығаны өздері үшін пайдалы деп ойлаймын. Себебі кітап оқыған басшы халықтың алдына шығып сөз сөйлегенде, сұхбат құрғанда өз ойын ашық жеткізіп, түсіндіре алады, тіл байлығы мол болады. Кітап оқымағаннан болса керек, қазіргі таңда кейбір басшылар бір беттік баяндаманы қағазға қарап оқиды. Жалпы кітапхана тағылымды тарих пен бүгінгі күнді және бүгін мен ертеңді байланыстырып тұрған киелі ғимарат болса, кітапханашы – рухани қазынаның шырақшысы. Ал тұрақты оқырман – баға жетпес құндылық болып саналатын кітаппен дос, сырлас ойлы жан, – дейді кітапханашы.
Әрине, біз кітап оқымады деп ешкімді жазғыра алмаймыз. Ол әркімнің өз еркіндегі шаруа. Мүмкін кейбір басшылар кітапханаға бармаса да өзі қызыққан тақырыптар бойынша қажетті кітапты кітап дүкенінен сатып алып оқитын шығар. Мақаланы жазу барысында бір бөлім басшысы керекті ақпаратты интернеттен алатынын айтса, екіншісі жылына 1-2 кітапты жеке кітапханадан сатып алатынын жеткізді. Яғни кітапханаға бармаса да кітап оқитын басшылар бар. Десе де 71927 кітап қоры бар аудандық кітапхана тұрғанда жеке кітапханаға барудың қажеті жоқ секілді.
КӨП ОҚЫҒАННАН ҰТПАСАҚ, ҰТЫЛМАЙМЫЗ
Кітап – адамзаттың ұлы байлығының бірі, адамның көп ғасырлық ақыл-ойының жемісі. Кітапты талғап, таңдап оқи алу, оны терең түсіну, алған әсерді қажетке жарату – әркімнің білік-білімін, пайым-парасатын айқындайды.
Бүгін аудандағы дербес бөлім басшыларының қайсысы кітапханаға баратынын, олардың қандай кітап оқығанын мақаламызға арқау еттік. Кез келген қызметкер басшыға қарап бой түзейтіні анық. Ал басшы өз жұмысына тиянақты, қай қырынан алса да әріптестеріне үлгілі болса, бағынушы да соған дағдыланады. Оның үстіне қазіргі ақпараттық кезеңде көп оқығаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сондықтан бірінші басшылар қарамағындағы мамандардың кітап оқитындардың қатарынан болуы үшін өздері үлгі көрсетуі керек секілді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ