Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыт атаның даналық сөздері қанша тілге аударылды?

Қорқыт атаның даналық сөздері қанша тілге аударылды?

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бас­тамасымен «Қорқыт атаның даналық сөздері» атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді.
Кітапты құрастырушы және жоба авторы – орталық қызметкері, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан. Үш мың дана таралыммен «Тұмар» баспасынан жарық көрген туындыдағы мәтіннің қазақ тіліндегі нұсқасы профессор Б.Ысқақовтың аудармасы негізінде әзірленіп, аздаған түзету енгізілген. Ал орыс тіліндегі мәтініне 1965 жылы «Книга моего деда Коркута» деген атау­­мен жарық көрген академик В.Бартольдтің аудармасы негіз болған. Дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба нақылының орыс, ағылшын тіліндегі нұсқасы Ұлттық аударма бюросы мамандарының көмегімен әзірленген.
– Жалпы Қорқыт ата күллі түркіге ортақ болғаны­мен оның туған топырағы, өмір сүрген ортасы, мәңгілік мекен тапқан жері осы Сыр өңірі. Бұған осы бағытта көп еңбектенген академик В.Жирмунскийдің «Сырдария жағасында Қорқытты құрметтеудің мың жылдық өнегесі бар» деген сөзінен асқан дәлелдің қажеті де жоқ шығар. Сондықтан Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында баба мұрасы арқылы халықтың философиялық дүниетанымын кеңейте түсу мақсатында осы істі қолға алдық. Бас­тамамызды бірден қолдаған ел азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Соның арқасында идея игілікті іске айналып, кітап оқырмандар қолына тигелі тұр, – дейді жоба авторы.
Ғалымның айтуынша, кітап мәтіні ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған материалдар негізінде және 1999 жылы «Қорқыт ата энциклопедиясында» жарық көрген нұсқалар негізінде дайындалған.
Жинақта ұлы даладағы ұзандар көшін бастаған Қорқыт тұлғасына байланысты түркітанушы ғалым­дардың құнды ойлары да беріліп отыр. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы жыл соңына дейін аймақтағы сакральды мұралар жайлы кітап пен Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің бұрын еш жерде жарияланбаған жырларынан жинақ шығаруды жос­парлап отыр.

«ТТ» ақпарат
19 қазан 2019 ж. 579 0