ТӨРТ САЛАНЫҢ ТАРЛАНЫ
Қазақ әдебиетінің дамуына Сыр бойынан шыққан ақын-жазушылар зор үлес қосты десек, оның ішінде жерлесіміз Әбіраш Жәмішевті ерекше атауға болады. Өйткені, белгілі ақын тек поэзия ғана емес әдебиеттің басқа да саласында қалам тербеп, артына өшпес мұра қалдырды. Сондықтан да Ә.Жәмішев есімін, оның қанатты ойларын, толғақты сырларын дүйім жұрт біледі десек артық айтқандық емес.
Еңбекқор, бейнеткеш жан журналистикада жүріп, өмір белестерінде көрген сәттерді өлеңмен де жеткізген. Ол өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланып, белгілі қаламгер ел арасына дарынды ақын ретінде танылды. Оның жыр бұлақтары оқырманның жан дүниесіне нұр болып құйылып, рухани жүдеген халыққа мол мұра болды.
Мен туған шақ қиын еді не деген!
Кеуіп жатты мүшкіл, сәби кезенем.
Қаптың түбі қағылғалы көп болған,
Қазан қаңсып, ошақ шыққан келеден, – деп өмірге келген шағынан бастап жырлайтын өлеңдері әр жылдары жыр жинақ болып басылып, оқырманға жол тартқан. Атап айтқанда, «Арай», «Күміс кірпіктер», «Сағым толқын», «Төскей», «Дүрия дәурен», «Менің бұла дәуренім», «Көңілімнің іңкәрі» секілді оннан аса өлең-жыр жинағы оқырманнан лайықты бағасын алды. Ақынның адамгершілік, азаматтық парыз төңірегіндегі толғаныстары, көңіл күйін шертер әсем ойлары өрілген өлеңдері мен поэмалары көптің көңілінен шықты.
Сан қырлы саланы тоғыстырып, жұртшылыққа жол нұсқаушы болған журналист, өлеңі үндестік пен үйлесімге құрылып, ерекше дарынымен танылған ақын әдебиеттің аса күрделі сын саласына да ден қойған. Әдеби мұраларды, жазушылық стильді замана тұрғысында пайымдауға, оған баға беруге, пікір айтуға Ә.Жәмішев айрықша атсалысты. Бұл тұрғыдағы «Жыр жанары» әдеби зерттеуі, «Биік мәртебе», «Кезең кестелері» әдеби-сын мақалалары әдебиет сыны өрісін кеңейтті.
Мұнымен қоса, белгілі қаламгер аудармашылықпен де айналысқан. Ол А.Пушкиннің, А.Исаакянның, Айбектің, М.Исаковскийдің бірталай өлеңдерін, А.Вознесенскийдің «Лонжюмо», С.Шипачевтың, армян жазушысы Г.Эминнің «Армения туралы жеті жыр» кітабынан «Жазбалар жырын», тәжік ақыны М.Қаноатовтың «Вахш толқындары» деген атпен өлеңдері мен поэмалар жинағын, Қ.А.Йасауи хикметтерін аударған. Сондай-ақ, Хафиздің, Физулидің ғазалдары «Ұлы ақындар кітапханасы» сериясы арқылы қазақ еліне жетті. Оның аударуындағы еңбектер қазақ интеллегенциясы тарапынан жоғары бағаланды.
Жалпы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ә.Жәмішев жайлы жазушы, аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев: «Әбіраш Жәмішұлы қазақ қауымына әуелі майталман журналист-публицист ретінде танылды. Бірақ ол әдебиеттің бір ғана жанрының шеңберінде тұтқын болып қалмады. Құдай берген қабілет-дарынын еркін қолданып, төрт салада бірдей жемісті жұмыс жасады. Олар – поэзия мен әдебиет сыны, публицистика және аудармашылық өнері. Әбекеңнің осы салалардағы еңбегі өнімді, көңіл-көкейге қонымды болды» – деп лайықты баға берген.
Биыл Сырдария ауданының 90 жылдығы. Сонымен бірге, белгілі ақын Ә.Жәмішевтің туылғанына да 90 жыл. Айтулы мерейтой аясында туған жер тумасының, қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығы кейінгі толқынға насихатталуда.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ