Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастауыштың бағбаны

Бастауыштың бағбаны

Өмірі өнегеге толы, мәртебелі мамандық иесі, ұлағатты ұстаз Роза Смайлова Амангелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде ұзақ жылдан бері еңбек етеді. Ол мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршіннің жүрегінен орын тапқан ұстаз.


Бастауыш сынып мұғалімін мектепті қандай мекен екенін алғаш танытып, әріп үйрететін баланың өмірдегі алғашқы тәлімгері десек артық айтқандық болмас. Роза Смайлова өз бақытын мамандығынан тапқан, бүгінде тәжірибесі мол, жоғарғы санатты мұғалім. Оның әрбір бастамасы, тың ізденісі, шығармашылығы бала тәрбиесіне бағытталып, білім нәрімен сусындатып, білім алудағы баспалдақтың негізін қалайды.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп қабырғасына алғаш келетін әрбір ауыл баласымен танысып, оның әрқайсысының басынан сипап, туған анасындай мейірімділік көрсетуі Роза Әбдірейқызына қалыпты жағдайға айналған. Ауылдағы барлық отбасындағы балаларды жатқа білетіні – ұстаздың ерекше қасиетінің бірі. Жыл сайын бастауышқа алғаш келетін балалардың есімдерін біліп, олармен алдын ала қарым-қатынас орнату бүлдіршіндердің білім алуға деген құлшыныстарын арттырады. Мұндай әдісті ол өз әріптестерімен бөлісуді жөн көреді.


– Мұғалім қаншалықты қарапайым болса, баланың сеніміне ие болу жеңіл болады. Бала мұғалімнен жасқаншақтамай, қайта оны өзінің ең жақын адамы ретінде сезінуі тиіс. Қазір балаларды бірнәрсеге қызықтыру, оларға білім беру, тәрбиенің негізін қалау ерекше талапты қажет етеді. Бала бәрін білгісі келеді. Бастауышта отырған бүлдіршін интернет желісін меңгеріп, одан көп нәрсені жылдам үйреніп алады. Ал, соның алған бағытын дұрыс жолға бұру, білім алуға көзін ашу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Қазір білім беру бағдарламасына қатысты көптеген пікір айтылуда. Оқулықтың құрылымы, бағдарламасы қиындағаны көрініп тұр. Мұғалім мектепте сабағын береді. Әрі қарай ата-ана баласын үйінде бақылап, қосымша көмегін көрсетсе, мұғалімнің еңбегі нәтижесін береді. Қолына қаламсапты ұстап көрмеген кешегі бүлдіршінге әріпті үйретіп, жазғызып, санау, сызуды үйрету оңай емес. Ол үшін ең алдымен мұғалім шыдамды, мінезге бай болуы, баланың тілін таба білу қасиеті өте қажет, – дейді жаңашыл ұстаз Роза Смайлова.

Ауданға белгілі ардагер-ұстаз қазіргі жастардың мұғалімдікке жүрек қалауымен емес, кездейсоқ келіп жатқанын айтқан болатын. Оған бір себеп, жас мұғалімдердің сабақ берудегі әдісінің жұтандығы. Яғни ізденіс пен жаңашылдық жоқтың қасы. Ал, нағыз мұғалім өзінің сабақ берудегі шеберлігін үнемі шыңдап жүруі тиіс. Қазір шығармашылықпен айналысудың небір түрлері бар. Сондықтан әріптестерінің сабақ беру әдістерін үнемі жетілдіріп отырудың бірден бір жолы өзара тәжірибу алмасудың ролі зор.

Мұндай пікірмен білікті педагог Роза Смайлова да келіседі. Ол мұғалімдер арасында озат тәжірибе жұмысын зерттеу, насихаттау, оқытудың жаңа технологиялық әдістерін тәжірибеге енгізуге үлкен ықпал жасай білетін әдіскер-ұстаз. Оның республикалық ғылыми-практикалық конференцияда "12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы педагогикалық кадрлар даярлау жүйесін модернизациялау" тақырыбындағы баяндамасының арнайы жинаққа енуі сөзіміздің дәлелі.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ұстаздың еңбегі өз жемісін берді. Оның көптеген Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, наградалары мен "Мәртебелі маман" медалі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының арнайы төсбелгісі ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі.

Аудан бойынша өзіндік іс-тәжірибе қалыптасқан талапшыл ұстаз, заманына сай білімді шәкірт тәрбиелеуді өзінің басты міндеті санайды және осы жолда әлі еңбек етуге дайын.
Бибісара ЖАНӘЛІ

11 қазан 2019 ж. 1 039 0