Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзиз аналарға лайықты құрмет

Әзиз аналарға лайықты құрмет

...Ән естіліп тұр. Бұл ән бір кездегі еңбек әні, тың төсін дүбірлеткен алып техникалар үні, сызылта ән салған қыз-жігіттер әні, әлі де дәл сол кездегідей көкіректе сайрап тұр. Жастық шақтың қимас та алтын кездері қазір армандаған алыс жағалаудай...
Бұл «Ақмаржан асылдары» атанған қоғалыкөлдік майталман әйел механизаторлардың кешегі күнді сағына еске алғандағы сөзі. Жастайынан алып техниканы еңсеріп, дала төсінде ер кісілермен қатар жұмыс жасаған оларға сол кездер әлі де ыстық. Уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, техниканы меңгерген қыз-келіншектер даңқты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның ұранына үн қосып, еңбек көркін қыздырды. «Білмеймін, бармаймын» деген жоқ. Айналасы 2-3 айда шаруашылық техникаларын меңгеріп, ауыл мен күріштік арасында жүйткіді. Осылайша, олардың атағы облысқа тарап, қоғалыкөлдік механизаторлар мерейі үстем болды.
«Ақмаржан асылдары» деген құрметті атақ ең алдымен бригада жетекшісі болған Жұмабек Рахымбеков есімімен тікелей байланысты. Осы күні Қоғалыкөл ауылындағы «66», Көктөбе, Жындықұлақ, Әбибулла бауы, Сулыкөл, Жұмабек көпірі деген жер атауларында Жұмабектің жол салған өшпес еңбегінің іздері жатыр. Өз ісіне нық қарайтын, артық ауыз сөзі жоқ нар мінезді бригадирге басшылық сенім артып, жас механизаторларды тәрбиелеуге жібереді. Одан тәлім алған алғашқы механизатор қыздар Айымкүл Қожақова, Жұмакүл Әлдекешова, Ажаркүл Нұртазаева, Гүлнәр Әлекеева, Рабиға Ибадуллаева, Рахима Досжанова үмітті ақтап, аз ғана уақыт ішінде техниканы тізгіндеп кетті. Кейін осы қыздар әр бригадаға бөлініп, шаруашылық жұмысының ілгерілеуіне үлес қосты.
Жақында Қоғалыкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» тақырыбында механизатор аналармен кездесу өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы аясындағы шарада еңбек шабытына бөлен­ген механизаторларға құрмет көрсетілді. Бұл кештің құрмет төріне Айымкүл Қожақова, Жұмакүл Сызды­қова, Ажаркүл Нұртазаева, Рахима Алдашқызы, Гүлнәр Әлекеева және Рабиға Ибадуллаева шықты. Кездесуде олар жас кезіндегі еңбек даласындағы қызық­тарымен бөлісті.
А.Қожақова:
– Мектеп бітіргеннен кейін техникалық училищенің арнайы курсында оқыдық. Содан кейін 7 қыз бір жыл бойына жүгері ектік. Бұл өзімізге қызық болды. Одан жаман болғанымыз жоқ. Содан көктемде егінге шығып, трактор жүргізуге үндеу жарияладық. Бағымызға орай шаруашылыққа бірден жап-жаңа 7 трактор келе қалды. Руліне жетеуміз отыра кеттік. Бригадағы азаматтар сол тракторды тізгіндеуге үйретті. Жұмысқа деген ынтамыздың арқасында ауыр техникалармен еңбек еттік, соның нанын жедік. Қазір трактор берсе, жүргізіп кетуге әзірмін.
Ж.Сыздықова:
– Жастайымыздан ауыр техника руліне отырдық. Таңғы сағат 6.00-ден түнгі 22.00-ге дейін түспейтінбіз. Бекітілген жұмысты екі есе орындап жүрдік. Аңламаста, Бидайкөлде көп болдық. Ерте көктемде егістік басына барып, егінге жер дайындаймыз. Сол кездері мен бригадир Теңізбай ағайдан ерте баруға тырысып, таң атпастан шығатынмын. Бірақ қай кезде барсам да бригадир алдымнан күтіп отыратын. Ол кісі үнемі көмек қолын созып, жанашырлық танытып жүретін.
Шынында, біз бірыңғай жаңа техникаларды жүр­гіздік. Бұзылып қалса, ер азаматтар жөндеп бере­тін. Түнімен күріш тасып жүрген кездері жары жолда трактор бұзылып қалған кездер болған. Сол кезде де шаруашылық механиктері көлігімізді жүргізіп берді. Сондай ел азаматтарының демеуінің арқасында мерейіміз үстем болды.
Г.Әлекеева:
– Мен 1975 жылы рульге отырдым. Ажаркүл екеуміз Жұмабек ағайдың бригадасында болдық. Алғашында қиын болды. Бірақ қайтсек те үйренеміз деген жігердің арқасында техника жүргізуді игеріп кеттік. Кейіннен Жаңбырбай ағаның бригадасына барып, комбайн, К-700 тракторын тізгіндедім. Осы К-700-ді айдағанда жол тегістеуші (длиноваз) тіркеп Аңламасқа жол салуды тапсырды. Бір апта бойына сол жолдың ой-шұқырын тегістеп шықтым.
Осы ұзын жолдың бойымен ауылға қарай келе жатқанымда алдымнан жеңіл көлік шықты. Ауыр техника болған соң өтіп кеткенше тоқтай тұрдым. Бірақ жол жиегіне шыққан жоқпын. Әлгі көлік айналып өте алмай, трактор алдына келіп тоқтады. Ішінен директор шығып, мән-жайды сұрады. Апта бойына жол тегістеп жүргенімді айттым. Сөйтсем, көліктің ішінде «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің журналисі Мырқы Исаев бар екен. Кейіннен сол кісі облыстық газетте «Қызылдағы қыздың салған жолы» деген мақала жариялады.
А.Нұртазаева:
– Нағыз еңбек ерлері осы ауылдан шыққан. Солар­дың ізін жалғаған біздің жаман болуға хақымыз жоқ. Біз еңбекпен есейдік.
Трактор жүргізуді үйреніп жүргенде тоғызыншы қозғалтқышқа салу қиын болды. Жұмабек ағайдың бригадасындамын. Сол кезде аталған қозғалтқышқа сала алмай, артқа жүріп шаруашылық жұмысшыларын қорқытқан кез де болған. Бірақ ешкім күлген жоқ. Қайта механизатор Бисенбай ағай екі есігі жоқ тракторына мінгізіп, жүргізуді үйретті. Осындай жанашыр жандардың арқасында ауылда емін-еркін, жолдың шаңын шығарып жүрдік. Ерінбей, қорықпай еңбек еттік, соның арқасында биіктерден көріндік.
Р.Досжанова:
– Мен шаруашылықта 13 жыл техника жүргізіппін. Бұл уақыт мен үшін еңбек бақытын сыйлаған кез деп білемін. Мұны осы салада жұмыс жасаған қыз-келіншектер түсінеді. Біз Ажаркүл апаларымыздан трактор жүргізуді үйрендік. Сол арқылы өзіміздің еңбек жолымызды қалыптастырдық.
– Бүгін біздің Рахима ерледі, таңертеңнен кешке дейін 36 гектар жерге тұқым септі, – деп Жұмабек ағай өзінің қуанышын жасырмады. Қашанда оның жүзінен еңбек қуанышының қайнар көзін көргендей болатынбыз. Әлі есімде Жұмабек ағай ертесімен ауылға жиналысқа кетіп, егіс даласына көңілді оралды. Жиналыста совхозға екі жаңа «Енисей» комбайны келіп, екі озат бригадаға беріліпті. Екі комбайнға аты жазылған Жаңбырбай Қаржауов бригадасындағы Гүлнәр Әле­кееваға, екіншісі бізге Рахима Досжановаға деп келіпті. «Жұмабектің бригадасы жаңа трактор, жаңа комбайнды да алады ма?» деді ашу шығарып басқа бригададағылар. Мен оларға «Бригадада механизатор қыздарың болса аласыңдар» дедім риза көңілмен.
Механизатор аналар егістік даласындағы көптеген қызықтарын айтты. Барлығы да тынбай атқарған жұмыстың нәтижесі екенін жеткізіп, қазір аяулы ана, құрметті әже атанғандарын тілге тиек етті. Осындай мерейлі жандарды ауыл әкімі Б.Рахымбеков, аудандық мәслихат депутаты С.Каюпов құттықтады. Олардың ел үшін жасаған еңбегі кейінгі жастарға үлгі екенін жеткізіп, Алғыс хатпен марапаттады. Кездесу кешінде білікті ұйымдастырушы Жұмабек Рахымбековтың жары Үміткүл де құрмет төріне шықты. Игі шарада майталман механизаторларға дос-жарандары сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 қазан 2019 ж. 557 0