«КОМБАЙНШЫ ӘЙЕЛ» ҚАЙДА ЖҮР?
Бүгінде темір тұлпарды тізгіндеп жүрген нәзік жандыларға көз үйреніп кетті. Түзу жолда барлық жағдаймен қамтылған жеңіл көлікті жүргізу оларға қиын да емес. Ал кейбір ер жігіттердің өзі тізгіндей алмайтын ауыр техникаларды әйелдер жүргізгенде таңданатынымыз рас. Бұлай деуіміздің себебі, ауданда 13 жыл бойы егістік алқапта техника айдап, егін орған, оның тасымалын қамтамасыз еткен жанды Қоғалыкөл ауылында кездестірген болатынбыз. Рахима Досжанова ауданға «Енисей» комбайндары келген кезде ең алғаш тізгіндеп, «комбайншы әйел» атанған жандардың бірі.
Бүгінде ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болып жүрген Рахима Алдашқызы осы ауылдың тумасы. Елді-мекендегі білім ошағын бітірісімен кәсіптік білім алып, «Жамбыл» совхозында «Беларусь» тракторына отырады. Еңбек жолын шаруашылық техникасын тізгіндеуден бастап, аталмыш тракторды 4 жыл жүргізген. Техника тілін меңгеруді осы салаға одан 3 жыл бұрын келген ұстазы Гүлнар Әлекеева үйретеді. Жастайынан ауыр жұмысқа бейімделген жан қысы-жазы осы техникамен егін, шөп, халықтың отын-суын тасыды. Маусымдық жұмыстар келген кезде ол комбайнға отырып, күріш бастыруды да қамтамасыз етті.
- Ең алғашқы «Енисей» комбайндарын атымызға жаздырып алып келген болатын. Сол жаңа комбайндардың бірін бірінші тізгіндеп, сыннан өткіздім. Оған дейін «Сибиряк» комбайндарын да жүргіздім. Бірақ «Енисей» комбайыны мықты болды. Күріш дестелері жалпақ болса, оны «Сибиряк» жей алмай, тұрып қалатын. Ал «Енисей» оған қиналмайтын еді, - деп кезіндегі әйел механизатор комбайндардың айырмашылықтарын айтып берді. Сонымен қатар, Р.Досжанова сол кездердегі қызу еңбектің қызығымен де бөлісті.
- Жігіттер жағы «қыз бала ғой» деп сыйлап, соның арқасында тек жаңа техникаларды жүргіздім. Кейде жаңа «Енисей» комбайнымен күріш бастырып бара жатқанда ескі комбайнмен жүрген жігіттер намыстанып та қалатын. Өйткені, мен «Енисеймен» жалпақ күріш дестелерін бастырып, бункерді тез толтырамын. Ал жігіттер «Сибирякпен» жіңішке дестелерді бастыратын. Кейде бұзылып қалады. Сондай шақта олар «Байтал шауып бәйге алмас» деген. Жаңа комбайн болған соң ғана осылай жүріп барады» дейтін. Бірақ сол кездегі қатар жұмыс жасаған жігіттер «алтын» еді ғой. Қастарында жүрсем де еш арамдық ойламайды, техникам бұзылып қалса, жөндеуден өткізіп, жүргізіп жіберетін. Талай жігіттер жолда трактордың дөңгелегі тесіліп қалса, өздерінікін салып беріп, сол орында қала беретін - дейді еңбектің қадірін білетін әйел-ана қатарластарының өзіне деген құрметін ерекше ықыласпен еске алып.
Рахима апай жаңа комбайнмен маусымдық жұмысқа қатысқан алғашқы жылда чемпион атанған. Ол «Енисеймен» 13 бункер күріш тапсырып, соның нәтижесінде механизаторлардың алды болды. Техника тілін меңгерген жан 13 жыл бойы Рахымбек Жұмабеков басқарған бригадада жұмыс жасап, еңбектің нанын жеді. Осы уақыттың ішінде ол 11 техниканы тізгіндеген екен.
-Бізге екі жыл сайын жаңа техника беріп отырды. Комбайн немесе тракторларымыз бұзылып қалса, өздері жөндеп береді. Техника басқарған жылдардың ішінде жөндеу жұмыстарын жасаған жоқпын. Совхоз жұмысшылары «За рулем курсант» деп бізді мазақ қылатын. Десе де, осы техника жүргізген жылдарда комбайндармен қоса 2 «ХТЗ-150», 4 «Беларусь» тракторларымен жұмыс жасадым, - деді Р.Алдашқызы.
Қатарынан үш жыл комбайнмен күріш бастыруды қамтамасыз еткеннен кейін механизатор 9,11 тонналық тіркемелі «ХТЗ-150» тракторымен тасымалда да жүрді. Осындай жұмыстарды жасап жүргенде өзімен қатар жұмыс атқарған механизатор Жарқынбек Қоржынбаевқа тұрмысқа шығады. Жолдасы екеуі қатар жұмыс істеп, 6 баланы өсіріп, тәрбиеледі.
-Трактор айдап жүріп бала да таптық. Сәбилерім дүниеге келген соң екі айдан кейін жұмысқа шығамын. Ол кезде Үкіметтің талабы сондай. Балаларыма енем қарады. Ал мен жазда егістік басында жүрдім, қыста жем-шөп тасыдым, - дейді ардақты ана.
Еңбек майданында жүріп Рахима Досжанова бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Партияның семинар-конференцияларына қатысып, жемісті еңбегі үшін комсомол ұйымының «Алтын масақ» («Золотой колос») төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Рахима апай «Жұмыстағы жеміс оның жеңілін іздеп табуда емес, артылған жауапкершілікті сезініп, адал еңбек етуде» екенін жастар білуі керек дейді. Осы мақсатта құрметті еңбек ардагері ұрпақ тәрбиесі үшін жұмыс жасап жүр. Қазіргі таңда ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы болып, ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ