Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛҒА ЖОЛ САЛҒАН ТРАКТОРШЫ

ҚЫЗЫЛҒА ЖОЛ САЛҒАН ТРАКТОРШЫ

– Мұндай кезде біз жердің басында «зябта» жүретінбіз, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. – Қайнаған тіршіліктің ортасы. Көктемгі егістікке дайындалып, барлық техникалар атыздарда жүретін. Нағыз еңбек сонда ғой. Қарап отырсам, сол бір кезеңдер қызық еді, – деді өткен күндерді аңсағандай терезеден сыртқа қарап отырған қоғалыкөлдік Гүлнәр Әлекеева. Түр-келбетіне қарап бұл кісіні кезінде техника тізгіндеп, дала қосында маңдай тер төккен деп ешкім пайымдай қоймас. Алайда, Қоғалыкөлге барып «Гүлнәр Әлекеева» десеңіз жұртшылық «Әлгі трактор жүргізген Гүлнәр ма?» деп бірден айтып жатады. Бұл бүгінде тек жеңіл автокөлікті тізгіндеп жүрген қыз-келіншектерге таңсық болар. Бірақ өткен ғасырдың орта шеніндегі әйел-аналар жастайынан ауыр техникаға отырып, еңбектің нақ үлгісін көрсете білді.
Ата кәсіп – егін егуге барлық ауыл адамы жұмылдырылған шақ. Оған қоса, қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаеваның «Қыз­дар – техникаға!» ұраны ен далаға тарап, әйел қауымы ауыр техникаларға отырып жатқан кезең. Дәл осы тұста онжылдық мектепті бітірген өрімдей жас қыз да еңбекке ерте араласып, жәй жұмысшы емес, бірден су жаңа техникаға отырып, «тракторшы» атанады. Бала кезден әкесінің, ағасының жанында жүріп трактор жүргізуді үйренгені бар. Оның үстіне, кәсіптік-техникалық училищеде үш айлық курстан өтіп, «техник-механик» мамандығын меңгеріп алған.
– Әлі есімде, 1975 жылдың 14 сәуірінде МТЗ-50 тракторының руліне алғаш отырдым. Жап-жаңа. Менімен бірге осы ауылдағы Ажаркүл Нұртазаева, Айымкүл Қожақова, Рахима Досжанова, Рабиға Ибадуллаевалар да техника тізгіндеді. Мен «Майарық» қожалығының №7 бригадасында жұмыс жасадым. Бригадир Жаңбырбай Қожауов. Ол кісі көп көмектесті. Өз ағам да көмектесіп тұрды. Тракторға «стартер» салып береді. Еш қиындығы жоқ еді ғой, – дейді зейнеттегі механизатор.
Совхозда еңбек етіп жүріп ауыр техни­каларға қызығушылығы артқан Г.Әлекеева үлкен «К-700» тракторын жүргізуді армандайды. Жас қыз фермада жүріп аталған тракторды жүргізетін ағасының техникасымен малдарға шөп салуға өзі сұранып жүреді. Сонда кәдімгі тракторлардан «К-700»-дің биік екенін көріп, ойланбастан осындай техника жүргізуге қызығады. Ол үшін 1979 жылы арнайы курс оқиды. Ал келер жылы совхозға келген жаңа қос «К-700» дің біреуін тізгіндейді. «Қиын болады» деген сөздерге қарамастан, алған бетінен қайтпайды.

Алып техникаға алғаш отырғанда жол тегістеуішті (длиноваз) тіркеп, Аңламасқа қарай бет алады. Совхоз басшылығы сол жаққа қарай баратын жолды тегістеуді тапсырған. Онда 220 гектар егістік бар. Үш бригада жұмыс жасайды. Бір апта бойына сол жолдың ой-шұқырын тегістеп шығады. Осы ұзын жолдың бойымен ауылға қарай келе жатқанда алдынан жеңіл көлік шыққан. Ауыр техника болған соң өтіп кеткенше тоқтай тұрады. Бірақ жол жиегіне көп жақындамайды. Әлі тәжірибе аз. Алайда, әлгі көлік жүргізушісі де «К-700»-дің алдына кесе көлденең келіп тоқтайды. Механизатор қыз айналып өтуге ишарат білдірсе де тұрып алады. Содан ол техникадан түсіп, көлік жүргізушісіне барып, айналып өтуді айтады. Апта бойына жол тегістеп жүргенін де жеткізеді. Сөйтсе, көліктің ішінде «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің журналисі Мырқы Исаев бар екен. Содан көлік өтіп кетіп, тракторшы қыз ауылға жетеді. Артынша, бір-екі күннен соң Гүлнәр Әлекеева туралы облыстық газетте «Қызылдағы қыздың сал­ған жолы» деген мақала жарияланыпты.
Жанындағы жанашырлар көмегімен техник-механик үлкен техниканы жүргізуге машықтанып алады. Ерте көктемнен бас­тап жер тегістеп, ала жаздай шөп тасып, күзде егін жинайды. Егін жинау науқанында «К-700»-бен қоса комбайнды да жүргізеді. Күнделікті 9 жә­не 12 тонналық қос тір­ке­мені тіркеп, егіс басына барады. Онда «Енисей» комбайнына отырып, тіркемелерді күрішке толтырады.
– Қос тіркемеге 21 бункер астық кетеді. Кешке дейін егінді бастырып, тіркемені толтырып, ауылға қайтатынмын – дейді кейіпкеріміз жымиып. Осылайша, науқандық жұмыс біткенше ерінбей еңбек етеді, оның жемісін де көреді.
Техника қанша жаңа болғанымен, қозғалт­қышқа күш түскенде бұзылатыны анық. Мұндай кезде бұзылып тұрған жерді анықтап, оны техникадан босатып алып қояды екен.
– Қай жердің кетіп тұрғанын білемін. Сосын бұзуға «беспін». Бұзылған техника бөлшегін алып кетіп, жөндеп әкеліп береді. Бірде «К-700» түтіндеп, жүрмей қалды. «Форсункасы» кеткенін білемін. Соны босатып қойғанмын. Бригадир келді. Енді үлкен техника. Бөлшектері де ауыр. Екеулеп көтеріп алдық. «Ауыр емес пе?» деп сұрап қояды. «Ауыр емес» деп көтеріп, жөндеп алған кездер болды, – дейді майталман механизатор.
Бір күні ауыр техниканың гидробагынан келетін майтүтік (шланг) жарылып кетеді. Оның ішінде 200 литр май бар. Барлығы ағып кетпеуі тиіс. Техника болған соң қосымша бөлшектер бірге жүреді. Бірден отыз екілік майтүтікті алып ауыстыруға кіріседі. Жарылғанын алып, жаңасын салайын десе икемге келмейді. Содан жаңағы май ағып тұрған жерді қолмен бітеген күйі ұстап тұрады. Қолдан аққан қозғалтқыш майы аяққа дейін жетіп, жер «көл-дария» болады. Жіберейін десе барлық май ағып кететін түрі бар. Сол тұрғаннан түскі астан механизаторлар келгенше тұрады. Олар келгенде қолы талған тракторшы қыз жылап қоя беріпті. «Бұл бір естен кетпейтін шақ» дейді нәзік жанды тракторшы.
Он алты жыл техника тізгіндеп жүрген еңбек адамы аудандық, облыстық партия съездеріне делегет болып сайланған. Тіпті, механизатор әйел 1988 жылы Мәскеуде өткен ХІХ партия конференциясына қатысқан. Ол кезде КСРО-ның Денсаулық министрі Е.И.Чазов болған. Аймақтан барған 11 делегат министрдің қабылдауында болып, қазіргі облыстық медициналық орталықты салу жөніндегі жобаны енгізіп келген. Одан кейін Г.Әлекеева сол медициналық орталықтың салынуына атсалысып, оның салтанатты ашылуына қатысқан.
Көптеген жылдар бойына техника тізгін­деген қоғалыкөлдік механизатор 1989 жылы науқастанып қалады. Әрине, күндіз-түні дала қосында жүру, оның үстіне бірыңғай техникада отыру оңай емес. Біраз уақыт емделеді. Алайда, бұрынғысынша техникаға отыруға мүмкіндігі болмайды. Содан тәуелсіздік жылдарында ауылдық кеңеске хатшы болады. Сонда жүріп еңбек етеді, зейнетке шығады. Бір өкініштісі, жастайынан тракторға отырған жанның техника жүргізгендегі біраз жылғы еңбегі зейнетақыға қосылмай қалыпты. Десе де, техниканың тілін білетін Гүлнар апа Әлекеева оған қынжылмайды. «Өз қызығушылығымызбен еңбек еттік, маңдай тердің жемісін көрдік» дейді.
Қазір осындай елге қызметімен еленген әйел-ананың еңбегі елеусіз қалмаса дейміз. Ауыр техникаға отырмақ түгілі егін басына барғанға қиналып жататындар бар. Сондықтан Қызылға дейін жол салып, еңбек даласында кейбір ер жігіттердің қолынан келмейтін жұмысты жасаған Гүлнәр Әлекеева секілді әйел-анаға құрмет мол!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 наурыз 2019 ж. 1 439 0