Қиындыққа мойымаған ана
нағыБүгінгі кейіпкерім өткенін еске түсіріп, ойланып ұзақ отырды. Сәлден кейін әңгімесін әріден қозғап, өмір тарихын кеңінен айта бастады. Әсілінде балалық шағы қиыншылық кезеңге тап келіп, осы кезге дейін бір сәтке мойымаған сыңайлы. Оның бойындағы темірдей қаттылық сүреңсіз өмірдің қатпарлы жолында сүрінбес үшін қалыптасқан. Күн сайын бейнетке толы сол жылдарға еріксіз сапар шегеді. Біруақ осы күніне шүкірлік етеді. Қашанда еңбегімен ел ішінде елеулі болған қадірлі ана Зейнекүл Егізбаеваны көргендегі ой осы.
Жетпістің үшеуіне келген қарт ананың бітім-болмысында қайсарлық жатыр. Жастайынан еңбекке ерте араласып, берекесі тасыған егістік даласында барынша шыныққан. Бала күнінде қазіргі Қалжан ахун ауылынан Шағанға көшіп барып, егін мен мал шаруашылығы саласында еңбек етеді. Дархан дала төсінде аянбай тер төгіп, алдынғы буынның нақ ізбасарына айналады. Сол күннен ауыртпалықты сезінбей алға қарай нық қадам басумен келеді.
Ауылынан ұзап, Тереңөзекке келін болған шағында қара жұмыстың бел ортасынан табылып, қайратымен талай асудан өтті. Кенттегі астық қабылдау пунктінде он жылдан аса уақыт жұмыс жасайды. Өткен ғасырдың орта шенінде өзі секілді замандас аналармен қатар жүгі зіл батпан ауыртпалықты еңсеріп шықты. Халықтың қазынасы саналатын астықты қоймаға кіргізіп, жинайтын. Сонда күнкөріс қамы үшін күніне 50-70 келі тартатын қапты көтерсе де басшылыққа уәж айтпаған. Науқан барысында жұмысшылар 3 ауысыммен жұмыс жасаған. Күндіз ері мен баласының күтіміне ден қойған кейуана жұмыстың түнгі ауысымын өзіне қолайлы көреді. Ел қатарлы әйел екенмін деп тайсалмай жүк пойыздарына астықты жинақтайды. Ауданға қарасты ауылдардан астық келген кезде жұмысшы топ сақадай сай тұратын. Арнайы аппаратқа екі жақтан жұмысшылар күріш салынған қапты жеткізеді. Ол әрі қарай вагонға тиеледі. Қыс мезгілінде көктемнің тұқымын тазалауға кіріседі. Сан түрлі аппараттың көмегімен жұмыс процесі жүзеге асады. Әр кезеңде күрмегін, қыпығын, қабығын алуға күш жұмсалады. Сол күндерді еске ала отырып:
– Мені өмір ерте есейтті. Қиындықта қажымадым. Негізінде көп ағайынды болған екенбіз. Бірақ сол кезеңде ағам екеуміз тұрақтап қалыппыз. Әкемнің бар өсиетін жадыма тоқығаннан болар қиындыққа мойымадық. Қалайда өмір ағымына ілесіп, өзіндік қолтаңба қалдыру үшін әр адам мақсат тұтады. Шүкір, астық жинау пунктінде қызу қайнап жатқан еңбек болатын. Әркез басшылықтан түскен пәрменді қабылдап, жоспарды мүлтіксіз орындауға тырысатынбыз. Әр бес күн сайын жұмысымызға дем беріп, еңбегіміз үшін бізді ынталандырып отыратын. Қатар дос-құрбымен ер адам атқаратын жұмыстарды еңсердік. Астық мол жиналып, мәз-мейрам күй кешетінбіз. Сол кездегі қызықты дәурен, мерейлі, берекелі шақ маған өмірлік сабақ болды, – дейді ардақты ана.
Зейнекүл Егізбаева еңбек ете жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласты. 4 жыл аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Күрмеулі мәселелерді шешуге атсалысып, халықтың қалаулысына айналды. Сол кездегі аудан басшысы Қонысбек Қазантаевтың қолынан партиялық билет алып, өз беделін арттыра түседі. Халық атынан мінберде сөз сөйледі. Сенім артқан жұртшылықтың ықыласына бөлену – абырой. Өзіндік позициясын өткір мінезімен көпшілікке танытып, «Құрмет белгісі» наградасына ие болды. Аудандағы 75 депутаттың қатарында сап түзеп, түйткілді мәселені шешу жолында барын салды. Ай сайын өткізілетін сессияда жан-жақты көзқарасын білдіріп, көп тілегінің орындалуына ықпал етті.
Жұбайы Серікбай екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Әңгіме барысында өткен өмірдің боямасыз шындығына үнілген Зейнекүл апа өкінішін де жасырмады. 38 жасында жұбайынан айырылғанын айтты. Содан бастап ұл-қызды жетілдіру жүгі анаға артылған.
Астық жинау пунктінен кейін аяулы ана балабақшада жұмыс жасаған. Еңбек жолында ол мұнай базада оператор қызметін де атқарады. Өмірдің талай теперіштерін көрген ардақты жан осы жерден зейнетке шығады. Қазіргі таңда құрметті ана немере-шөбере қызығын көріп отыр. Сан мәрте құрметке бөленген аяулы ана, ардақты жан барлық ғибратты ғұмырына шүкірлік етеді. Еңбекпен есейген жан бүгінгі қоғамның, бейбіт өмірдің егемен ел ұрпақтарына үлкен сый екенін айтады. Тек жалықпай жұмыс жасап, еңбектен береке тапса игі дейді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ