Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1905 ЖЫЛ: МЫҢДАҒАН ХАЛЫҚ КҮТКЕН ЖАҢАЛЫҚ

1905 ЖЫЛ: МЫҢДАҒАН ХАЛЫҚ КҮТКЕН ЖАҢАЛЫҚ


«Ата қоныс – алтын мекен» демекші әр адамның туған жерінен асқан байлығы жоқ. Қашанда берекесі тасыған, бірлігі жарасқан халықтың ырысы ортаймайды. Қайта күннен-күнге көштен қалмай дамыған ел тарихының шежірелі тұстары өткенге мол өнеге. Қазынаға толы тарих қойнауынан өзімізге керектіні елеп-екшеп, жалпақ жұртқа жеткізу баршаға міндет. Аудан үшін аса маңызға ие елеулі оқиғалар өткен ғасырдың басында орын алған. Соның бірі 1901-1905 жылдары Ресей мен Орта Азияны байланыстырған Орынбор – Ташкент темір жолы салынды. Бұл жаңалық Сыр халқын жаңа өмірге қадам басуына себепкер атандырды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек аталмыш темір жол құрылысында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы темір жолдың бір бөлігі 1905 жылы салынған Тереңөзек станциясы еді.
Темір жолда қызмет ететін аз ғана жұмыс­шылардан басқа 30-40-тай ғана шаруалар тұрған. Алғашқыда бұл жерде құрылыс, өндіріс орындары болмаған. Станцияда 60-70-тей қызметкер қиындыққа төзіп, шойын жолдың бойында шы­ныққан. Сол уақытта жеке шаруалар, өзбек, татар саудагерлеріне жалданып жұмыс жасайды. 1912-1913 жылдары белгілі азаматтың жетекшілік етуімен көпестер мен балықшылар Тереңөзек станциясында балықшылар пунктін ұйымдастырып, дүкен ашқан. Міне, Сыр жұртшылығының экономикалық дамуына шойын жолдың да пайдасы зор. Алыстағы ағайынмен байланыс орнап, өндіріс орындарының ашылуына, ел көрмеген тауарлардың көптеп келуіне мүмкіндік туады. Бүгінгі күнге дейін темір жол стансасы арқылы елдің алыс-жақын шетелден мыңдаған тонна жүк тасымалданады. Тоқсан жылдық тарихы бар аудан үшін ғасыр жасаған темір жол торабының бар жағынан септігі тигені анық. Талай тағдыр тоғысып, талай адам Сыр бойындағы жұртшылықты танып, білді. Бұрын 40 үй ден аспайтын темір жолы бойындағы халық саны артып, Тереңөзек кентінің аумағы кеңейіп толғауы тоқсан тірлік тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұған дейін аға буын өкілдерінің талай асуды бағындырғаны мәлім. Еңсесін тіктеген аудан тарихында есімі елге белгілі азаматтар табанды еңбек етеді. Бүгінде тек естелік ретінде айтылатын оқиғаларға Тереңөзек вокзал үйі куәгер. Шаң басқан архив жазбаларынан өткен күннің айтулы кезеңдерін айтпай-ақ түсінесің.
Ғасыр қойнауынан сыр шерткен вокзал үйі таяу жылға дейін халық игілігіне жұмыс жасады. Та­бал­дырығынан аттаған әрбір жолаушы Тереңөзекке қоныстануды, өсіп-өркендеуіне үлес қосуды мақсат етсе, енді бірі шойын жолды жағалап, тіршілік көшіне ілесті.

Б.ОРДАБЕКОВ
24 шілде 2018 ж. 1 223 0