ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІ
Бұлар отбасында төрт ағайынды. Жоқшылықтың кермек дәмін тартып, жанкешті өмір сүруде. Ескі қазақы там әкелерінен мұраға қалған. Шаңырақтың берекесі кетіп, жақсы күндердің нышаны түгісілгендей. Соқпалдай азаматтар бітірерге шаруа таппай құр салаңдап, жүреді де қояды. Бар азықтары қара нанға қанағат тұтады. Кейде оғанда жете алмай аш құрсак безек қағады. Құрғырларды құрықтап қойған не нәрсе? Ешбір адам біле де қоймас. Үлкендері ішімдікті қойнына жастанып ұйықтайды. Кейінгілері еріншектікке бойларын әбден үйретіп алған. Міне, бүгінде баяғы әуендеріне басып, күні бойына ұйқыдан көз ашар емес. Кейінгі өмірлері қалай өрбімек, тосыннан бақытты шақтармен қауышар ма? Әзірге белгісіз...
Үйдегі жалғыз кенже қыз Ғайшаның дерті басқа. Қайбір жылдары әкесінің тірідей өртенгенін көріп, есінен айрылған. Дәрігерлердің айтуынша, орны толмас қаза бейкүнә жанға ауыр соққы болып тиген. Қараңғы бөлмеден аттап бір қадам сыртқа шықпайды. Айналасындағы адамдарға жатырқай қарайды. Түні бойы сықылықтаған күлкілер мен өкси шыққан жылаңқы дауыстар жиі-жиі естіледі. Аналары болса, балаларының буы қатаймаған уақытта ауылға келген саудагер жігітпен еріп кеткен. Содан хабар-ұшарсыз кеткен бейбақты ешбір адам іздемеді. Отағасы Үсен әлі мектепке бармаған балаларын өз қарауына алып, талай тауқыметті бастан өткерді. Үйдің еркегі де, әйелі де өзі. Перзенттерінің күтімін жасап, қас қарайғанша жүк машинасымен аз-кем жұмыс жасағандай болады. Көрші-қолаңдар мен ағайын-туыс қанша басы бос келіншектермен таныстырса да, қайта үйленуге зауқы болмады. Сөйте тұра, ауыртпалықты өз мойнымен көтеріп, сырт көздің әңгімесін елеген емес. Артынан ерген құлыншақтары мен ерке қызын бақыты санайды. Перзенттері сырқаттанып, ауырғанын байқаса, көрші тәуіп кемпірдің көмегіне жүгінеді. Емші түрлі амалын жасап, сырқаттан айықтырып алады. Ауыр науқастан жалғыз ұлынан айырылған ана осыларға бауыр басқан. Кейде аты өшкір шешелерін іштей жек көріп кетеді. Қайдан ғана періштелерін әлгі саудагерге қиып кете барды. Үсен оған бір ауыз сөз айтпаған, қабақ шытып, қол көтермеген. Кескін келбеті келіскен ажарлы келіншек еді. Ол кеткелі бақандай жиырма жылға жуық уақыт зымырап өтті.
Үсен көрген қиындықтарын жауына да тілемеген. Төртеуін үй ішіне құлыптап кетіп, күн-көріс қарекетін жасайды. Бар тапқан-таянғаны азық-түліктен артылмайды. Жұмыстан келе салып, терезе жақтауында отырып, май шам жарығымен балалар киімінің жыртығын жамайды. Отырған жерінде мызғып кетіп, таң атқанын байқамай да қалады. Кәдімгі ер азаматқа тән қасиет, жүректілік Үсендей азаматтың бойынан табылды. Ауылдағылар әкесінің болмысын жоғалтпаған деп арасында жылы лебіздерін білдіріп қояды. Байсалдылығының арқасында әр іске байыппен қарайды. Құдай қосқан жары арда азаматқа ғұмыр бойы қасірет әкелгені рас. Жарықтық шіркін, әйелі кеткелі жан сырын ешкімге ашпаған сыңайлы.
Осылайша, балалар сабаққа барып, білім алды. Ғайша бойжетіп, үйдегі тіршіліктен әкесін біржолата босатқан. Ағалары әкесі тырбаңдап жинаған малдарын бағады. Ала жаздай бау-бақша егіп, қыстық азықтарын тапал базға толтырады. Арасында төрт-түлікке жоңышқалық шөптерін орып, пресстеп жинақтайды. Мал қораның кем-құтық жерлерін түгендеп, жөндейді. Көрші апасы Ғайшатайға тігін тігуді, тағамның түр-түрін әзірлеуді үйретті. Бос кезінде құрақ құрап, кесте тоқиды. Арманы тігін машинасын сатып алып, сүйікті ісімен айналысу. Жасы 18-ден енді асқан шағы Үсен іштей қызына қарап, сүйсінді, шешесіне айнымай қалғандығына таңданады. Ұяңдығы басым бойжеткен мектеп қабырғасында жүріп, жақсы жақтарынан көзге түсті. Келер жылы қалаған оқуына түсуге талабы бар болатын. Ал, үлкен ұлдарын шамасына қарай Үсен техникумды бітіртіп алған.
Түс ауа Ғайша кестесін қолына ала бергенде қора жақтан дабырлаған дауыс шықты. Ести саласымен жүгіріп барды. Жел ауанымен тиген шоқ қораны түгелдей отқа шарпыған екен. Әкесі жалын ортасындағы малдарын құтқарумен жанталасып жатыр. Ғайша байғұс көрген бойда шыңғырған күйі көршілерін көмекке шақырды. Жан дауысқа құлақ асар тіршілік иесі жоқ. Үсен төрт-түлігін құтқарамын деп ажал құшты. Жалындаған отқа шарпылған Үсенді көрген шарасыз қыз есінен танып құлап түсті. Ауыр қазаға төтеп бере алмаған Ғайша аурухана төсегіне таңылды. Аянышты халден оңалмаған қызға ешбір ем қонбады. Үміті үзілген ағайындары тағдыр ісіне көндігіп, бойжеткен қызды үйіне әкелген.
Бұл отбасының қызықтары таусылып, қайғы апанына омалып қалғандай. Жол көрсетер асқар тауынан айырылған ағайындылардың өмірі күрт өзгерді. Жүз сексен градусқа бұрылған тағдырлары әлі оң-солын танып үлгірмеген жас жігіттерді жаман жолға әкеліп түсірді. Көше бұзақылары, яки серіктестері аула маңайын торуылдап алған. Бөтелкелестер төргі бөлмені жатақтарына айналдырған. Науқас Ғайша барын көздеріне де ілмейді. Арқа-жарқа күнде сауық құрып, шайтан ортаға айналдырғандары қай заман. Бұлай жалғаса берсе, ақырғысы қайғылы жағдайға ұласпақ. Өзі асырап баққан жетімектердің аянышты түрлеріне төзбеген қара кемпір Қалампыр әлі есін дұрыс жия қоймаған ішкіштерді ортаға алып, аналық ақылын айтты. Өмірден түйгендерін, саналарына құйды. Ағыл-тегіл жылаған ана жүрегі әке аманатын жеткізді. Сексенді алқымдаған ананың сөздері үйілмелі-сүйілмелі ағайындыларға ой салғандай болды. Қарап отырса, осынау қарт бұларға ешкім де емес. Жәй көрші. Бірақ, жалғызынан айырылған мұңлыққа бұлардың әкесі өз баласындай болып еді. Ыстық-суықты бірге көріп, қиындықты аналы-балалы болып бірге жеңген. Қолындағы барын бір-бірімен бөліскен. Бір жаққа жол жүрер болса, көрші кемпірге балаларын аманат ететін. Келгенде сәлем-сауқатын ала келіп, кемпірдің көңілін аулайтын. Қайғының қара бұлты торлағанда да бұларға сүйеу болған осы қара кемпір еді. Балалар бұрынғы қалыпқа оралу үшін айтарлықтай күш қажет етеді. Дегенмен, тектіліктерін ұмытпай, қара кемпірдің түртпектеуімен ретке келе бастағандай. Тоңып, жүдеген қарындастарына қарайласуға бел буды. Әке өлгеннен бері теріс қараған ағайын әлгі үшеуінен үміттерін үзген. Үсеннің ортаншы ұлы Тарғын жүгін жинап, қалаға аттанды. Арағын қоймаса да, азайта бастаған Ерік үй шаруасына бейім болып алған. Азып-тозып біткен қара шаңырақты қолдап үй кейпіне келтіруге кірісті. Бір уақ сырқат қарындасын табиғат аясына шығарып, серуендетіп қайтады. Қараңғыдан басқаны қаламайтын Ғайша алғашқыда қасарысып, жарыққа шықпауға әрекет ететін. Кейіннен үйренісе бастады. Еріктің кіші інісі Байтас әкесінен қалған жүк көлігін жүргізуге талпынып жүр. Кезінде тоғайға барғанша айдап баратын. Жастайынан темір-терсекке әуестін. Техника тілін меңгергені кәдесіне жарап-ақ тұр. Бас-аяғы екі-үш күн толмай жатып, жүк машинасының дауысы гүрілдей бастады. Таң атысымен құрал-сайманын сайлап алып, әкесінің бұрынғы жұмысын жандандырады. Талай рет ақымақтыққа бой алдырған ағайындылар арасындағы қызу тіршілікті байқаған Қалампыр кемпір дән риза. Біраздан сорпа атауының дәмін татпаған жігіттерге арнап, қыстық соғымнан ет асқан. Бұрынғы тәуіптік қасиетіне салып, Ғайша үшін дұға оқиды. – Оған селт еткен қыз көрінбейді. Алланың басына салғанын көреміздағы, - деді кейуана бет сипап жатып.
Тұралап қалған тіршіліктің бойына қан жүгіргелі біршама айға ұласты. Ерік қарындасы мен үй-жайға бас-көз болады. Байтас күн шықпай машинасына отырып, жұмысына тартады. Әйтеуір, күндегі пайдасы өздеріне жетеді. Тоз-тозы шыққан түгелдей отбасы мүшелері көп ұзамай аяққа тұрып, ел-жұрттың қатарына қосылу үшін маңдай терлерімен еңбек етуде.
Қалаға кеткен Тарғын құрылыс бригадасына жұмысқа тұрып, кәдімгідей ақылы толысқан. Арманы қарындасын емдетіп, қатарға қосу. Мардымсыз айлық жүріп-тұрудан артылмайды. Жатақханадан жұмысшыларға тегін жатын орын қарастырылған. Тамақ та тегін. Кешкілік бір мезетке бой жазып қайтуды ойлап, көшеге шықты. Ұзақ жүрген Тарғын өзен жағалауына келіп аз-кем аялдаған. Әдемі табиғат көрінісіне таңдана қарап, сылдырлап аққан мөлдір суға көздері түсті. Жанды баурайтын тылсым нәзіктік десейші. Осы төңірекке келгені алғаш рет емес. Ауылдағы бауырларын, туған мекенін сағынғанда осы жаққа тылсым дүние итермелейді. Бала күнгі әкенің айтқанына көнбей канал суына шомылып, топырлаған достарымен доп тебетіні әлі есінде. Бүгінде достарының барлығы отбасылы, үйленген. Тарғынның басына түскен ауыртпалықты бірге бөлісуге жарамаған олар кері айналған. Бұл кешкі серуеннен өте кеш оралды. Мұң атаулыны сыртқа тастап, жаңаша серпіліс үстінде ұйқыға батты. Жас жігіт қала атмосферасына үйренісіп, адамдармен етене жақын бола бастаған. Құрылысшыларға төрт мезгіл тамақ даярлайтын аспазшы қыздар бар. Солардың ішіндегі көрікті ару Дананы Тарғын ұнатып қалған секілді. Бойжеткеннің кезекшілігі келген күні бұл да байыз тауып отыра алмай асхананы айналшықтап шықпайды. Ешкім білмеген жан сыры күннен-күнге іштегі лаулаған сезімге ұласуда. Бірде ауқаттануға келген Тарғын: - Амансыз ба?, - деп тіл қатып, бір жапырақ қағазды қыз қолына ұстата салған. Қызды кешкі сағат ондар шамасында кездесуге шақырған. Тарғынның ойынан бейхабар Дана хатты оқыған бойда лақтыра салған. Осында келген көп еркектің бірі секілді саңдырақтаған болар деген оймен жазылған жазуға аса мән бермеген. Тарғын межелеген уақытта Дананы ұзақ күтті. Алғашқы қадамнан үміті ақталмағынына қынжылды. Ұнжырғасы түскен жігіт жатаққа қайта оралды. Арада бір апта уақыт зымырап өте шыққанын білмей қалды. Асханаға келген сайын айналасын көзбен шолып қызды іздейтін жігіт бұл жолы «батылдау болу керек» деп шешті. Сөйтті де кезегі келгенде тамағын алмастан бұрын Данаға қарап тұрып:
– Мен сізді шын мәнінде ұнаттым. Мүмкін бұған сенерсіз, сенберсіз. Сізге деген пейілім таза екенін қалай растайтынымды да білмеймін,- деді Тарғын. Артынша, үнсіз тұрған сүйгенін тағы да кездесуге шақырып кетті. Күдік пен сенім екіге айырылған шақ. Ай сәулесімен ажарланған сұлу бойжеткен аяқтарын ептеп басып шақырған жерге келді. Күдерін үзген болу керек. Қызға таңырқай қарап, бір орнынан қозғалмай қарап қалыпты. Екеуі сол күні ұзақ сыр шертісті. Ақырында, бейтаныс жандар қыз бен жігіт ретінде жүруге байлам жасады.
Күз айлары орта белден асқан уақыт. Қос ғашық кездесіп, жұп болғанына үш айға жуықтаған. Тарғын балалық шағы, жастайынан көрген қиындықты түгел Данаға баяндаған. Қарапайым отбасыдан шыққан қала қызы Тарғынның тағдырын білгеннен кейін оның жан дүниесін түсінгендей болды. Осынау ашық әңгіме қос ғашықты бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Екеуі қазірдің өзінде өздерін бақытты сезінеді. Ауылдағы ағайындарынан хат-хабар алып тұрады. Ерік те өзімен қатар өскен Айжамалға сөз салған. Байтас екеуі мал бордақылаумен айналысып, базарға апарып сатуды қолға ала бастады. Түскен қаражатқа кәсіптерін кеңейтпек. Тәңір сынағына мойымай, адал еңбекпен есейген азаматтар қаумалаған халық ішінде сыйлы. Қалампыр кемпір қоржын тамын сатып, балалардың қасына көшіп алған. Бәрібір жалғыз басты қарт ана қарақан басы не істемек?! Алаңсыз Ғайшаның қасынан бір елі қалмайды.
Сәрсенбінің сәтінде Қалампырға балалары тосын жаңалықтарымен бөлісті. Тарғын мен Ерік ақылдаса келе сүйген қыздарына үйленуге бел байлаған. Екінші анасы атанған апаларының ақ батасын алды. Әкесінің бейітіне барып, Құран бағыштады. Осыдан біршама уақыт бұрын бұл әулет отбасы, берекелелі шаңырақ болады дегенге ешкім сенбес еді. Қазір, шүкір, барлық қиындық артта қалған. Сан түрлі ауырпалықтың оңынан туар жақсылығы болады. Тойға қызу дайындық басталып, қарбаласқан тірлік қабаттасып кеткен. Межелеген таянған шақта шаттық лебі желдей есті. Тарғын мен Дана, Ерік пен Айжамалдың тойы бір күнде өтіп, той дүрлігіне бүкіл ауыл, ағайын-туыс куә болды. Қос жеңгесі Ғайшаға сәнді көйлек кигізіп, орталарына алған. Ғайшаны есі кірмеген деп кім айтады. Ағаларының қуанышына балаша қуанып, қол шапалақтайды. Байтас бүгін-ертең үйленуге ниет танытпайды. Әзірге жас жеңгелерінің қолынан шай ішкенді жөн санайды. Міне, осылайша әкенің асқақ арманы орындалып, бейтаныс адамның жетегіне ілескен шешелері құлатқан шаңырақ бағаналары балалар тілеуімен қайта тұрды.
Адал, аңғал азамат Үсеннің әулетіндегі болған жағымсыз жәйттердің салқыны сетініп, балалар дегеніне жетті. Кезінде Үсен еккен кәрі ағаш астында жас бүлдіршіндер ойынға тоймастан жүгіреді. Ал, Қалампыр кемпір немерелер қызығына тояр емес. Әттең, бұл отбасында Ғайша қыз ғана сол күйі дертінен айықпаған. Терезеге қарап, үнсіздікке шырмалып қалғандай. Тағдыры неткен қатал еді!
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 1