Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана қадірі

Ана қадірі

Аудандық басылымнан тарихи-танымдық, қазақы тәлім-тәрбие, ата-анаға құрмет және жалпы руханият саласы бойынша жазылған дүниелерді үзбей оқитын оқырмандардың бірімін. Жақында «Тіршілік тынысының» №68 саны қолыма тиіп, ұрпақтары ұлықтаған Абызбай Махамбетовті еске алуға арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылғаны жөнінде мақала оқыдым. Аталған мақаланы оқып, ұрпақтары ұлықтаған тұлғаның рухына жасалған тағзыммен таныса отырып, саналы тәрбие беріп, үлкен өмір жолына қанаттандырған анам есіме түсіп, қолыма қалам алдым. Анаға деген сағыныш көңілді тербеп, жүректі сырлы сезімге бөледі.
Біз анамыз Шырынкүлді апа дейтінбіз. Апамыздың дүниеден қайтқанына да 30 жыл уақыт болыпты. Апам есіме түссе, көңілім құлазып, тұла бойымды естен кетпес естеліктер билеп, жүрегім сыздайды. Бұл көңілімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал осынау сезімді жасы 50-ден асқан інімнің де бастан өткеретінін естігенде тіпті, көңілім астан-кестен болып кетеді. Сірә, анаға деген сағыныш сарқылмас сезім секілді. Әрбір перзент анасын сағынатынына шүбәміз жоқ.
Осыдан 30 жыл бұрын апамызға халқымыз «жаман ауру» деп атын да атамайтын кесел жабысты. Тамағынан бір жұтым да су өтпей, қиналған сәті әлі күнге көз алдымда. Сол кезде біз «Тірлігінде көрген қиындығы аздай, қартайғанда бұл не қылған сынақ» деп налығанбыз. Бәріміз «анамыз сауығып, арамызда жүрсе, біздің қызығымызды көрсе», деп жатсақ та, тұрсақ та тіледік. Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Апамыз ауыр науқастан көз жұмды. Артында әкеміз, үш ұл мен төрт қыз қала бердік. Анасыз атқан таң қандай қиын еді. Жалпы адам өмірінде ананың орны бөлек.Өмірден өткеннен кейін бірнеше жылға дейін апамыз есіктен кіріп келердей, «балам-ай» деп шақыратындай үмітте жүрдік. Уақыт – бәріне емші. Әкемізге арқа сүйеп, бір-бірімізді жетелеп жүріп, ер жеттік, есейдік, ұлдар келін түсіріп, біз тұрмысқа шықтық. Бірақ жүрек төрінде «Әттең, біздің қызығымызды көре алмай кетті-ау» деген сөз жаңғырып тұрды. Әлі де солай.
«Әркімнің ата-анасы – әулиесі» деген сөз бар. Мен жазушы болмасам да жүректен шыққан сөзді анамның асыл қасиеттерін еске ала отырып, рухына арнаймын. Үлкенді-кішілі бас қосуда жастарға өмір сыйлап, тәлім-тәрбие берген анаға құрмет көрсету керектігін айтып отырамын. Қонақжай, көпшіл, мейірімді әрі қолы ашық болған апамның өмірбаянынан мысалдар келтіремін. Расында да апамыз ағайын-туысқа, құда-жегжатқа, абысын-ажынға қадірлі, сыйлы еді. Ақ дастарханы жиылмайтын жайдары жан болатын. Көзкөргендер біледі, апамның әкесі Әбілқайыр Құлымбетов – елдегі алғашқы ұстаздардың бірі, анасы Үмбігүлсім (Үмбіш) – Сыр еліне танымал Бабай ишанның қызы болған. Үлкен әулеттен алған тәрбиесін анамыз барынша балаларына берді. Өзі оқи алмаса да, бәрімізге жоғары білім алу үшін жағдай жасады. Біздерді жаста­йымыздан еңбексүйгіштікке тәрбиеледі. «Ұлдың, қыздың жұмысы» деп бөлген жоқ. Отын шабу, пішен ору, оны тиеу, түсіру, картоп егу, жинау және т.б. жұмыстардың бәрінің басы-қасында өзі жүретін. Пісірген тағамдары өте дәмді болатын. Сонымен бірге апамыз он саусағынан өнер тамған шебер еді. Алаша, кілем, бөкебай тоқитын. Ауылдағы көрші-көлем апамызды текемет басуға арнайы шақыратын.
Мен үшін апам ақылдың кені, дариясы болды. Үлкендер жоғары оқу орнын бітірген соң арнайы жолдамамен Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысының Қызылқұм (Отырар) ауылында он бес жылдай ұстаздық еткен әкемнің туған жеріне оралуына да апамыз мұрындық болғанын айтатын. Көшіп келген соң жұмыс таңдамай, өмірінің соңына дейін сол кезде ПМК-18 деп аталатын құрылыс мекемесінде сылақшы болып жұмыс істеді, бригада басқарды. Жұмыста да абыройлы болды, ауылдық, аудандық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. «Осыдан екі-үш жыл бұрын Отырар ауылына барудың сәті түсті. Үйдің кенжесі Айзатты ертіп, біздің үй осы жерде болатын деп шамалап, бір үйдің есігін қағып едім, жасы үлкендеу кісі шыға келді. Жыға таныдым, есімі Көпжасар болу керек деп ойлағанымша болған жоқ «Қожекеңнің қыздарысыңдар ма?» деді. «Бірден таныдым, Шырын әпкемнен айнымай қалыпсың», – деді Айзатқа қарап. «Анаң өте ажарлы, көрші-қолаңға сыйлы, иман жүзді адам еді» – дегенде көз жасымды тоқтата алмадым. Дастархан үстінде де анам, әкем туралы сұраумен болдым. «Анашым жас кезінен-ақ сыйлы болған екен-ау!» деген мақтаныш бойды кернеді.
Анамызды көргендер апамыздың ағайынға, бауырға өте қамқор болғанын айтады. Менің де есімде өзімен бірге туған бауырларының балалары да біздің үйден шықпайтын. Үйіміз кішкене болса да, бәріне орын табылатын. Тіпті, күйеуімен ұрсысып қалған көршінің әйелі де бала-шағасымен біздің үйде тұрғаны есімде қалыпты. Бала-шағасы жоқ, жалғызілікті апасының да қамқорлығы анамның мойнында болатын. Сіңлім «Студент кезімде бес-алты қызбен апта сайын ауылға келемін, анамыздың адал асын ішіп-жеп, дорбамызды толтырып кетемін. Кейін оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң байқасам үйде тамақ та, киім де жетіспейді екен. Сөйтсем, апам байғұс, мен келерде құрбыларының алдында «мерейі үстем болсын» деп, өзі ішпей-жемей, маған сақтайды екен-ау! «Қаймақ жегім келмейді» деп бізге беретін. Сонда баламыз ғой, «қаймақ деген тәтті емес пе, неге жемейді екен деп ойлайтын едім...» дейді.
Ананың қадірін әрбір адам ұғынуы тиіс. Түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянған ардақты жанның орнын ешкім баса да алмас, сірә! Оған деген сағыныш еш толастамайды. Сөз соңында ата-ананы құрметтейік, қадірлейік, қандай құрмет жасасақ та көзі тірісінде жасайық дегім келеді.

С.Палымбетова,
ардагер-ұстаз
17 қыркүйек 2019 ж. 1 032 0