Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЙРАТКЕР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҚАЙРАТКЕР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді орындау аясында жақында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және Ақжарма ауылдық клубының ұйымдастыруымен көрнекті дін қайраткері, ағартушы-ұстаз Садық ахун Қодарұлын еске алу арқылы жергілікті ақындардың шығармашылығын шыңдау мақсатында мүшәйра өтті. Аудандық жыр додасына кент және ауылдық округтерден 18-40 жас аралығындағы 9 ақын қатысып, өз туындыларын ұсынды.
Игі шара ауылдық мешіттен басталды. Мұнда шығармашылыққа бет бұрған ақындар баба рухына тағзым жасап, дұға етті. Ауылдың ақсақалдары ауыл тарихы туралы тағылымды әңгімелер айтып, ел алғысын арқалаған азаматтардың еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі етті. Сонымен бірге, Садық ахун Қодарұлының емшілік қасиетінен сыр шертетін тың мәліметтер айтылды.
Мұнан кейін жыр додасының негізгі кезеңі басталып, іс-шара ауылдық клубта ұйымдастырылды. Мүшәйра басталмас бұрын Садық ахунның өмірбаяны кеңінен таныстырылды. Слайд арқылы көрініс тапқан мәліметтерден жиналған қауым рухани азық алды. Туған өлкенің тарихына қанығып, киелі мекендерін танып, білді. Шарада ауылдық округ әкімі Қ.Нұрсейітов сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
– Тарихты тану – тағылымды іс. Халқымыз «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ» дейді. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін» деген сүбелі ой айтты. Расымен де, соңғы ғасырларда қазақ халқының болмысы үлкен өзгеріске ұшырап, тарихи жады өше жаздаған еді. Тек Тәуелсіздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырып, тарихымызды түгелдей бастадық. Ал, үстіміздегі жылы жарияланған бағдарламалық мақала санамызға зор сілкініс жасады. Осы ретте, ауыл азаматтарымен ақылдаса келе, баба рухына тағзым жасау мақсатында аудандық мүшәйра өткізуді қолға алдық. Мақсат – жас ақындардың Отансүйгіштік сезімін оятып, тарихи тұлғалар туралы қалам тербеулеріне серпін беру,- деген ауыл әкімі елді мекеннің рухани-мәдени өмірі жөнінде де айтты. Сонымен бірге, айтыстың ақберені атанған Заметдин Ибадуллаев мүшәйраға тарту ретінде арнау өлеңін оқып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы, жыр додасына ақын, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар төрағалық еткен, мүшелігінде атақты айтыскер-ақын Заметдин Ибадуллаев, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Айгүл Әуезова секілді кәсіби мамандар төрелік етті. Ақындардың өнеріне баға берген олар өлеңнің жазыл­уына, сахна мәдениетінің сақталуына, тақырыптың ашыл­уына баса мән берді. «Асыл едің, ардақтаған халқың баба» тақырыбындағы мүшәйра екі кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезеңде талапкерлер Садық ахун Қодарұлына арналған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жазған жырларын ұсынды.
Жыр бәйгесінің қорытындысында Асқар Тоқмағанбетов ауылының атынан сынға түскен Төлеу Мадияр бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І-орын тұғырынан Ақтөре Ибрагимұлы көрінді. Қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов ІІ-орын иеленсе, шағандық Нұржамал Ізбасханова мен ақжармалық Ұлбосын Кенішбековаға ІІІ-орын берілді. Қалған талапкерлерге ынталандыру сыйлықтары беріліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Жыр додасының марапаттау салтанатында сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы, ақын Бағдат Есназар ақындардың өлеңдеріне талдау жасап, бірқатар ақыл-кеңесін айтты. Мүшәйраның негізгі кезеңі аяқталғаннан кейін аудандық мәслихат депутаты Марат Бисеновтің демеушілігімен «Нұрлы жол» сервистік кешенінде ас берілді. Ақ дастарханда бас қосқан ауыл қариялары мен жыр додасына қатысушылар баба рухына Құран бағыштады. Ақсақалдар өнегелі өсиеттер айтып, жастарға бата берді. Ауылдық клуб меңгерушісі А.Темірхановтың айтуынша, бұл іс-шара алдағы уақытта өз жалғасын табатынын жеткізді. Өз кезегінде Садық ахун Қодарұлының ұрпақтары ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.



24 қараша 2017 ж. 1 712 0