Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі қаншалықты өседі?
Жаңа жылдан бастап еліміздегі әлеуметтік салада, яғни зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінде өзгерістер болатыны белгілі. Мемлекеттен ай сайын берілетін әлеуметтік төлемдерде өзгеріс болады деп күтілуде. Бұл өзгерістер жайында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Сырдария аудандық бөлім басшысы Сағидолла Еламановпен сұхбаттасып, анық-қанығын білдік.
– Сағидолла Балтабайұлы, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы ҚР-ның Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы жобасына сәйкес 2024 жылдан бастап қандай өзгерістер болады?
– Жыл сайын әлеуметтік төлемдерде өзгерістер болатыны белгілі. Жаңа 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57853 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28215 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 43407 теңге мөлшерінде белгіленді.
– Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері келер жылдан бастап қалай есептелмек?
– Жасына және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін алып тұрған зейнеткерлерге 9 пайызға көбейеді. Жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (203 060 теңге) құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР-ның Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65 пайызы (60 пайыздың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады. Бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады, ал №1, №2 тізім бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақының бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толық толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақысы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюына байланысты арттырылады.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысында да өзгерістер болады ма?
– Әрине, жаңа жылдан бастап бірінші топ – 95496 теңге алса, екінші топ – 76397 теңге, ал үшінші топ – 52089 теңге алады.
7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 69886 теңге, 7 жастан бастап балалардың мүгедектік топтары белгіленген кезде бірінші топтағы мүгедек балаларға – 95496 теңге, екінші топтағы мүгедек балаларға – 79435 теңге, үшінші топтағы мүгедек балаларға – 69886 теңге болып белгіленді. Әскери қызмет атқару кезінде болған мүгедектерге I топ – 139771 теңге, II топ – 119370 теңге, III топ – 100271 теңге. Мүгедек баланың күтіміне – 69886 теңге. Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандарға байланысты жәрдемақы мөлшері: бір балаға – 39935 теңге, екі балаға – 73792 теңге, үш балаға – 97666 теңге, төрт балаға – 112859 теңге, бес балаға – 119370 теңге, алты және одан жоғары балаға – 130221 теңге. Тұлдыр жетім бір балаға – 66847 теңге, екі балаға – 133694 теңге, үш балаға – 200541 теңге, төрт балаға – 267388 теңге, бес балаға – 334234 теңге, алты балаға – 401081 теңге, жеті балаға – 467928 теңге, сегіз және одан жоғары балаға – 534775 теңге. Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы төрт балаға дейін – 140296 теңге, төрт және одан да жоғары бала туғанда – 232596 теңге. 1,5 жасқа дейін бала күтіміне бірінші балаға – 21266 теңге, екінші балаға – 25143 теңге, үшінші балаға – 28983 теңге, төртінші және одан да жоғары балаға – 32859 теңге.
– Көпбалалы отбасыларына төленетін жәрдемақы мөлшеріндегі өзгерістерді тарқатып айтсаңыз?
– Осы уақытқа дейін төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар, барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленіп келді және алдағы уақытта да төленетін болады. Өзгерістерге тоқталсақ, 4 баласы бар отбасыларға – 59183 теңге, 5 баласы барларға – 73988 теңге, 6 балаға – 88793 теңге, 7 балаға – 103598 теңге, 8 балаға – 118144 теңге, 9 балаға – 132912 теңге, 10 балаға – 147680 теңге,11 балаға – 162448 теңге, 12 балаға – 177216 теңге. Сонымен қатар «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналарға – 27321 теңге, «Күміс алқа» алған аналардың мемлекеттік жәрдемақысы – 23629 теңгеге артатынын айтқым келеді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттыру туралы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 19 қазандағы №925 қаулысына сәйкес 2024 жылы 1 қаңтарынан бастап 7 пайыз артады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
Бибісара ЖАНӘЛІ