Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы 7 пайызға артады

Зейнетақы 7 пайызға артады

Жыл сайын ел Президенті халыққа арналған Жолдауында әлеуметтік қам­сыздандыру мәселесін жетілдіруге байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар береді. Соның ішінде, зейнетақы мен жәрдемақы бойынша жыл сайын оның көлемін арттыру қажеттілігі айтылады. Биылғы жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңында айлық есептік көрсеткіштің мөлшері, күнкөріс деңгейі мен зейнетақы төлемдері жаңадан бекітілді. Осыған орай газет тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Сырдария аудандық бөлімінің басшысы Сағидолла Еламановпен сұхбаттасқан болатын.

– Сағидолла Балтабайұлы, биылғы жылы қабылданған  «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда зей­нетақы мен жәрдемақылардың жаңа мөлшері бекітілгені туралы айтылды. Осы мәселе жөнінде тарқатып айтсаңыз?

–  Биылғы жылдың тамыз айында Қаржы министрлігі «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын әзірлеп, жоба қыркүйек айына дейін талқыланған болатын. Жақында ҚР Парламенті «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды қабылдады. Аталған заңда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері – 2917 теңге, ең төменгі зейнетақы – 43272 теңге, күнкөріс деңгейі – 34302 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 18524 теңге, ең төменгі жалақы – 42500 теңге болып белгіленді. Осыған байланысты жаңа жылдан бастап жасына байланыс­ты зейнетақы төлемдерінің алып отырған мөлшері 7 пайызға көбейтіледі.

– Сіз айтып отырған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты көбейтіледі ме?

– Иә, қарапайым мысалмен түсіндіретін болсақ, егер зейнеткердің еңбек өтілі 33 жыл немесе одан жоғары болса, оның зейнетақысының мөлшері 2020 жылғы желтоқсан айында базалық зейнетақы төлемімен қосқанда 72201+32668=104869 теңгені құрады. Енді 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көбейткенде 72201х7 пайыз = 77256 теңге, оған 34302 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда (77256+34302) = барлығы 111558 теңге алатын болады, яғни 6689 теңгеге көбейеді.

– Енді еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда зейнетақы мөлшері қанша теңгеге ұлғаятынын айтыңызшы?

– Егер еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда орташа зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемін қосқанда (53545+24175) = 77720 теңге мөлшерінде алып келсе, келесі жылдан бастап 7 пайызға көбейтілгенде 53545х7 пайыз=57294 теңге, оған 25384 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда 82678 теңгені құрап, 4958 теңгеге ұлғаяды.

– Зейнетақы алушылардың арасында ең төменгі зейнетақы мөлшері еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда зейнеткерлер қанша алатын болады?

– Ондай жағдайда, яғни ең төменгі зейнетақы алушылар осы күнге дейін базалық зейнетақы төлемімен қоса 40441+24175 = 64616 теңге мөлшерінде зейнетақы алып келсе, алдағы жылы 7 пайыз есебімен 40441х7 = 43272 теңге, оған базалық зейнетақы төлемін қосқанда (43272+25384) = 68656 теңге болады. Зейнетақы 4040 теңгеге өседі.

– Жаңа жылдан бастап тағайындалатын зейнетақының ең жоғарғы мөлшерінің шегі туралы айтып өтсеңіз?

– 2021 жылдан бастап тағайындалатын зейнетақы төлемін есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғарғы мөлшері 134182 теңгемен шектеледі (2917 теңге АЕК х 46 еселенген). Осы табыстан есептелетін  зейнетақының ең жоғарғы мөлшері базалық зейнет­ақыны қоспағанда (134182х75 пайыз) = 100636 теңгені құрайды, яғни ең жоғарғы табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс.

– Мемлекеттік жәрдемақы алушылар үшін қандай мөлшерде өзгеріс болатынына тоқтал­саңыз?

– Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және тағы да басқа жәрдемақы алушылардың төлемдері жалпы 5 пайызға артады. Сонымен қатар №1, №2 Тізім бойынша (ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ, балалар жәрдемақыларының мөлшері айлық есептік көр­сеткіштің өзгеруіне сәйкес көбейтілген жәрдемақы ала­ды.

– Балалар жәрдемақысы туралы, яғни бала өмірге келгенде берілетін бір жолғы және бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәр­демақы мөлшеріне нақтырақ айтсаңыз?

– Бала өмірге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері бірінші-үшінші бала туғанда биылғы жылы – 105564 теңге болса, 2021 жылы – 110846 теңге, яғни 5282 теңгеге өседі. Ал төрт және одан да көп бала туғанда 2020 жылы – 175014 теңгеден 183771 теңге немесе 8757 теңгеге артатын болады.

Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшеріне тоқталсақ, тууы кезектілігіне байланысты: бірінші балаға – 16802 теңге, екінші балаға – 19865 теңге, үшінші балаға – 22899 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 25962 теңге жәрдемақы төленетін болып бекітілді.

Айта кету керек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер 5 пайызға көбейтілетін болады.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
01 желтоқсан 2020 ж. 704 0