Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі артты

Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі артты

Жергілікті халықтың көпшілігі әр ай сайын зейнетақы мен жәрдемақыны асы­ға күтеді. Әрине, отбасындағы мате­риалдық қажеттіліктерді өтеу барысында қаражат керек. Түрлі деңгейдегі жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері жыл сайын артып отырады. Еңбектің зей­нетін көрген жұртшылық ақшасының көбей­генін айтып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатады. Бұл ретте, зейнетақы мен жәрдемақыдағы өзгерістер мен саладағы өзгеде мәселелер жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік төлемдер бойынша Сырдария аудандық бөлім басшысы Сағидолла Еламановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Сағидолла Балтабайұлы, өткен айдан бастап, зейнетақы мен жәрдемақыға өзгерістер енгізілді. Өз кезегінде зейнетақыдағы өзгерістер жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, өткен айда зейнетақыда өзгерістер орын алды. Яғни, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына сәйкес, осы жылдың 1 сәуірден бастап АЕК 3180 теңге болғанына байланысты ең төменгі зейнетақы – 48032 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20191 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) 37389 теңге мөлшерінде белгіленді. Бұл ретте, 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 4%-ға алынған мөлшерінен артады. Жаңадан тағайындалған жасына байланысты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін кірістің ең жоғары мөлшері 2022 жылғы 1 сәуірден бастап 46 еселенген АЕК бойынша 146280 теңгеден аспауы керек.

Айта кетейік, ауданда жасына байланысты зейнеткерлер саны – 4135 адамды құрайды. Біздің мекеме ай сайын азаматардың зейнетақысын берумен айналысады. Түрлі жағдайға байланыс­ты мәселелер кездеседі. Барлығын ретімен заң аясында шешуге тырысамыз. ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңында көрсетілгендей, бес баласы бар ана кішісі 8 жасқа толған жағдайда 53 жастан жеңілдікпен зейнеткерлікке шыға алады.

– Әлеуметтік жәрдемақыда қандай өзгерістер бар?

– Біздің салада жәрдемақы түрі көп. Өз кезегінде барлық жәрдемақыға кеңінен тоқталған жөн. Алғашқы сауалда көрсетілген Заңға сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады. Ал №1, №2 тізімі бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақының бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толық толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақысы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері АЕК-ның ұлғаюына қатысты көбейеді. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарың жәрдемақысында өзгеріс бар. Мәселен, I-топтағы – 71787 теңге, II-топ – 57206 теңге, III-топ – 38885 теңге мөлшерінде азаматтарға жәрдемақы тағайындалады. Бұрын бала мүгедектігін 16 жасқа дейін белгілеп, 16 жаста науқастығына сәйкес топтарға ауыстырса, енді 7 жасқа дейін бала мүгедегі болып, 7 жастан бастап топтарға бөлінетіндігін ескерген жөн. Яғни 7 жасқа дейін – 52345 теңге, I-топ – 71787 теңге, II-топ – 59449 теңге, III-топ 44867 теңге болып белгіленді. Әскери қызмет атқару кезінде болған мүгедектерге I-топ – 105064 теңге, II-топ – 89734 теңге, III-топ – 75152 теңге. Мүгедек баланың күтіміне 52345 теңге төленеді.

– Алтын құрсақты аналарымызға жәрдемақының қандай түрі бар?


– Ауданымызда І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері – 66, «Алтын алқа» иегерлері – 313, «Күміс алқа» иегерлері – 693-і құрайды. Жалпы, аталған санаттағы аналарға 20352 теңге төленеді.

Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы түрін барлығымыз жақсы білеміз. Осы жәрдемақы бойынша бір балаға – 32155 теңге, екі балаға – 55710 теңге, үш балаға – 69170 теңге, төрт балаға – 73283 теңге, бес балаға – 75900 теңге, алты және одан жоғары балаға – 78891 теңге төленеді. Тұлдыр жетім бір балаға – 44120 теңге, екі балаға – 88239 теңге, үш балаға – 132358 теңге, төрт балаға – 176477 теңге төлеу көзделген. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы бойынша төрт балаға дейін – 120840 теңге, төрт және одан да жоғары бала туғанда – 200340 теңге беріледі. Бір жасқа дейін бала күтіміне бірінші балаға – 18317 теңге, екінші балаға – 21656 теңге, үшінші балаға – 24963 теңге, төртінші және одан да жоғары балаға –28302 теңге төленеді.

Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар, барлық көп балалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. 4 баласы бар отбасыларға – 50976 теңге, 5 баласы бар отбасыларға – 63728 теңге, 6 баласы бар отбасыларға – 76479 теңге, 7 баласы бар отбасыларға – 89231 теңге, 8 баласы бар отбасыларға – 101760 теңге, 9 баласы бар отбасыларға – 114480 теңгені құрайды. Бүгінде азаматтардың зейнетақысы мен жәрдемақысы қайта есептелуде. Жоғарыда көрсетілген қаражат мөлшері маусым айында төленеді.





Сұхбаттасқан Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 мамыр 2022 ж. 439 0