Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы мен жәрдемақы көбейеді

Зейнетақы мен жәрдемақы көбейеді

«2022­-­2024 жылдарға ар­нал­ған Қа­­зақ­стан Республи­касының бюд­же­ті туралы» Заңына сәйкес, 2022 жыл­дың 1 қаңтарынан бас­тап айлық есеп­тік көрсеткіш пен ең төменгі жа­лақы мөл­шері көбейетін болады. осы­ған байланысты, яғни Заңдағы өз­ге­рістер жөнінде «Азаматтарға ар­­налған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясы» КЕАҚ Қызылорда облы­сы бойынша филиа­лының әлеу­меттік төлемдер бойынша Сырдария аудан­дық бөлім басшысы С.Еламановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Сағидолла Балтабайұлы, 2022 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап елімізде жәрдем­ақы мен зейнетақы мөлшеріне байланыс­ты болатын өзгерістер туралы айтып бер­сеңіз?

– Жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлем­дерден айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жа­лақы мөлшері өсетін болады. Бұл Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауына байланысты жүзеге асып отыр. Атап айтқанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3063 теңге, ең төменгі зейнетақы – 46302 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 19450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 36018 теңге, ең төменгі жалақы – 60000 теңге мөлшерінде белгіленді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланыс­ты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7 пайызға арттырылады, ал базалық зейнетақы мөлшері жұмыс істеген өтіліне (барлығы 33 жылдан аспауы тиіс) сәйкес есептеледі. Қайта тағайындалған зейнетақыны есептеу үшін ең жо­ғарғы табыс 2022 жылы 46 еселенген айлық есептік көрсе­т­кіш, яғни 140898 теңге.

– Мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақы мөлшерінде қандай өзгеріс болады?

– Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, мемлекет­тік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады. Ал №1, №2 тізім бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақының бала тууы­на байланысты тағайындалатын және төленетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала 1 жасқа толық толғанға дейін оның күтіміне байланыс­ты мемлекеттік жәрдемақысы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюына бай­ланыс­ты артады.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жәр­­дем­­ақысына байланысты нақты тоқ­тал­­саңыз?

– Мүгедектігіне байланысты төленетін жәрдемақы да жа­ңа жылдан бастап өсетін болады. Атап айтар болсақ, I топ 69155 теңге, II топ 55108 теңге, III топ 37459 теңге алады. Бұрын бала мүгедектігін 16 жасқа дейін белгілеп, 16 жаста науқастығына сәйкес топтарға ауыстырса, енді 7 жасқа дейін бала мүгедегі болып 7 жастан бастап топтарға бөлінетінін айту керек. 7 жасқа дейін – 50426 теңге, I топ 69155 теңге, II топ 57269 теңге, III топ 43222 теңге болып белгіленді. Әскери қызмет атқару кезінде болған мүгедектерге I топ 101211 теңге, II топ 86444 теңге, III топ 72397 теңге беріледі. Ал мүгедек баланың күтіміне 50426 тең­ге төленеді.

– Арнайы Заңға сәйкес, І топ мүгедегіне күтім жасағандарға жәрдемақы қалай та­ға­йындалады?

– Мұны биылғы жылы енгізілген жаңалық деп айтуға негіз бар. 1999 жылы 5 сәуірде қабылдан­ған №126 «Қазақстан Республикасының арнау­­лы мемлекеттік жәрдемақы туралы Заңына» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2021 жылғы 12 қазандағы №67–VII Қазақстан Рес­публикасы Заңына сәйкес I топ мүгедегіне күтім жасағаны үшін күтушіге жәрдемақы таға­йын­далып төленеді. Осы уақытқа дейін аталған жәрдемақы тек мүгедектік себебі «бала кезінен» деп көрсетілген мүгедектерге байланысты болды. Енді мүгедектік себебіне қарамай барлық I топ мүгедектер күтушісіне төленеді. Жәрдемақы мөлшері күнкөріс деңгейінің 1,4 есесі, яғни 2021 жылы 48023 теңге болса, 2022 жылы 50426 теңге мөлшерінде тағайындалады.
– Асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін жәрдемақы мөл­шерін атап өтсеңіз?
– Асыраушысынан айырылуына байланыс­ты жәрдемақы бір балаға 30976 теңге, екі балаға 53667 теңге, үш балаға 66634 теңге, төрт балаға 70596 теңге, бес балаға 73117 теңге, алты және одан жоғары балаға 75998 теңге төленеді. Тұлдыр жетім бір балаға 42502 теңге, екі балаға 85003 теңге, үш балаға 127504 теңге, төрт балаға 170005 теңге болып белгіленді. Айта кететін тағы бір жаналық – бұрын жәрдемақы алушыға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының екі түрі тиесілі болғанымен тек бір ғана жәрдемақы алуға құқылы болса, алдағы жылдан бастап жоғарыда аталған Заңға сәйкес екі түрін алуға да құқылы. Яғни асыраушысы қайтыс болған алу­шының асырауындағы баласы мүгедек деп танылып, тек қана мүгедектік жәрдемақы алып отырса, енді асыраушысынан айырылуына байланыс­ты жәрдемақы да тағайындалып, төленеді.

– Бала туғанда берілетін бір жолғы жәр­­демақы мен төрт және одан да көп кә­мелетке толмаған балалары бар отбасыларына төленетін жәрдемақыдағы өзгерістер жөнінде тарқатсаңыз?

– Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы төрт балаға дейін 116394 теңге, төрт және одан да жоғары бала туғанда 192969 теңге төленеді. Бір жасқа дейін бала күтіміне бірінші балаға 17643 теңге, екінші балаға 20860 теңге, үшінші балаға 24045 теңге, төртінші және одан да жоғары балаға 27261 теңге алатын болады.
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқи­тын балалары бар, барлық көп балалы от­басыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. 4 баласы бар отбасыларға 49100 тең­ге, 5 баласы бар отбасыларға 61383 теңге, 6 баласы бар отбасыларға 73666 теңге, 7 баласы бар отбасыларға 85948 теңге, 8 баласы бар отбасыларға 98018 теңге, 9 баласы бар отбасыларға 110268 теңге тағайындалады. Айта кететін жәйт, көп балалы аналарға Алтын, Күміс алқа, Батыр ана, 1, 2 дәрежелі «Ана даңқы» орден иегерлеріне 19604 теңге төленеді. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем­дер 5 пайызға арттырылады.
– Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
21 желтоқсан 2021 ж. 589 0