ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТІРЕГІ
Жақында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі балабақшадан бастап мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейту мен оны дамыту мақсатында аудандық мәдениет үйінде бүлдіршіндер арасында «Тіл болашағы – балабақшадан» тақырыбында байқау өткізді. Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асырылған байқаудың негізгі бағыты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру айрықша серпін болып табылды.
Аудан көлеміндегі әрбір балабақшадан жиырмадан аса балғын қатысып, бақ сынады. Олар алғашқы кезең «Мен сүйікті балақан» бойынша әрқайсысы өздерін таныстырды. Ал, «Ана тілің – арың бұл» кезеңінде әрбір бүлдіршін елге танымал ақындардың өлеңін жатқа оқыды. Негізінен байқау барысында көпшілік ықыласына бөленген кейбір бүлдіршіннің даралануы заңдылық. Өйткені, ана тіліміздің болашағы жолында өз қабілетін шыңдай түскен олар келешегінен зор үміт күттіреді.
Байқау қорытындысында әділ-қазылар алқасы жеңімпаз бен жүлдегерді анықтап, арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ