Ән қалықтап, күй төгілді
“Сыр елі – жыр елі” деген тәмсілдің астарына үңілген әр адам бұл сөздің тегіннен тегін айтылмағанын түсінері анық. Жалпы Сыр өңірі талантты жазбай таныған, қияға қанат самғауына жол сілтеген киелі өңір. Ән мен жырдың бесігін тербеткен жас өнерпаздар аймақ атын, еліміздің мерейін өзге елдерге паш етіп, киелі өңірдің өміршеңдігін көрсетіп келеді.
Жақында аудандық әуез мектебі түлектерінің жылдық есеп концертіне шақырту алдым. Аудандық мәдениет үйінің іші лық толы. Осыған қарап, осынау өнердің қара шаңырағында қаншама талантты сырдариялық өрендер білім алып жатқандығын аңғаруға болар еді. Себебі, залдағының көбі сол өнерлі балалардың ата-анасы, ата-әжесі, бауырлары, туыстары.
Концерттік бағдарламаны “Тұғыры биік Тәуелсіздік” атты республикалық байқаудың, аудандық жас музыканттар байқауының лауреаттары Бейбарыс және Нұралы Бәкішевтер және баян сыныбының мұғалімі Индира Қодарова ашты. Мұнан кейін мектеп оқушыларынан құралған оркестр Құрманғазының “Балбырауын” күйін орындады. (Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Сансызбай Сәдуақасов).
Әрбір дәуірдің, әрбір тарихи кезеңнің өз үні, өз әуені, өз мақамы болған. Сол сипатына қарап кез келген әннің туған кезеңін дөп басып анықтауға болады. Музыканың тағы бір қасиеті – әуезділігі, көркемділігі, әсерлілігі. Бұл уақыт сынынан мүдірместен өтіп, біздің заманымызға келіп жеткен халық әндері мен күйлерінің барлығына тән белгі. Жазба мәдениеті қалыптаса қоймаған кезеңде автордың терең толғанысынан туындаған шығарма ел аузына ілігіп, ғасырдан-ғасырға ел жадында сақталған. Құрманғазының күйлері де сондай құлақтан кіріп, бойды алған, қанша тыңдаса да тыңдарманын жалықтырмайтын шығармалардың қатарынан.
Сахнада сондай-ақ “Жас толқын” өнер байқауының лауреаты М.Ертаеваның әуез мектебі хореография сыныбының даярлау бөлімінің кішкене бишілерінің, қобызшылар, скрипкашылар ансамблінің өнерін тамашалады. Ал, республикалық байқаулардың лауреаты Г.Ахметова Ықыластың “Жез киік” күйін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Балалар хорының орындауындағы “Азбука”, “Сен үшін Қазақстан” әні де сәтті орындалды. Республикалық “Жұлдызға жол” байқауының, республикалық “Жас толқын” байқауының лауреаты “Балауса” домбырашылар ансамблінің орындауындағы мимикалық күйлерден попури көрерменнен өз бағасын алды. Көпшілік қол соғып, оларға қошемет көрсетіп жатты. Қазақтың халық биінің бастауы қазақ хореографиясының прототиптері және зерттеушілері болған Ш.Жиенқұлованың, Л.Сарынованың, Д.Әбдірованың еңбектерінде ерекше сипатталады. Олар би дәстүрінің, билеу өнерінің ең алдымен қазақ халқының декоративті-қолданбалы өнерімен байланысты екенін анықтаған. Бертін келе би өнері әсемділіктің қарапайым жәй түрінен біртіндеп бейнелі би формалары туды. Бүгінде әуез мектебінің хореография сыныбының оқушылары сол Шара салған ізді одан әрі жалғап әкетті десек еш қателеспейміз. Оның түлектерінің алды республика аймақтарында, шетелдерде еңбек етіп жатса, ал әуез мектебінің түлегі Зере Айсина осы ұжымның белді мүшесі, мұғалім. Оның түлектері де республикалық байқаудың жеңімпаздары атанып үлгерді. Бұл жолы З.Айсинаның шәкірттері “Тарантелла” биімен көрермен көзайымына айналды. Бұрыннан өзіндік өнер жолы қалыптасқан “Тұмар” би тобының есімі аудан халқына етене жақын. Олар І республикалық “Қазақстан таланттары” өнер және білім байқауының жеңімпаздары.
Есептік концертте сонымен бірге А.Марданқызы, Д.Семенов әуез мектебінің түлектері Б.Қуанышұлы мен Б.Құдайберген өнер көрсетті.
Қалжан ахун ауылынан келген “Назкерім” би тобының “Айгөлек”, “Бозторғай”, “Ақ көгершін” байқауларының жеңімпаздары Р.Сейіткәрім, Е.Дүйсенбай, А.Темірбектің орындауындағы шығармаларда өнер сүйер қауымды бір сілкінтіп тастады.
Сонымен бірге Әуез мектебіндегі ұстаздардың көбі жастар. Биыл “Жастар жылы” болып белгіленуіне орай жас ұстаздардан құралған вокалдық топтың өнеріне жиналғандар айрықша құрмет көрсетті. Осы жерде өнерге ұмтылған бүлджіршіндерді біліммен сусындатып жүрген С.Сәдуақасов, М.Ысқақова, Ш.Нұрадинова, Р.Арғымбаева, С.Түгелбаева, Қ.Жүнісов, Г.Ешмұратова, С.Усманова т.б. ұстаздардың есімдерін мақтанышпен айтуға болады.
ХХ ғасырдың 20-шы жылынан бастап қалыптасу мен дамудың бастапқы сатысында мәдени-ағарту жұмысы мемлекеттік саясат ждәрежесіне көтеріліп, оны дамыту жолдары мемлекеттік деңгейде қолға алынғанын ескерсек, аудандық әуез мектебінің бүгінгі жұмысын сол бастапқы сатының сәтті де тәтті жемісі деуге негіз бар.
Өмірін өнермен, біліммен ұштастырған Ұлы даланың өнерлі өрендері қанатың талмасын дегіміз келеді.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ