Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » МУЗЫКА – АДАМ ӨМІРІНІҢ БӨЛШЕГІ

МУЗЫКА – АДАМ ӨМІРІНІҢ БӨЛШЕГІ


«Музыканы халық тудырады, ал біз, суреткерлер оны тек музыкалық аспаптармен орындауға бейімдейміз» деп орыс композиторы М.Глинка айтқандай адам өмірімен тығыз ұштасып жатқан музыка әлемі шексіз зерттеуді қажет етеді. Қашанда өнердің нағыз шыңына шыққан әрбір тұлғаның баспалдағы кәсіби білім беретін әуез мектебінен бастау алатыны белгілі. Аудан орталығындағы әуез мектебінде өнердің қыр-сырын меңгерген талантты кез-келген жас өрен үлкен өмірге қанат қағуда. бұрнағы күні аудандық әуез мектебінде «Ізденістен шығармашылық нәтижеге» тақырыбында облыстық семинар өтіп, оған бізде қатысқан едік.
Семинарды облыстық білім басқармасы, қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бас маманы Г.Ақмырзаева ашып, қазіргі таңда музыка саласында жиі көтеріліп жүрген мәселелер жөнінде айтты. Жалпы кәсіби маманның оқушымен жұмыс барысында тапқырлығы мен ұтқырлығы, ізденіске деген талпынысы алдыңғы орында тұратынын тілге тиек етті. Бұдан кейін аудандық әуез мектебінің жетістіктері, алдағы уақыттағы жоспары және оларды жүзеге асыру жолдары жөнінде мекеме басшысы М.Сәдуақас көпшілікке хабардар етті. Негізгі бөлім озық іс тәжірибе алаңында музыканың түрлі бағытында жұмыс жасайтын педагогтар шеберлік сабағын өткізді. Әуез мектебінің базасында бір сәтте музыканың жарқын дауысы естіліп жатты. Алғашқы кезекте аймақтың түкпір-түкпірінен келген музыка мамандары сольфеджио пәнінен бойынша «3/4» такт өлшемі» тақырыбындағы дәріске қатысып, оқушылардың деңгейін саралап көрді. Сабақты өткізген аталған пән мұғалімі С.Усманова. Ал, скрипка пәні бойынша «Смычокпен дыбыс» тақырыбындағы дәрісті Р.Арғынбаева өткізді. Өз кезегінде қобыз пәні бойынша «Штрихтармен жұмыс жасау» тақырыбында Қ.Қуанышова оқушыларға дәріс берді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық әуез мектебінің мұғалімі Д.Келжанов баян пәні бойынша жас мамандарға шеберлік сабағын ұйымдастырды. Өзара қарым-қатынысты нығайту және әуез мектептеріндегі орын алатын кез-келген мәселе жөнінде дөңгелек үстел барысында сала мамандары талқылады. Мұнда әрбір баланың шығармашылыққа бейімділігін саралап, шеберліктерін аттыру хақында жоспарлы жұмыс жүргізу тапсырылды. Кез-келген шығармашылық байқаудың маңыздылығына тоқталып, бала қабілетін ашуда оң ықпалын тигізетін байқауға жіберетін мүмкіндіктерді қарастыру жолдары айтылды.
Шара қорытындысында аудандық әуез мектебінің өнерпаздары «Өнерге қанат қаққандар» тақырыбында шығармашылық қонцерттік бағдарлама ұсынды. Мұнда әуелете ән айтылып, халықтық би қойылымы сахналанды. Түрлі аспапта ойнаған оқушылар жанды композиция орындады. Шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған ұжымға «Алғыс хат» табысталып, ұстаздарға арнайы «Сертификат» берілді.
Б.ОРДАБЕКОВ

15 ақпан 2019 ж. 1 411 0