Нақты шешімдер қабылдауға арналған маңызды жиын болды
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен жиында ел басқару ісіне жаңа буын мемлекет қызметшілері келіп жатқаны айтылып, халық таңдауына ие болу – зор мәртебе деп байыпталды. Тұрғындар сенім білдірген азаматтарға үлкен үміт артылатыны, ауылдың өркендеуі ел қуатының артуына қызмет ететіні айтылды.Ауыл әкімдерінің басын біріктірген диалог-платформа аясындағы панельдік сессияларда ауыл әкімдері орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, Парламент өкілдеріне аймақтардағы өзекті мәселелер туралы тікелей сауалдар қоюға мүмкіндік алып, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жастардың ауылда қалуына жағдай жасау бағыттарында пікір алмасты.
Мен де маңызды басқосуға әріптестеріммен бірге қатыстым. Мемлекет басшының қатысуымен өткен еліміз үшін аса маңызды іс-шараға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл басқосу ауылдың өзекті мәселелерін талқылауға, нақты шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаң болды. Күрделі шешімдерді қажет ететін мәселелерді министрлердің, Парламент депутаттарының назарына жеткізуге мүмкіндік алдық. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауылдың дамуы – аймақтың, ал аймақтың дамуы – бүкіл елдің өркендеуіне ықпал етеді. Сондықтан мен халық сайлаған өкіл ретінде ауылды кешенді түрде дамытуға, жаңа жобалар әзірлеуге, ауылға инвестор тартуға, ауыл жастарына қолдау көрсетуге бар күш-жігерім мен тәжірибемді жұмсаймын.
Мақсұт Қаратаев,
Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі,
«AMANAT» партиясының мүшесі









