Құрылыс қарқыны артуда
Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов депутаттармен қала аумағындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Алдымен «Көрме орталығы» құрылыс алаңындағы жұмыс барысы тексерілді. Бұл көпфункционалды ғимаратта көрме, жәрмеңке, конференция және концерт өткізуге мүмкіндік бар. Экспозициялық кеңістігі кең және ашық форматта жобаланған, қажетіне қарай көрме құрылымдарын жылдам орнату және ауыстыруға жағдай жасалған. Нысан бір уақытта 215 адамды қабылдай алады.
«Достық үйі» жақын арада пайдалануға берілмек. Ғимарат күннен қорғайтын сәндік панельдермен қапталған. Екінші және үшінші қабаттарда кеңселер, сондай-ақ холл, фойе, ресепшн, гардероб, 200 орындық үлкен зал, 60 орындық кофейня орналасады. Конференц-зал заманауи техникалармен жабдықталады.
Цокольді қабатта би студиясы, музыка және вокал кабинеттері, клуб, қоймалар, архив және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Бүгінде ішкі әрлеу және дизайнерлік безендіру, сондай-ақ сыртқы абаттандыру жүргізілуде. Жұмыстың 95%-ы біткен. Құрылыс алаңында 7 техника және 135 жұмысшы еңбек етуде.
Сондай-ақ, спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалардың бірі – сол жағалауда бой көтерген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Құрылысына 2,9 млрд теңге қаралған нысан «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынуда. Кешенде бір мезетте 131 спортшы жаттыға алады. Бірінші қабатта волейбол, екінші қабатта күрес және басқа да залдар орналасады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










