ЕСЕПТІК КОНЦЕРТ БЕРДІ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы» деп ұлттық мәдениетімізді сақтамай ешқандай жаңару болмайтынын айтқан болатын.
Жақында аудандық әуез мектебі өнерпаздарының «Өнерге қанат қаққандар» атты есеп беру концерті аудандық мәдениет үйінде өтті. Салтанатты шара ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дирижер Сансызбай Сәдуақасұлының жетекшілігімен Сейтектің күйі «Тойбастармен» сахна шымылдығын ашқан әуез мектебі оқушыларынан құралған ұлттық аспаптар оркестрі, күйді өз нақышында орындап, көрерменді тебірентті. Шараға сала мамандары мен ұстаздары және ата-аналар қатысты.
Шарада жас таланттар өз өнерлерін ортаға салып, көрермен ықыласына бөленді. Шымкент қаласында өткен VI «Жұлдызға жол» байқауының бас жүлде иегері «Тұмар» би тобының (жетекшісі Зере Айсина) бишілері «Қазақ биін» мың бұрала билесе, кіші буыны да қалыс қалған жоқ. VI «Жұлдызға жол» байқауының ІІ орын иегерлері «Тұмар» бишілер тобының орыс биі де сахнаға жан бітіргендей болды. Осы жерде шәкірт тәрбиелеу, оның жетістікке жетуі, биіктерден көрінуі ұстазға байланысты екенін айта кеткен жөн. «Сыр сазы» фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен, Алматы қаласында өткен V Республикалық «Атадан-мұра» байқауының бас жүлде иегері «Тұмар» бишілер тобы «Әшекей» биін Марат Сәдуақастың жетекшілігімен, жеке домбырада М.Кенжебаевтың сүйемелдеуімен биледі. «Тұмар» би тобының бүлдіршін бишілері де өнерден кенде емес екендіктерін көрсетті. «Қуыршақ», «Флеш моб» билерін билеп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Алматы қаласында өткен V Республикалық «Атадан-мұра» байқауының І орын иегері, Астана қаласында өткен IV халықаралық «Евразия пиано форум» байқауының ІІІ орын иегері Бақберген Қуанышұлы И.С.Бахтың «Трехголосная фуга», Алматы қаласында өткен V Республикалық «Атадан-мұра» байқауының бас жүлде иегері Даниил Семенов Шмитцтің «Микки Маус» туындыларын орындап қана қоймай, Шмитцтің «Оранжевые буги» шығармасында (жетекшісі Салима Усманова) фортепиано сынып оқушылары жоғары дәрежеде орындап көрерменнің жүрегіне жол тапты. «Бейбітшілік әлемі» атты халықаралық өнер фестивалінің бас жүлде иегері Аружан Жақсыбаева (ұстазы Сәрсенкүл Түгелбаева) фортепиано сүйемелдеушісі Салима Усмановамен бірге Л.Хамидидің «Романс» шығармасын орындады.
Шымкент қаласында өткен V Республикалық «Жұлдызға жол» байқауының ІІІ орын иегері «Балауса» домбырашылар ансамблі (жетекшісі Қуаныш Жүнісов), скрипкашылар ансамблі (жетекшісі Роза Арғынбаева), жеке дауыста Айгерім Үсенова (жетекшісі Мінәш Ысқақ) және Қайрат Сәтбаев ұлттық әндерді жанды дауыста нақышына келтіріп орындады. Есептік концерт хор орындауындағы Моцарттың «Азбукасымен», «Сен үшін Қазақстан» әнімен (жетекшісі Гүлзия Ешмұратова) қорытыланды.
Айдана МАРАТ