Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ

ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ


«Өнерлінің өзегі талмас» дегенді өмірлік ұстанымы еткен жас музыканттардың кәсіби біліктілігі қашанда сахна төрінде шыңдалады. Жеті нотаның құдіреттілігінен қуат алатын өнерпаздар шоғыры аудан көлемінде жетерлік. Кәдуілгі әлем және қазақ музыка саласының нағыз майталманына айналу үшін кез келген жас өрен өзі сүйген саланың негізгі элементтерін игеруге талпынысы шындап отыруы керек. Осы орайда бала бойындағы ұшқынды жарып шығаратын музыка мектептерінің үлес салмағы зор. Аудан бойынша шоғырланған әуез мектептерінің өнерпаздары Шіркейлі ауылдық әуез мектебінің базасында бас қосты. Мұндағы мақсат халық аспаптар бойынша өткізілген 52-ші жас музыканттар байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атану.
Аудандық байқауға қырыққа жуық өнерпаз келіп, домбыра, қобыз, баян аспаптары бойынша бақтарын сынады. Музыканың табиғатына сай халық аспаптарының өміршеңдігін дәлелдеген жас өнерпаздар шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Негізінен байқауда кіші топ 7-10 жас аралығы, орта топ 11-13 жас аралығы, үлкен топ 14-17 жас аралығы бойынша өнерпаздар сынға түскен болатын. Бұлардың кәсіби шеберлігіне ардагер ұстаз Сансызбай Сәдуақасұлы, Шаған әуез мектебінің директоры Өмірбек Сарыбаев, Сырдария әуез мектебінің директоры Марат Сәдуақас, Амангелді әуез мектебінің директоры Мейрамбек Абдуллаев, Шіркейлі әуез мектебінің директоры Темірбек Досжанов оң бағасын берді.
Байқау қорытындысында әр аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, облыстық кезеңге жолдама алды.
03 наурыз 2019 ж. 2 209 0