Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » » Жас таланттарға жол ашқан байқау

Жас таланттарға жол ашқан байқау

Сырдария ауданында мәдениет саласындағы балалар шығармашылығын дамытуға, жас өнерпаздың қабілетін шыңдауға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасын табуда. Осы бағыттағы маңызды іс-шара – «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «АРТ уақыт» жобасы аясында ұйымдастырылған «Таланттар топ жарды» аудандық өнер байқауы.

Байқаудың негізгі мақсаты – аудандағы мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары жанындағы үйірмелердің жұмысын жандандырып, балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, өнерге деген қызығушылығын қалыптастыру және дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету. Баланың бойындағы талантты ерте байқап, оны дұрыс бағытта дамыту – болашақта ел мәдениетіне өз үлесін қосатын өнерлі ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі.

Өнер додасына ауданның әр елді мекенінен 7-12 жас аралығындағы 28 жас өнерпаз қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Атап айт­қанда, ән үйірмесі бойынша 13, домбыра үйірмесі бойын­ша 6, көркемсөз үйірмесі бойынша 9 өнерпаз бақ сынады. Байқау барысында әр жанрдың өзіндік ерекшелігі ескерілді. Ән орындаған балалар еркін тақырыпта бір конкурстық ән орындап, дауыс мүмкіндіктері мен сахна мәдениетін танытса, домбырашылар қазақтың күй өнерінен өз шеберліктерін көрсетті. Ал көркемсөз жанрына қатысушы әр оқушы батырлар жырынан үзіндіні жатқа орындап, ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге өз үлесін қосты.

Байқауға төрелік еткен қазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет үйінің әдіскері Айляззат Сүлейменова, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, аудандық өнер мектебінің мұғалімі Абылайхан Қилымханов болды.

– «Таланттар топ жарды» байқауының атауының өзі өте мәнді. Шын мәнінде, бұл байқау арқылы біз тек үздіктерді анықтап қана қойған жоқпыз. Біз балалардың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті көрдік, олардың арманына қанат бітірдік, бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік жасадық. Мұндай іс-шара жас ұрпақтың шығармашылық ортасын қалыптастырып, ауданымыздағы мәдени өмір­дің мазмұнын байыта түседі. Балаға өнер үйрету – болашаққа инвестиция жасау. Өйткені өнерлі, мәдениеті қалыптасқан, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ұрпақ – елдің рухани тірегі. Осы орайда «АРТ уақыт» жобасы аясындағы «Таланттар топ жарды» аудандық өнер байқауы өз мақсатына толық жетті деп есептеймін.Жүлдеге іліккен балалардың барлығын шын жүректен құттықтаймын. Байқауға қатысқан әрбір баланың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өнердегі жеңіс тек жүлделі орынмен өлшенбейді. Сахнаға шығып, көпшілік алдында өз өнерін көрсету, қобалжуды жеңу, дайындығын көрсету – баланың өзі үшін үлкен жетістік. Сондықтан бұл байқауға қатысқан 28 өнерпаздың барлығы да марапатқа лайық деп санаймын, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Жасұлан Жәрменов.

Байқау қорытындысы бойынша ән жанрында асқар­лық Балнұр Серікболова І, шіркейлілік Айсана Серікбай ІІ, нағилық Мәншүк Тәуекелова ІІІ орын алды. Аспапта орындау жанрында асқарлық Ернар Нартай топ жарды, тереңөзектік Нұрәлі Әмірбек ІІ, шағандық Айзере Серік ІІІ орын иемденді. Ал көркемсөз жанрында қалжанахундық Жансұлтан Темірбекұлы І, шіркейлілік Мансұр Мешітбай, ІІ, қоғалыкөлдік Іңкәр Айқожа ІІІ орыннан көрінді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
22 қыркүйек 2026 ж. 74 0