Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әуелете салған ән қандай?!

Әуелете салған ән қандай?!

Жақында Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Бақытыңды жырлайды» атты аудандық әуесқой әншілер байқауы Қалжан ахун ауылдық клубында өтті. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «АРТ уақыт» жобасы аясында жүзеге асқан байқауда әрбір қатысушы мұзбалақ ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.

Тағылымға толы іс-шара ақын өмірі мен шығармашылығына арналған әде­би прологпен ашылды. Өз кезегінде ауылдық клуб жанындағы «Көркемсөз» үйірмесінің мүшелері қарымды қалам­гердің оқырман жүрегінен жол тапқан жырларын жатқа оқыды. Бұл ретте Қалжан ахун ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Бауыржан Көрпелдесов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жорабек Маханбет, еңбек ардагері Болат Дүйсенбаев ізгі лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Негізінен, байқауға ауданға қарасты бірнеше елді мекеннен келген 45 жастан асқан 13 үміткер бақ сынады. Олар ақынның әнге айналған сырлы да сазды әндерін тамылжыта жеткізді. Екі кезеңнен тұрған байқауда әуесқой әншілер еркін тақырыптағы әндерді де шырқады.

Ән байқауында төрелік еткен әділ қазылар алқасы орындаушылардың дауыс мүмкіндігін, сахналық мәдениетін және шығарманы жеткізу шеберлігін бағалады. Әділ қазылар құрамында аудандық мәдениет үйінің әдіскері Нағипа Нәденқызы, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі, ардагер ұстаз Рыскүл Шәріпжанқызы, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ақтоты Темірханқызы төрелік жасады.

– Жалпы байқаудың басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойын кеңінен насихаттау, оның әнге айналған шығармаларын дәріптеу, талапкерлердің өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайту. Бүгін сахнада жүрекпен айтылған әндерді тыңдадық. Әр қатысушының өзіндік үні мен ерекшелігі бар. Мұқағали – халқымыздың жүре­гінен орын алған, сезім мен шындықты жырлаған ақиық ақын. Қатысушылар ақынның өлеңдерінен өмірге деген махаббатты, туған жерге деген сағынышты, адам жанының терең толғанысын айқын сезіндіре алды, – деді әділ қазы алқасының төрайымы Нағипа Нәденқызы.

Байқау қорытындысында әділ­қазылардың шешімімен бас жүлдені тереңөзектік Жанар Күзембаева, І орынды қоғалыкөлдік Гүлмира Байдалиева, ІІ орынды аманкелділік Асылхан Жұмаділдаев, ІІІ орынды қалжан ахундық Жеңіскүл Тілеубергенова, шағандық Гүлмира Сәттібаева, нағилық Бақыткүл Шынымова ие­ленді. Барлық жеңімпаз, жүлдегер, қатысушыға арнайы «Диплом» мен «Алғыс хат», бағалы сыйлық берілді.

Айта кетейік, «Самғау» балалар хоры ақын сөзіне жазылған Бақтығали Жұмалиннің «Бақыт деген» әнін әсерлі орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар да көрермен қошеметіне бөленді.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА

24 ақпан 2026 ж. 250 0