Жыр дүлділі – Жамбыл
Өткен аптада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Қалжан ахун ауылдық әкімшілігінің қолдауымен, ауылдық клуб үйі «Жыр дүлділі – Жамбыл» тақырыбында аудандық онлайн жазба ақындар жас мүшәйрасын өткізді. Мүшәйраға ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен елді мекендерден 8 ақын қатысты.
Аудандық мүшәйраның бірінші кезеңіңде жас ақындар жыр жампозы Жамбыл Жабаевқа арналған өлеңдерін ұсынды. Ал екінші кезеңде жас ақындардың еркін тақырыпта жазылған өлеңдері сарапқа салынды. Поэзияның қыр-сырына қаныға түскен талапкерлер Жамбыл ақынның өмір жолы мен шығармашылығын, адами болмысын, қазақ әдебиетіндегі өзіңдік рөлін жырға қосты.
– Әлем таныған жыр алыбының шығармашылығы – қазақ халқының мол мұрасы. Ғасырлық ғұмырында мәңгілік өшпейтұғын артынан із қалдырды. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері арқылы қазақ жастарының бойында ұлтқа деген сүйіспеншілігі артып, патриоттық сезім қалыптасты. Ақынның ізгілік мұрасын жаңғырту мақсатында біздер онлайн жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырдық. Өз кезегінде жас ақындар жыр жампозын өлеңдеріне арқау етіп, белсенділік танытты, – дейді Қалжан ахун ауылдық клубының меңгерушісі Марат Қошық.
Әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені асқарлық Н.Серікбаева, І орынды шағандық Х.Сейілбек, ІІ орынды қоғалыкөлдік А.Кетебай, ІІІ орынды тереңөзектік Н.Еркінұлы мен ақжармалық А.Темірханова иемденді.Қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ