Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды

«Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Аудандағы Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицей ұстаздары биылғы оқу жылында мерейлі марапатқа ие болуда. Жақында мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Ким Ольга Николаевна «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мерейлі марапатты облыс орталығында білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов тапсырды.

Ұстаздық – жүрек жылуын, терең білім мен өлшеусіз мейірімді талап ететін ұлы мамандық. Ал бастауыш сынып мұғалімі болу – бала жүрегіне білімнің алғашқы шырағын жағып, жарқын болашағына берік негіз қалау деген сөз.

№36 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ким Ольга Николаевна «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, әріптестерінің қуанышын еселей түсті.

Бұл мәртебелі марапат – ұстаздың білім беру саласындағы қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесінің лайықты бағасы.

– Ольга Николаевна – шәкірттеріне білім нәрін сеуіп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен ізгілік қасиеттерін сіңіруге ерекше мән беретін ұлағатты ұстаз. Бастауыш сыныптағы білім – баланың болашақтағы барлық жетістігінің іргетасы. Осы жауапты жолда әр баланың қабілетін ашып, білімге деген қызығушылығын оятып, тұлға болып қалыптасуына үлес қосу – үлкен еңбек пен шынайы ұстаздық жүректің көрінісі. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі – жылдар бойғы ізденіс пен табандылықтың, мамандыққа деген адалдықтың және шәкіртке деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын белгісі, – дейді мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева.

Ұстаз жетістігі – ұжым абыройы, мектеп мерейі, шәкірт мақтанышы!

Мәртебелі марапат – ұстаз еңбегінің жемісі. Лайым отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен кәсіби табыс тілейміз!


Б.ЖАНӘЛІ
04 қараша 2026 ж. 63 0