«Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы музеймен танысты
«Руханият» орталығындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, жазушы-журналист, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ертай Айғалиұлы келіп, музей экспозициясымен танысты.Сапар барысында құрметті қонақ музей қорындағы тарихи жәдігерлерді тамашалап, ауданның өткенінен сыр шертетін құнды мұраларды көрді.
Сонымен қатар биылғы жылы атап өтілген қоғам қайраткері Алдаберген Бисеновтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ғасырлық ғұмыр – ұрпаққа өнеге» атты көрмені тамашалады.
Көрмеде тұлғаның өмір жолы, ел дамуына сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі мұрасы кеңінен насихатталған.
Ардақты азамат 1926 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген. Оның балалық және жастық шағы ел өміріндегі күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Қоғамдық өзгерістер, ауыл тіршілігінің ауыртпалығы жас жігітті ерте есейтті. Еңбек жолын жаңадан ұйымдасқан ұжымшарда табельші болып бастауы да оның қарапайым еңбек мектебінен өткенін көрсетеді. Еңбек адамды шыңдайды, ал жауапкершілік азаматты қалыптастырады. Алдаберген Бисенұлы жастайынан еңбекке араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен, тиянақтылығымен көзге түсті. Ол әр істің мәніне үңіліп, жұмысты нәтижелі атқаруға ұмтылды.
Есімі Қазақстанның «Құрметті Алтын кітабына» енгізілген. 1971 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Кеудесіне «Алтын Жұлдыз» медалі мен «Ленин» орденінің тағылуы – жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегінің, ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан өлшеусіз үлесінің лайықты бағасы.
Тағылымды кездесу тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудың, ұлттық руханиятты дәріптеудің маңызын айқындай түсті.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ










