Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырынан озық туған ақын

Ғасырынан озық туған ақын

Бұрнағы күні мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында байқау өткізілді. Шығармашылық байқау 3 бөлімнен тұрды.

Ең алдымен, байқауға қатысушылар «Әр өлеңі бір әлем» бөлімінде ақынның өлендерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар «Поэзия тұлпары» деп аталатын екінші бөлімде талантты оқушылар ақиық ақынға өлең жолдарын арнады. Ал үшінші «Есіңе мені алғайсың» бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді талабы таудай оқушылар әуелете шырқады. Әділ қазы­лар алқасының шешімімен өнермен сусындап, қабілетін шыңдап жүрген оқушылар үздіктер қатарынан көрінді. Ақиық ақынның шығармашылық әлемі кеңінен насихатталып, қаламгер хақында құнды деректер айтылды.

– Қазақтың сүбелі сөзінен нәр алған Мұқағали Мақатаев секілді ақындар бір ғасырда сирек кездеседі. Талай жүрекке нұр төгіп, талантымен оқырман қауымды таңдай қақтырған мұзбалақтың өмірі қысқа болғанымен, оның қалдырған мұрасы мәңгілік екені даусыз. Аудандық оқушылар үйі тарапынан балалар шығармашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте, бүгінгі байқаудың балалар үшін орны бөлек. Ақиық ақынға еліктеген жастар өлең шығарып, туындыларын әуелете шырқай білді. Ал өлеңдерін жаттаған оқушылар көрерменді тәнті етті, – дейді аудандық оқушылар үйінің директоры Мұрат Төлегенов.


Өз кезегінде байқау жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы «Диплом» табысталды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
20 ақпан 2024 ж. 120 0