Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иесі атанды

Сырдариялық ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иесі атанды

Ұстаздық – ұлы миссия, ал білім беру ісін басқару – зор жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті, табандылық пен парасаттылықты талап ететін мәртебелі қызмет.

Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Гүлзада Ешмұратова білім беру саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Мерейлі марапатты ардақты ұстазға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов тапсырды.

Гүлзада Жақсылыққызы – 25 жыл бойы №36 Ә. Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, білім сапасын арттыруға, оқу-тәрбие үдерісін жүйелі ұйымдастыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және мектептің білім беру ісін жетілдіруге сүбелі үлес қосып келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған, ұстаздық пен басқарушылық қызметті абыроймен ұштастырған білікті педагог.

– Гүлзада Жақсылыққызы – көп жылдар бойы басшылық қызметте жинақтаған мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті, әріптестеріне деген қолдауы мен мамандығына адалдығы – кейінгі буын педагогтерге үлгі. Бүгінде лицейіиізде биология пәнінен сабақ беріп, жинақтаған тәжірибесі мен білімін жас ұрпақтың игілігіне арнап келеді. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі – ұстаздың ширек ғасырдан астам уақыт бойы білім саласына сіңірген қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігі мен адал қызметінің лайықты бағасы, – дейді мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева.

Ұстаздың абыройы – ұжымның мерейі, ұстаздың жетістігі – шәкірт пен әріптестің мақтанышы.
Ардақты ұстазды мерейлі марапатымен құттықтаймыз!

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
04 қараша 2026 ж. 65 0