Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ұлт зиялыларының есімі ұлықталды

Ұлт зиялыларының есімі ұлықталды

Жақында аудандық мәдениет үйі мен «Тереңөзек жас­тары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Алаш зиялылары – ұлт рухының шамшырағы» атты көркемсөз оқу байқауы өткізілді. Алаш зиялылары қозғалысына қатысушылардың есімін ұлықтау мақсатында жүзеге асқан байқауға 8 талапкер қатысты.

Ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен бірнеше елді мекеннен келген өнерпаздар Алаш қайраткерлерінің шығармашылығынан туынды оқыды. Өз кезегінде сахналық қойылым арқылы ұлт зиялыларының өмір жолын дәріптеген бірқатар қатысушы да болды. Өнерпаздар қатарында шағандық Назым Тыныштық, шіркейлілік Абылай Маханбет, қалжанахундық Жарқын Ақылбекұлы, іңкәрдариялық Диас Дастанұлы, нағилық Жания Қаймолдаева, те­ре­ңөзектік Нұрәлі Замаддин, жетікөлдік Шариф Жарылхасын, қоғалыкөлдік Аяулым Балғабай болып, өнерлерімен көпшілікті тәнті етуге барын салды.

Байқауға қатысушылардың өнеріне Сырдария аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева, Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Айгүл Ахметова және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков төрелік етті.

– Біз бірнеше жылдан бері «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры арқылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау бойынша жобаны жүзеге асырып келеміз. Шын мәнінде, қазақ елінің болашағына алаң­даушылық білдірген ұлт көсемдері айдауға жіберіліп, нәубетті күнді бастан өткерген. Сырдария ауданында осындай жазадан құтыла алмаған қаншама адамның тағдыры зерттеуді қажет етеді. Жергілікті өлкетанушы Жәнібек Маханбет бастаған бір­қатар азаматтың зерттеу еңбегін биыл да «Зұлмат заман жаңғырығы» тақырыбында кітапша ретінде жарыққа шығармақпыз. Сонымен қатар ауданға қарасты 14 елді мекенді аралап, жергілікті халықпен кездесу өткізілген болатын. Арнайы лекция сағаты жүзеге асып, аудан тұрғындарына көп­теген мағлұмат беруге тырыстық. Бүгінгі көркемсөз байқауы аудандық қоғамдық даму бөлімінің арнайы жобасы негізінде ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта мұн­дай іс-шара легі жалғасын табады, – деді «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорының төрағасы Олжас Сүлейменов.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Аяулым Балғабай, І орынды Шариф Жарылхасын, ІІ орынды Жания Қаймолдаева, ІІІ орынды Замаддин Нұрәлі Олжасұлы мен Диас Дастанұлы иеленді. Барлық жүлдегер мен қатысушыға арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

13 желтоқсан 2025 ж. 91 0