Өлеңнің құдіретін сезінген ақын

Аудандық байқауға 8 талапкер қатысып, 2 кезең бойынша бақ сынады. Ең алдымен, өнерлі өрендер бірінші кезеңде ақын Балашбек Шағыровтың өлеңдерін жатқа оқыды. Екінші кезеңде олар елге танымал қаламгерлердің шығармаларын орындап шықты. Бұл ретте жетікөлдік Ләйлім Жарылқасын, шіркейлілік Нұрбек Ақылбек пен Абылай Маханбетов, қоғалыкөлдік Раяна Талғатқызы, ақжармалық Айғаным Асқарова, Қалжан ахундық Айтөре Камалов, асқарлық Азиза Саруарбек, Нағилық Ақбілек Бауыржанқызы өз өнерлерін көрсетті.
– Саналы ғұмырында өмірін өлеңмен ұштастыра білген әкеміз Балашбек Шағыров сыршыл ақын еді. Оның өлеңдері оқырман жүрегінен орын алып, бірнеше кітабы жарық көрді. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола жүріп, қаламын қолынан тастамады. Аудандық газетте жұмыс жасап, қоғамның өзекті мәселелерін көтерді. Шығармашылығы арқылы көпшілікке таныла білген ардақты азаматты ұлықтап, осындай тағылымы мол іс-шара ұйымдастырып жатқан іргелі ұжымға алғысымды айтамын, – деді ақынның келіні Ләззат Серікбаева.
Негізінен, Балашбек Шағырұлы 1940 жылы Ақжарма ауылында туған. Ол – 1964 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық Қызылорда институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Тереңөзектегі №35 В.Калинин атындағы мектепте мұғалім болудан бастаған. Аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, аудандық газетте жауапты хатшы, облыстық радионың аудандық бөлімшесінде жауапты редактор қызметінде болды.
Көркемсөз шеберлерінің өнеріне аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Нағипа Алданиязова, кітапханашы Ләззат Серікбаева қазылық етті. Іс-шарада аудандық кітапхананың №2 филиал кітапханашысы К.Бодыбаева кітап көрмесін ұйымдастырып, көпшілікке ақынның еңбектерін таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Абылай Маханбетов, ІІ орынды Ақбілек Бауыржанқызы, І орынды Айғаным Асқарова иеленді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом мен қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар ақынның ұрпақтарының атынан Балашбек Шағыровқа арнау арнаған жалынды жас Нұрсұлтан Сүйіндіковке арнайы сыйлық табысталды.
«Тт» ақпарат