Тәуелсіздік-елдігіміздің тұғыры, болашағымыздың кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жолы мен мемлекеттілікті нығайту бағытындағы жетістіктеріне тоқталуы ерекше мәнге ие. Президенттің «Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік» деген сөзі халқымыздың жүріп өткен жолын, азаттық жолындағы тарихи таңдауын айқын бейнелейді.Шын мәнінде, тәуелсіздік-халқымыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы, ұлттың өз тағдырын өзі айқындауға мүмкіндік алған тарихи кезеңі. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзіндік орны бар, саяси және экономикалық бағыт-бағдарын айқындаған дербес мемлекет ретінде қалыптасты. Мемлекеттік шекарамыз бекітіліп, ұлттық рәміздеріміз қабылданып, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық негіздері нығайды. Мұның барлығы-азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап жасалған батыл шешімдер мен халықтың бірлігінің нәтижесі.
Менің пайымдауымша, тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін оның бізге қандай мүмкіндіктер сыйлағанын терең сезінуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ бейбіт елде өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп, өз болашағын еркін жоспарлай алады. Бұл-тәуелсіздіктің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Сонымен бірге егемендікті сақтау мен мемлекеттілікті одан әрі нығайту әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпауымыз қажет.
Елдіктің беріктігі тек саяси дербестікпен өлшенбейді. Ол қоғамдық келісімнен, ұлттық бірліктен, заңға құрметтен, адал еңбек пен азаматтық жауапкершіліктен көрініс табады. Сондықтан жас ұрпаққа тәуелсіздіктің тарихын танытып, отаншылдық рухты қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені елдің болашағы-өткеннің өнегесін бағалай білетін, бүгінгі мүмкіндікті тиімді пайдаланатын және ертеңге сеніммен қарайтын ұрпақтың қолында.
Бүгінгі Қазақстанның алдында жаңа белестерді бағындыру, экономикалық әлеуетті арттыру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және халықаралық аренадағы беделін одан әрі көтеру міндеттері тұр. Бұл мақсаттарға жету үшін мемлекет пен қоғамның өзара сенімі, ортақ жауапкершілігі мен бірлігі қажет.
Тәуелсіздік-бізге тарих аманат еткен ең қастерлі құндылық. Оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа қуатты мемлекет ретінде табыстау-бүгінгі буынның басты парызы.










