Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Саз құшағындағы шаңырақ

Саз құшағындағы шаңырақ

Құт дарыған Сырдария ауданында ән мен сазды бір арнаға тоғыстырған «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблі өнердің биігінен түскен емес. Жыл сайын жергілікті халық алдында есеп беру кешін өткізетін ансамбль мүшелері жақында аудандық мәдениет үйінде «Саз құшағындағы шаңырақ» тақырыбында шығармашылық концерт ұйымдастырды. Оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шығармашылық концертте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданы­ның Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов бастаған ансамбль мүшелерінің жұмысын жоғары бағалады.

– «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблі 1998 жылы құрыл­ған болатын. Алғаш құрыл­ған жылы «ІІ Наурыз шапағаты» өнер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алғаны ел есінде. Міне, сол уақыттан бері ансамбль құрамы жасарып, жаңарып, толағай табыс­қа қол жеткізіп келеді. 2012 жылы «Халықтық» атағы беріліп, ансамбль ұжымының мәртебесі биіктей түсті. Өнер ұжымының орасан зор жетістікке жетуіне Сансызбай Сәдуақасұлының ең­бегі өлшеусіз. Қазіргі уақытта оның ұлы Талғат Сәдуақасов ансамбльге жетекшілік жасап келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.

«Балауса» халықтық би ансамблі «Қазақ» биімен кештің шы­мыл­дығын түрсе, лэд экраннан «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблі жө­нінде бейнеролик көрсетілді. Өз кезегінде ансамбль ұжымына аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ықылас гүлі табыс етілді.

Шығармашылық концертте ан­самбльдің және жеке орындауда бірнеше ән мен күй орындалды. Халық әндері мен елімізге белгілі композитордың жүректен-жүрекке жеткен туындылары көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Нұрай, Аружан, Қаламқас, Раяна Сәдуақас өнерімен жиналған жұртшылықты тәнті етті. Ансамбльдің жас мү­шелері Жандос пен Гүлжанат, Ғалымжан мен Ақмарал жанды дауыс­та дуэт ретінде ән шырқады. Білікті музыкант Марат, Бекзат, Талғат Сәдуақасовтар кештің шырайын келтіріп, қазақы өнердің мәйегін тарқатты. Ал үйдегі отанасы Қаншайым Ерғалиева келіндерімен бірге тағылымды тәрбиенің, инабат­тылықтың, әсем­діктің кө­рінісін көрсете білді. «Әлқисса», «Саранжап» күйлерімен бірге «Харарау», «Желсіз түнде жарық-ай» әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Баянмен орындаушылар блогы мен фортепианода ойнаған Жәния Сәдуақас өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеді.

– Сахна төрінде бірнеше аспаптың үндестік тапқаны көңіл­ге медеу сыйлады. Бұның артында қаншама еңбек жатыр. Музыка өнерін жетік меңгерген Сәкеңнің командасы әлі талай белесті бағындыратынына сенеміз. Бүгін халықтың қошеметіне бөленіп, өнерпаздардың мәртебесі тағы биіктей түскені қуантады, – дейді мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин.

Б.ОРДАБЕКОВ

26 тамыз 2025 ж. 309 0